Сәтбаев қаласында ұлы ғалымның құрметіне қойылған бір еңселі ескерткіш, бір мүсін бар. Қаладағы Кеншілер алаңына орнатылған ескерткіштің 2014 жылы қойылғанын көпшілік жақсы біледі. Ал мүсіннің қашан жасалғаны көмескілеу. Шамасы, 1984 жылы, ғалымның туғанына 85 жыл толу құрметіне орай жасалса керек. Бұлай дейтініміз...
Сәтбаев қаласының алғашқы әкімдерінің бірі, марқұм Серік Мәкенұлы Төрегелдин деген кісі болды. Ол осы мүсінге қатысты кезінде мынандай әңгіме айтқан болатын.
– Мен ол кезде Халық депутаттары қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы едім. Маған бір кісі телефон шалып, қаланың өндірістік аумағында орналасқан қоймалардың біріндегі ағаш жәшіктің ішінен Қаныш Сәтбаевтың мүсіні шыққаны туралы хабарлады. Дереу жетіп бардым. Шынында да, нән жәшіктің ішінде Қанекеңнің мүсіні тұр екен. Қашан, қайдан келгені белгісіз. Кейін білсем, Жезқазған тау-кен комбинатының басшылығы ғалымның мерейтойы қарсаңында тапсырыс беріп жасатқан көрінеді. Бірақ облыстық партия комитеті тарапынан қолдау болмаған соң, қалай әкелінді солай қоймада қалып қойғанға ұқсайды. Қайта құрудың желі есіп тұрғанын пайдаланып,мүсінді қоймадан шығарып, бірақ ешқандай сән-салтанатсыз қаладағы Қ.Сәтбаев көшесінің аяқ жағына апарып орнаттық. Арада бірер жыл өткен соң, нақтырақ айтқанда, 1989 жылы сол кездегі Жезқазған облысының басшылығы қалаға арнайы келіп, ғалымның туған күнінде, оның 90 жылдығы құрметіне мүсіннің салтанатты ашылуын жасап кетті, – деген еді С.Төрегелдин.
Тұғыры тапалтақтау келген мүсін көрер көзге қораштау көрінетін әрі орналасқан жері де көңілден шыға қоймайтын. Осыны ескерген қаланың бұрынғы әкімдерінің бірі Қанат Балмағамбетов биік тұғыр жасатып, мүсінді қала әкімдігі ғимаратының алдына әкеліп орнатты. Мүсіннің айналасы жайнаған гүлге толы қаланың төріне қойылғаны көпшілікті тәнті етті. Бірақ...
2014 жылы туғанына 115 жыл толуына орай қалада ғалымның еңселі ескерткішін орнату қолға алынды. Бұл ескерткіш әкімдік жанындағы алаңға қойылатын болды да, «екі бірдей ескерткіштің қатар тұруы жараспайды» деген ұйғарым жасалып, әкімдіктің алдында тұрған мүсін орнынан алынып, сақтау үшін тағы да әлдебір қоймаға апарып қойылды. Оның қайда апарып қойылғанына ешкім қызығушылық таныта қоймады. Тек 2018 жылы қаланың сол тұстағы әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысовтың бастамасымен мүсін қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы алаңқайға салтанатты жағдайда орнатылды. Бұл өте орынды болған еді.
Кезінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімін көлеңкеде қалдыру әрекеттері болғаны да тарихтан мәлім. Сол солақайшылдық оның өзіне ғана емес, мүсініне де салқынын тигізгені адам сенбес жағдай, бірақ ақиқаты солай. Уақыт алға жылжыды. Көп нәрсе орнына келді. Кезінде қоймадан табылған мүсін қазір халықтың ғалым рухына деген адалдығының белгісіндей қаланың орталығындағы академик Қ.Сәтбаев даңғылы бойындағы асқақ тұғырда менмұндалап тұр.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы