• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 15 Сәуір, 2024

Салдары сабақ болар су тасқыны

264 рет
көрсетілді

Күн райына байланысты елдің кейбір аумағында ағы­ны қатты өзендер арна­сынан асып, көлдер, су қоймалары әдеттегіден ерте тола бастады. Жауын-шашын мөлшеріне, тас­­қынның алдын алу іс-шараларына қарай бірнеше өңірде жағдай тұрақ­тал­ға­нымен, әлі де болса қауіп сейіл­меген өңірлер бар.

Су қоймаларындағы ахуал

Өңірлерде су тасқыны күшіне мінгелі 107 119 адам, оның ішінде 38 457 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Уақытша орна­ласу пункттеріне 7 414 адам, оның ішінде 3 173 бала орна­ласқан. Төтенше жағдай жа­рияланған аудандардан 9,3 млн текше метр еріген қар шығарылып, 1,9 млн қап және 1,2 млн тонна инертті материал төселген. Бүгінде авариялық-құтқару жұмыстарында 35 339 адам, 4 мыңнан аса техника, 14 әуе кемесі жұмылдырылған. Жедел іс-шараларға қарамастан Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке тұрғын үй, 1 264 аула және 2 035 саяжай үйлері су астында қалды деген дерек бар.

Президент тапсырмасымен Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру бойынша ке­шен­д­і жоспарын әзірлеген. Онда 57 жаңа су қоймасын салу, 133 гидротехникалық құры­лыс­ты, 7 мың шақырымнан аса ирри­га­циялық жүйені және 1 200 шақырым топтық су құбырын жаңарту жайы қарастырылыпты. Кешенді жоспардың ауқымды екенін ескерсек, алдағы мақсат-міндеттер мерзімінен кешікпей орындалса дейсің. Себебі биыл қолайсыз ауа райының салдарынан елдегі бірнеше су қоймалары кемеріне келіп қалды. Келер жылы да күн райы құбылып, көк­­тем жауын-шашынды болса ше? Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Мөлдір Әбдуалиева су қоймаларына қа­тыс­ты нақ қазіргі ахуал туралы бас­пасөз мәслихатында тарқатып айтып берген еді.

– Ақмола облысындағы екі ірі су қоймаға 99% су жиналған. Онда қазір су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, ахуал тұрақталды. Жабай өзенінің ағыны қатты бол­ған­дықтан, Атбасарды су басты. Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы 2 ірі су қойма 100% толды. Тасқын тоқтаған жоқ. Петропавл қаласының шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1 176 см. Бір тәулікте бұл 138 см-ге көтерілді. Жағдай күр­делі. Мамандар су өткізу іс-шара­ла­ры­на белсенді араласып жатыр, – дейді М.Әбдуалиева.

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қойманың орташа су жинау көрсеткіші 97%-ды құрайды екен. Өңірдегі жағдайды тұрақты деп айтуға болады. Шығыс Қазақстан облы­сында екі ірі су қоймада орта­ша су жинау көрсеткіші – 79%. Абай облысындағы Шүлбі су қоймасы 95% толған. Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасы 73% толыпты. Ал Қара­ған­ды облысында 3 ірі су қой­масы 99% тоғанымен, абырой болғанда қазір өңірде су тасқы­ны­ның қауіпті кезеңі аяқта­лыпты. Яғни жағдай тұрақты деп айтуға болады. Қостанай облысындағы жағдай да тәуір. Ондағы екі ірі су қойманың орташа су жинау көр­сеткіші 92%-ға жетіп, тасқын­ның белсенді кезеңі артта қалған.

 

Нысандар қалпына келеді

Бірер күн бұрын Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру іс-шараларын таныстырды. Ми­нистрлік тұрғын үйлерді жедел әрі тиімді қалпына келтіру жұ­мыс­тарына кірісу үшін су ас­тында қалған нысандарды тех­ни­калық тексеруге, бағалауға ерекше назар аударады. Бұл жө­нінде министрліктің ресми өкілі Меруерт Ибраева баспасөз мәс­ли­хатында хабарлады.

– Бұзылған тұрғын үй жөн­деуге келсе, оны мердігерлер жөн­дейді. Құрылыс-жөндеу жұ­мыс­тарын қаржыландырудың тетіктері айқындалды. Тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылған жағдайда типтік жоба бойынша жаңа тұрғын үй салынады. Төтенше жағдай туындау қаупіне байланысты тұруға жол бермеу туралы шешім қабылданған объек­тілер үшін мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан тұрғын үй беру жайы қарастырылады. Аза­мат­тарға қолайлы болуы үшін жаңа тұрғын үй аудандарына инфра­құрылым үйлермен қатар салынатынын атап өту ма­ңызды, – деді спикер.

