• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2015

Жекешелендіру жемісін беруі тиіс

1218 рет
көрсетілді

*Биылғы бедерлі белестер Тарих қойнауына қатталған өткен жылдан бастап еліміз қолға алған маңызды шаралардың бірі – жекешелендіру. 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бағдарламасы бүгінде алғашқы кезе­ңінен өтіп, алдағы жылда нағыз қызу ширегіне жеткелі тұр. Ендеше, 2015 жылдың еншісіндегі еліміз еңсерер маңызды міндеттердің бірі осы бағдарлама болмақ. Соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлікке барынша жағдай жасалып, жеке кәсіпорындар жұмысын жақсартуға жол ашылып  жатқаны рас. Бұрынғыдай мемлекеттің ғана аузына қарап отырмай, заман талабына сай әркім өз бетінше іс ашып, жеке шаруасын дамытып әкетсе деген мақсат бұл. Қазіргі күні елімізде бас­талып кеткен жекешелендіру мақсаты – мемлекеттің  «иығына мініп» отырған көп кәсіпорынды жекенің жетегіне беріп, жұмысын жандандыруға ықпал ету. Себебі, қазір бәсекелестік заманы. Мемлекет бюджетін бүйірден кеміріп, мамыражай отыра беруге болмайды. Мүмкіндігінше мемлекеттік кәсіпорындар санын азайтып, олардың көпшілігін жекенің қолына өткізу керек. Сонда олар  өзі үшін жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті болмақ. Ал жекешелендірудің екінші толқыны нәтижесінде халыққа ұсынылатын қызмет сапасы да жақсара түспек. Өйткені, жеке секторда үлкен нысандар пайда болып, бизнес те осы бағытқа жұмылады деп күтілуде.  Сайып келгенде, осы науқан ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында айрықша атап өтті. «Бұл отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін жасалатын прин­ципті маңызды қадам», «Бұл ұлттық байлығымызды халықтың қолына таратып беру», деп түсіндірді Елбасы. Жекешелендіру – меншікті мемлекет иелігінен алу бағыт­тарының бірі,  ал оның мәні – меншікті жеке және заңды тұлғалардың жекеменшігіне беруде. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру – азаматтар мен акционерлік қоғамдардың мемлекеттен және жергілікті билік органдарынан, кәсіпорындарды және олардың кәсіпорындар ретінде бөліп шығаратын бөлім­шелерін, кәсіпорындардың материалдық және материалдық емес активтерін, акционерлік қоғамдарының капиталындағы мемлекет пен жергілікті билік органдарының үлестерін, жеке­шеленетін кәсіпорындардың басқа кәсіпорындар капита­лындағы үлестерін меншікке алуын білдіреді. Мұнда бастысы елімізде қомақты бос жатқан қаржысы бар адамдарға мемлекет меншігін алуға мүмкіндік беріледі. Бұл жерде отандық кәсіпкер болсын, қарапайым адам болсын, елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық өзгерістердің белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Сөйтіп, жаңа бизнес-саясаттың үлкен мүмкіндіктерін мүлт жібермей пайдалануы керек. Себебі, аталған бағдарламаның негізгі мақсатының өзі – қара­пайым азаматтарды қор нары­ғына тартып, бағалы қағаз­дарға инвестиция салуды жан­дандыру. Сонымен қатар, бұл жекешелендірудің арқа­сында қазірде мемлекеттің қал­тасына қарап отырған, осылайша мемлекеттің қаншама қаржысын иемденіп, оны не игере алмай, не ұқсата алмай отырған компаниялардың саны азаяды. Мәселен, республика бойынша бюджеттен қаржыландырылатын, бірақ мемлекеттік кәсіпорын саналмайтын ұйымдардың бірден 782-сін бәсекелестік ортаға тапсыру, тағы 380 ұйымын қайта құру немесе жою көзделуде екен. Шамамен 850 нысан жеке секторға өтпек. Мұның өзі мемлекет қаржысына қаншама үнем болары анық. Жекешелендіру дегенде, бұл – жерде мемлекет барлығын тұтастай жекенің қолына ұстата салады деген сөз емес. Тек екшелеп, зерттеп, таразылап барып, бақылау пакетінің қандай да бір бөлігін мемлекет қарамағында қалдырып осындай қадамға барады. Жекешелендіру аясында жеке тұлғаның қолына өткен нысандар 5 жыл мемлекет бақы­лауында болады. Қазір еліміз сауда-саттықтың жаңа нысанына көшті, бұл нысандардың одан әрі пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік