• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Сәуір, 2024

Зерделі заманға – зерек ұлт

125 рет
көрсетілді

Бұған дейін Ұлытау мен түркі әлемінің рухани астанасы Түр­кіс­­танда өткен Ұлттық құрылтай бұл жолы «Хан ордалы Сарай­шық­тың» іргесіндегі Атырауда өтті. Президентіміз жыл ба­сын­да «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Ұлттық құрыл­­тайдың ертерек өтетінін ептеп аңдатқан еді.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы Президент сөзін түйіндеп айтсақ қалай сипаттауға болады? Ұлттың бірегейлігі, ел-жұрттың топтасуы, жаңа қоғамдық әдеп. Еліміздің келешек келбетін «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымға сыйғызды.

Мемлекет басшысы осы жолы қоғамдық консолидация және жалпыұлттық құндылықтарды одан әрі дамыту жайына басым­дық берді. «Елдігіміз үшін аса ма­ңызды мәселе – халықтың береке-бірлігін сақтау. Себебі ын­ты­мағы жарасқан ұлт ешқашан ұтыл­майды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қай­мағы, ұлттың мақтанышы. Ел­дің тұтастығы зиялы қауымның бір­лігінен басталады. Яғни алды­мен ел ағаларының арасында ауыз­біршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» , деді Президент.

Демек, қоғамда «Аталы сөзге тоқтау» мәселесі орнығуға тиіс. Ал бұл қазір оңай емес. Белгілі бір мөлшерде біз қазақы ұғымдар мен ата-салтынан ажырап кеттік. Бұл күнде қанша бәсі зор, мағынасы мол болса да біреудің сөзін екінші біреу місе тұта бермейтін болды. Ел арасында сөзі өтімді абыз ақсақалдар жоқ емес. Алайда олардың қоғамдық мәртебесі көбірек күмәнді ойға жетелейді. Бәлкім, Өзбекстандағыдай ел арасында өте сыйлы, беделді, адал азаматтарды мемлекет есебінен Меккеге қажылыққа апару, осындай басқа да тәсілдер арқылы ақсақалдарды құрметтеу үрдісін жедел орнықтыру қажет.

Президент мемлекеттің ұлттық идеологиясын қалыптастыру, саяси-әлеуметтік салалар алдында тұрған аса маңызды міндеттер мен мақсаттарды айқындап берді. Елдің идеологиясы мықты болса, адамдардың өмір сүру сапасының жақсаруына себепші болады. Егер олардың тұрмыс деңгейі жоғары болса, әр азаматтың ынталы түрде жұмыс істеп, ел экономикасының көтерілуіне ықпал ететіні анық.

Қазіргі жедел өзгеріп жатқан әлемде жаңашылдыққа құмар болып, білімін жетілдіруге тырысуы керек. Әлемдегі IT технологияларды игеруге күш салу керек. Заман ағымына ілесе алмасақ, біздің ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сондықтан, ертеңгі күні елімізді басқаратын ұрпақ – жастар үшін жаңашылдық пен жасампаздық, бастамашылық ең негізгі шарттардың бірі болуға тиіс.

Құрылтай «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп аталды. Ал бұл үш таған кездейсоқ емес, табысқа жетуші елдің бас­ты критерийі. Себебі адам адал болса, адал еңбек етсе, адал табыс тапса мемлекетіміз дамып, еліміз өркендеп, әлемдегі озық елдердің қатарына қосылатынымыз кәміл.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары креативті индустрия­ны дамыту және жасанды интеллект ісін жүйелеуге қатысты Назарбаев университетінде, «Тіл-қазына» орталығында, Астана ІТ университетінде болды. Жасанды интеллект мүмкіндігін ертерек қамдап, мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне баса назар аудару керек. Осы арқылы егер еліміз супер-компьютерге қол жеткізсе, Қазақстан тек өзі үшін емес, сонымен қатар бүкіл түркітілдес елдерге жасанды зерденің қуаты мен қызметін кеңінен пайдалануға мүмкіндік алады.

Осы орайда Мемлекет басшысы «Экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес», деп атап өтті.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мәселесіне Президент биыл да тоқталды. Өйткені бұл – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Осының нәтижесінде қазір қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық деді мемлекет басшысы. Оның ішінде кітап басу ісі мен аударма мәселесі өзекті.

«Кейінгі кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұ­ғы­­рын нығайта береміз», деген Мем­ле­кет басшысының сөз ауа­ны­ның астарын көкірегі ашық азаматтар терең ұғынып отыр.

Президенттің «Мемлекеттік тілді ешкімді мәжбүрлемей дамытайық» деген пікір орынды айтылған. Тіліміз күнделікті қажеттілікке айналса, ертең-ақ тұғырға қонады, қазіргі мектепте білім алып жатқан балалар қазақ тілінде еркін сөйлейді, ал олар – елдің болашағы. Сондықтан тіл мен кітап бір-бірімен тығыз байланысты. Кітап – жан азығы, әсіресе қазақ тіліндегі кітаптарды оқу керек, біздің тіліміз өте бай. Биыл 1-2 наурыз күндері киелі Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және ин­новация» атты симпозиум­да тілге байланысты біраз нәрсе ортаға тасталып, талқыланды. Тіліміз дамысын десек, жастар қолын­дағы смартфонындағы ақпа­раттарға қарай бермей, бойына кітапқұмарлықты дамыту керек.

Қазіргі заман – тұрпаты бөлек заман. Бұл – зерделі заман. Ал зерделі заманға зерек ұлт керек. Бұл үшін жастардың жады мықты, оқығанды тоқи білу қасиеті орнығуға тиіс. Жаппай жастарды кітап оқуға баулу қажет. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында еліміздегі мәдениет ошақтары мен кітапхана ісі назардан қағыс қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта жүздеген кітапхана жабылды. Талай кітап қорынан айы­рылып та қалдық.

Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған Құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын айтқан Президент: «Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді.

«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек».

«Ойлы адамға қызық көп бұл жалғанда» деп қарайтын болсақ, жаңа ХХІ ғасыр қазаққа қарайласар ғасыр болмақ. Ұлттың ішкі қуатын дұрыс бағыттау керек болады бізге. Алдағы тірліктің бағыт-бағдары ұлтымызды замана талаптарына сергек қарайтын, бәсекеге қабілетті, аса зерделі һәм іргелі жұрт қатарына қосу ғана болмақ.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты