Елімізде су деңгейі әзірге ала-құла. Әсіресе солтүстікте жағдай әлі де күрделі. Кей жерлерде су деңгейі түскенімен, Жайықтың Ресейден келетін арнасы алаңдатып отыр. Қыр астында қызыл су барын күн бұрын бағамдаған ел қауіптің алдын алуға жұмыла қам-қарекет қылып жатыр. Алайда мамандарды негізгі елеңдетіп отырғаны су тасқынының екінші толқыны.
Жедел іс-шаралар жөні
Су тасқыны кезінде ұзын-саны 107 465 адам, оның ішінде 38 627 бала қауіпсіз жерге көшірілсе, 11 786 адам үйіне оралды. Уақытша орналасу бекеттеріне 7 598 адам, 3 288 бала орналасты. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, авариялық-құтқару жұмыстарында 32 484 адам, 3 709 техника, 14 әуе кемесі жұмылдырылған. Тасқынның жолын қолдан келгенше бөгеп, арпалысқанмен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 4 870 жеке тұрғын үй, 1 517 аула, 2 035 саяжай су астында қалған. Осы аралықта «Жедел желіге» 1 667 қоңырау түссе, мамандар 123 азаматқа шұғыл психологиялық көмек көрсетті.
Қазір 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істесе, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 төтенше жағдайлар қызметінің маманы жедел қызметке жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі су басқан өлкелердің тұрғындарын аса мұқият болуға, тасқын кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, үйден, эвакуациялау пункттерінен рұқсатсыз кетпеуге шақырып, ескертеді.
Бүгінде су астында қалған өңірлерде 66 медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Онда медицина мамандары мен психологтердің кезекшілігі ұйымдастырылған. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қоры жеткілікті. Төтенше жағдай режімі жарияланған барлық өңірде 309 жүкті әйелдің денсаулығын дәрігерлер бақылап отыр. Осыған дейін су басқан аймақтарда 253 әйел босанған. Эвакуациялық пункттерде 5 300-ге жуық бала бар болса, оның ішінде 71 бала стационарлық көмек, 87 бала амбулаториялық ем алады. Осындай пункттерде медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін 1 116-дан аса медицина қызметкері, оның ішінде 278 дәрігер, 838 мейіргер, 79 психолог тартылған. Санитарлық-эпидемиялық бақылау мақсатында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде ауызсу сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді.
Шығындардың орны толады
Су тасқынынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топтар құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қалпына келтіруге қатысты шаруаларды үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған бірінші жедел топ бірер күн бұрын ғана Ақтөбе облысына барған. Министр ізінше Ақмола және Қостанай облыстарына да сапарлауды жоспарлапты. Ал Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбеков бастаған 2-жедел топ Павлодар, Абай облысына барған. «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қуандық Қажкенов жетекшілік еткен 3-топ Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанып, жалпы ахуалдан хабар алды. Жедел топтың құрамында Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері, Үкімет аппаратының аймақтық инспекторлары да бар. Мысалы, олар Ақтөбе облысына жасаған сапарда су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй салуға деп әкімдік бөлген жер телімдерінің жай-күйін тексерді. Әкімдік таратқан ақпарат бойынша бойынша өңірде 436 дайын жер бар. Оның ішінде Ойыл ауданында – 321, Қобда ауданында – 77, Әйтеке би ауданында – 22, Темір ауданында – 10, Ақтөбе қаласында 6 жер бар екен. Қанат Шарлапаев өңірлерде жергілікті кәсіпкерлермен, құрылыс компанияларының басшыларымен кездесуді ұмытпай, қалпына келтіру жұмыстары бойынша жоспарларды талқылаған.
Ескертуді елеусіз қалдыруға болмайды
«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, атмосфералық фронттардың салдарынан елдің басым бөлігінде жаңбыр жауады. Оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктің таулы аймақтарында жаңбыр молынан түссе, солтүстіктегі өлкелерде түн жауын-шашынды болады. Бірнеше өңірде тұман, жел күшейіп, еліміздің оңтүстігінде дауыл болады деген болжам бар.
«Төрт облыс бойынша гидрологиялық дабылды ескерту сақталады. 16 сәуірге дейін Алматы облысында қар көшкіні бойынша ескерту жарияланды. Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша да дабылды ескерту бар. Мұнда ағындар пайда болып, өзендерде су деңгейі көтерілуі ықтимал. Қостанай облысының солтүстік және солтүстік-шығысындағы өзендерде 17 сәуірге дейін су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 16 сәуірге дейін көлбеу ағын қалыптасып, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін», деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.