бермек. Яғни, сату-сатып алу келісімшартына қол қойылғаннан кейін, олар сатушы орган тарабынан бақыланатын болады. Демек, республикалық меншіктің, әкімдіктердің немесе ұлттық компаниялардың нысандарына қатысты келісімшарттағы міндеттемелері орындалмайтын болса, онда шарт жойылып, мүлік қайтарылады. Өтпелі экономика жағдайында меншік қатынастары түрлі өзгерістерге ұшырайды. Бұл өзгерістер мемлекет қарамағынан алу және жекешелендіру үдерістерімен байланысты. Айталық, әлемдік экономикада мемлекеттік меншік пен оның қызметтерін жеке секторға толық және жарым-жартылай өткізіп берудің 22 түрлі тәсілі бар екен. Ол әртүрлі ұзақтықта болады. Мәселен, Жапонияда ол – 10 жыл, Батыс Еуропада 10-15 жыл бойы жүргізіліпті. Ал Қазақстандағы 10 жылдағы мемлекет  иелігінен алу және жекешелендіру үдерісін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады, дейді мамандар.  Мұның басы 1991-1992 жылдар аралығы, яғни Қазақстанның тәуелсіздік алу кезеңіне тұспа-тұс келеді. Бұл кезеңдегі жекешелендіру үдерісінің негізгі бағыты мем­ле­кеттік орталықтанған – жос­парлы экономикадан нарықтық экономикаға өту үшін жағдай жасау мақсатында кең ауқымда реформалау болған. Ол кәсіп­орындарды олардың еңбек ұжымдарының ұжымдық немесе акционерлік меншігіне жеңілдетілген талаптармен беру және сауда мен қызмет көрсету нысандарын сату, соның ішінде тұрғын үй купондарын сату жолымен жүргізілген болатын. 2-кезең 1993-1995  жылдарды қамтиды. Бұл кезең Президенттің 1993 жылғы 5 наурыздағы Жарлығымен бекітілген «Қазақ­стан Республикасындағы 1993-1995  жылдардағы мемлекет иелігінен алу және жекеше­лендірудің ұлттық бағдар­лама­сына» сәйкес жүзеге асырылды. 3-кезең 1996-1998  жылдар аралығын қамтыған. Бұл кезең бағдарламасының басты мақсаты жекешелендіру үдерісін аяқтау жолымен ел экономикасында жекеменшік секторлардың басымдылығына қол жеткізу және оны бекіту болған. 4-кезең 1999 жылғы 1 мау­сымдағы  қаулысымен бекітілген «1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру бағдарламасына» сәйкес жүзеге асырылды. 4-кезең бағдарламасының бас­ты мақсаты – жекешелендіру мен мемлекеттік мүлікті басқа­рудың құқықтық негіздерін жетілдіру, есепке алуды жақсарту, басқарудың тиімділігін жоғарлату және мемлекеттік мүлікті кон­курстық және трансферттік негізінде қамтамасыз ету болды. Енді, мамандар тізбектеген деректерге сүйенсек, бұл жылдары мемлекеттік мүлік комитеті мен оның облыстық бөлімшелері 34,5 мыңнан астам мемлекеттік меншік нысандарын, соның ішінде 1991-1992 жылдары 6,2 мың нысанды купондарға және Ресей рубльдеріне жекешелендірген, 28 мыңдай нысан 1993-2000 жылдары ұлттық валюта енгізілгеннен кейін жекешелендірілген. Биылғы жекешелендіруді елімізде жекешелендірудің екінші толқыны деп атап жүр­міз. Шыны керек, бірінші  толқында енді ғана құрылып жатқан қазақстандық бизнес орта жекешелендірудің тиімді тұстарын толықтай игере алмаған екен. Осыны ескерген Елбасы өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Үкіметке жеке­шелендіру үрдістерінің барынша дұрыс әрі елге тиімді етіп ұйымдастырылуын қатаң тапсырды. «Қателіктерге бой алдырмаңдар. Жекешелендірудің бірінші кезеңі қалай өткені белгілі, кімде билік болса, сол өзі таратып, өзі иеленіп кете берген. Қазір соның салдарынан заңсыз берілген жерді де, мүлікті де қайтарып алуға дейін барып жатырмыз. Бұл жағдай енді қайталанбауы керек. Бұл ретте, біріншіден, мемлекет бизнес­тен кетеді, екіншіден, бұл нысандардың барлығы нарық­тық ортаға өтіп, іскерлік орта­ның белсенділігін арттырады. Жекешелендіру тиімді жүргізіліп, нысандар жақсы қолға өтсе, экономика да жеңілдеп, бюджетке де қаражат құйылады. Бұл – аса маңызды шара», деді Н.Назарбаев. Қазіргі күні маңызды шараның алғашқы қадамдары жасалды. Яғни, жекешелендірудің екінші толқыны басталып та кетті. Ал тиісті нәтижесін уақыт көрсетеді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».