Үкімет қаулысымен су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қос­та­най облысының Арқалық қаласының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге төтенше резервтен 405 млн теңге бөлініпті. Қаражат 2024 жылға арналған рес­публикалық бюджетте көз­дел­ген Үкіметтің төтенше резер­ві­нен бөлінеді екен. Бүгінде Арқалық және облыстың басқа да елді мекендерінде үйлерді тек­серу жұмыстары жалғасып жат­қан көрінеді. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат бөлінеді. Бекітілген ережелерге сәйкес, Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистр­лігі жылжымай­тын мүлік құнын өтеу бойынша Төтен­ше жағдайлар министр­лі­гімен қатар басқа да тиісті органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Су астында қалған нысандарды қал­пына келтіру жұмыстарының жал­пы жоба-жоспары – осындай. Ал мұның нәтижесі қалай боларын кезі келгенде біле жатармыз.

 

Мал шығыны өтеледі

Су басқан өңірлерде 102 мың бас ауыл мал қауіпсіз учаскелерге кө­шірілген. Зиянды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссия жұмысынан кейін 6,8 мың бас мал су тасқынынан өлгені расталса, оның 75%-ы ұсақ мал деседі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген малды жинап, жою жұмыстарын үзбеген. Мысалы, нақ қазір су басқан өлкелерде өлген малдың 96%-ы жойылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және зардаптарды жою жөніндегі республикалық штаб өлген мал­дың құнын өтеу алгоритмін бекіт­­ті. Су тасқынынан мал шығынына өтемақы алу үшін төрт түлік­тің қожайындары жергілікті ко­мис­сияларға жүгініп, залалды акті­леу қажет. Сосын өтемақы мөл­­­шері малдың нарықтағы құны­­ның деректері негізінде ай­қын­далады.

«Қазгидромет» РМК маман­дарының болжамынша, 13-19 сәуірде ел аумағының басым бөлі­гінде ауа райы тұрақсыз, жауын-шашынды болады. Елдің сол­түстік-батысында, солтүс­ті­гін­де, шығысында, орталығында түндегі жаңбыр қарға ұласады. Мұндай қолайсыз ауа райын 14-15 сәуірде Ұлытау, Ақтөбе, Сол­түс­тік Қазақстан облыстарында, 14-16 сәуірде Қарағанды облысында, 14, 17 сәуірде Қостанай облысында, 15-16 сәуірде Ақмола, Пав­лодар облысында, 16-19 сәуір Шығыс Қазақстан облысында қайталануы мүмкін.

Толассыз жауған жауын елдің батыс аймағында, солтүстік-баты­сында, оңтүстігінде 17 сәуір­ден бастап сейілсе, республиканың сол­түстігінде 19 сәуірден бастап жауын тоқтайды деген болжам бар.

– Атмосфералық фронтальды бөлімдер еліміздің көп бө­лі­гінде жаңбырлы ауа ра­йын тудырады. Салдарынан жел соғып, оңтүстіктің таулы ай­мақ­тарында жаңбыр молынан жауады. Елдің сол­түстігі жауын-шашынды бола­ды. Тек республиканың шығы­сын­да антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашын түспейді деген болжам бар. Жалпы, алдағы күндері елдің бірнеше өңірінде найзағай ойнап, тұман түседі. Ал елдің оңтүстігінде жел күшейеді деп күтіліп отыр, – дейді «Қаз­гидромет» РМК баспасөз хат­шысы Алина Исмагулова.

Кейінгі ақпараттарға зер салсақ, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 5 дабылды гидрологиялық ескерту жарияланған. Атап айтқанда, Ақмола облысы Балқашын ауы­лындағы Жабай өзенінің гидро­логиялық бекетінде су дең­гейінің 4 сағат ішінде 27 см көтерілуі байқалады. Державинск қала­сын­дағы Есіл өзенінің гидро­логиялық бекетінде де су дең­гейінің әжептәуір көтеріліп, қауіпті деңгейден 15 см-ге асқан. Шығыс Қазақстан, Абай об­лыс­­тарының аумағында 14-18 сәуірде температуралық фонның жоғарылауына, 16 сәуірден бас­тап жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі жауын-шашын болжамына және қардың еруіне қарай өзендердегі су деңгейі көтеріледі деген қауіп бар.