• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 11 Сәуір, 2024

Академик ардақтаған ұста

267 рет
көрсетілді

«Байман ұста Алтаяқұлына!Құрметті Байеке! Сіздің Аманкелді батырдың өзі және сарбаздары ұста­ған қаруларының түпнұсқасын жаңадан жасап жібер­геніңізге Қазақ ССР Ғылым Академиясы зор алғыс айтады. Бұл қару-жарақтар белгілі бір дәуірдегі қазақ хал­қының жауынгерлік мәдениет үлгісін бейнелейді. Мұ­ның қазіргі, Ұлы Отан соғысы кезіндегі маңызы да үлкен. Осы іске сіз бұдан былай да атсалысады деп сене­міз. Академия сізбен байланыс жасап тұрады. Сәлеммен – Қ.И.Сәтбаев».

1944 жылдың 28 маусымында жазылған бұл хат 1998 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Академик К.И.Сатпаев. Из писем и заметок» деп аталатын жинақта жарық көрген. Жазушы Медеу Сәрсеке Қаныш Имантайұлының 1950 жылғы 25 наурызда сол кездегі республика Әлеуметтік қамсыздандыру министріне «қарт жұмыскер, азаттық жолындағы күрескер Б.Алтаяқұлына тиісті деңгейде зейнетақы тағайындау туралы» өтініш білдірген хат жолдағаны туралы да жазады. Дара ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ықыласын өзіне аударған, риясыз құрметін иеленген Байман ұста Алтаяқов кім болған?

Мұның жауабын хаттың мәтінінен табуға болады. Біріншіден, ол қатардағы көптің бірі емес, Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан сарбаздардың қаруларын жа­сау­ға атсалысқан ұста болған. Екіншіден, сарбаздар қолданған қару­лардың түпнұсқасын қайта жасап, Қазақстанның Ғылым акаде­миясына өткізген. Ұстаның қолынан шыққан дүниелер­дің көңілінен шыққаны соншалық, Қанекең ризашылығын ­осы­лайша хатпен жеткізген тәрізді. Сонда ұстаға қару-жарақты қайта жасап шығару деген ой қайдан келді екен?

1946 жылы республикада ұлт-азаттық көтерілісінің 30 жыл­­дығын кең көлемде атап өту ұйғарылған, соған жан-жа­қты да­йындық жұмыстары жүргізілген. Қазақ КСР Ғылым ака­де­­миясының тапсырмасы бойынша Әлкей Марғұлан Қарсақ­байға Байман ұстаға арнайы келген. Әлекең ұстаға Қаныш Сәтбаевтың өтінішімен келіп отырғанын жеткізген. Қаныш десе Қарсақбайдың адамы түгілі қара тасы орнынан бір төңкеріліп түспей ме? Байман ақсақал жасының ұлғайып қалғанына қарамастан, қару-жарақтың түпнұсқасын жаңадан жасауға жан-тәнімен кірісіп кетеді. Нәтижесінде, кейін Қанекеңнің ризашылыққа толы хатын алып, құрметіне бөленеді.

Байман ұста құныс кісі болған. Сондықтан жүріп-тұруы қиындық туғызғандықтан, «Бұл еңбегіңізге не сұрайсыз?» дегенде «мотоарба» сұраған. Ұстаның өтінішін Қаныш Имантайұлы бақылауында ұстап, неғұрлым тезірек орындалуын қадағалаған.

– Көкем сол мотоарбаны алғанда кереметтей қуанды. Екі сөзінің бірінде «Қаныштың арқасы ғой» деп отыратын, – деп еске алады немересі Зейнеп Әбілбекова.

Тағдыр дегенді қойсаңызшы! Байман ұста 13 перзент сүйген, бірақ олардың көпшілігі жастай шетінеген. Құсайын деген баласы 21 жасында көкпар тартып жүргенде мерт болған. Ұлдан қалған жалғызы Базарбай 17 жасында соғысқа өзі сұранып аттанып, содан елге оралмаған, топырақ Ресейдің Смоленск облысынан бұйырған. Ақжібек есімді жалғыз қызының үлкені Зейнепті бауырына басып, тәрбиесіне алған. Зейнеп Әбілбекова – кен өндірісінің ардагері, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы. Жақсы адамның ұрпағы да өзіне тартып туғаны қандай бақыт! Қазір жасы 90-ға тақап қалған Зейнеп Әбілбекова Сәтбаев қаласында тұрады.

Байман ұстаның есімі « Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясына да енгізілген. Бірақ «туған-өлген жылдары белгісіз» деп жазылыпты. Ал қазақы жыл қайыру арқылы есептеп, ол кісі өзінің туған жылын 1870 жыл деп санайды екен. Ал өмірден озған уақыты – 1958 жыл.

Қарсақбай мыс зауытында ұста болып жүргенде Байман Алтаяқов Қаныш Имантайұлымен өте жақын араласқан.

Кезінде Амангелді батырға қару-жарақ соғумен айналысқан Байман ұста бейбіт уақытта қыз-келіншектерге сырға, біле­зік, жүзік т.б. бұйымдар, ерлерге шақша, таяқ жасап бере­тін болған. Ол әрбір затын өте бір әдемілікпен және шебер­лікпен жасаған. Мысалы, қолға ұстап жүретін таяқтың өн бойына әлдебір түймелер орнатқан. Солардың бірін басып қалсаңыз – тісшұқығыш, енді бірінен – тарақ , т.т. адамның тұтынуына керекті заттар шыға келеді екен. Ол Қаныш Имантайұлына да шақша істеп берген. Бұл шақшаны Қаныш Имантайұлы Ұлыбританияға барған сапарында ағылшындарға көрсетіп мақтанған көрінеді. Сүйектен жасалған шақшаның жиегін түрлі таспен әшекейлеп, бір бетіне айна орнатып, әбден көздің жауын алардай етіп жасаған ғой. Мұны көрген ағылшындар «Сіздің елде мұндай шеберлерді қайда оқытады?» деп сұрапты. «Сонда мен сіздің оқымағаныңызды айтып, ағылшындарды сендіре алмадым», деген екен Қанекең. Біз бұл әңгімелерді ұстаның немересі Зейнеп Әбілбекова тәтемізден естідік.

 

Ұлытау облысы