• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Сәуір, 2024

Сенатор отандық ұн тартушылардың банкроттан құтқарылуын талап етті

102 рет
көрсетілді

Еліміздің ұн экспорты төмендеп кетті, ал шетелге астық сату – өсіп барады. Ұнның орнына астық сатып алу және өз диірменін жұмысқа пайдалану шетелдіктерге тиімді екені даусыз. Ал бұдан отандық ұн тарту кәсіпорындары зардап шегіп отыр. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов өзінің депутаттық сауалында отандық ұн тартушылардың проблемаларын көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатордың айтуынша, былтыр бидай ұнының экспорты 23%-ға дейін төмендеген. Мұның бір себебі – Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға бидай мен ұнды бірдей шарттармен беріп отыр.

«Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның сыртқы нарықтарына бидай мен ұнды баршаға бірдей шарттармен береді. Біздің бидайды импорттап алатын елдер саудада тарифтік емес шектеу шараларын іске қосады, біздің ұн импортын тежей отырып, өздерінің өңдеу өндірісін дамытуға күш салады. Мысалы, Өзбекстанда әкелінетін бидайға 0%, әкелінетін ұнға 10% сараланған импорттық баж мөлшері салынады. Нәтижесінде Қазақстаннан Өзбекстанға ұн экспорты үш есе, 1 млн 300 мың тоннадан 420 мың тоннаға дейін төмендеді. Осы кезеңде бидай дәнінің экспорты 658 мың тоннадан 3 млн тонна болып, 4,5 есеге дейін өсті. Мұндай жағдай көршілес Орталық Азия елдерінде де қалыптасып отыр», деп атап өтті сенатор.

Еліміздің Ресейден келетін астық импортына енгізген тыйым салуы да жағдайды жақсартпады. Сенатордың пікірінше, соның салдарынан біздің нарыққа астықтың орнына ресейлік ұн қарқынды түрде келіп жатыр.

«Ресейлік арзан астық импортын тежеу мақсатында Қазақстан лицензияланған кәсіпорындар мен ұн тарту және құс шаруашылығы кәсіпорындарынан басқаларға автомобиль көлігімен және теміржол арқылы бидай әкелуге импортқа шектеу енгізді. Бұл жағдай Ресейден Қазақстан аумағына жаппай ұн әкелуге алып келді. Импорт көбінесе контрабандалық жолмен, салық төлемей және фитосанитарлық және санитарлық талаптарды сақтамай жүзеге асады», деді Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор ҚҚС қайтару, логистика, өтінім жоспарларын уақытылы келіспеу, жүк тасымалына конвенциялық тыйым салу енгізу, станциялардағы ұдайы кептеліс пен вагондардың жиналып қалуы мәселелерін атап өтті. 

Сенатор еліміздің ұн тарту саласының одан әрі құлдырамауын болдырмау үшін Үкімет басшысына автоматты түрдегі экспорт кезінде ҚҚС-ты оңайлатылған әдіспен қайтаруды, саудада Қазақстанға қатысты тарифтік емес және тарифтік шектеу шараларын жүзеге асырған елдерге дәл сондай шаралар енгізуді қамтамасыз етуді ұсынды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімнің өңдеуге тапсыратын көлемін субсидиялау тетіктерін әзірлеуі және теміржол тасымалында тасымалдаудың үздіксіз процесін шешуі, сондай-ақ «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша бірыңғай экспорттық құрылым құрылуы тиіс.