Елімізде энергетика мәселесі өткір тұр. Ол туралы Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айтты. Жұмыс істеп тұрған 55 жылу көзін жөндеп, кемінде тағы 6,5 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту қажеттігіне баса назар аударды.
Жылу және энергиямен қамтамасыз ету жағдайы бойынша ел-жұрттың көкейінде жүрген бірқатар сұраққа Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жауап берді. Сөйтіп, саладағы ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі. Жұмыс істеп тұрған жылу көздерін және коммуналдық инженерлік желілерді жаңғырту жұмысына тоқталды.
Қазір энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру және үздіксіз генерациялауды қамтамасыз ету үшін қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін артқан. Оған қоса электр қуаты нарығында шекті тариф айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 1,065 млн теңгеге дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ 24 энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді. Онда тарифтердің орташа өсуі 20%-ды құрады.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аталған шаралар осы жылы салаға шамамен 327 млрд теңге қаржы тартуға мүмкіндік береді:
Электр энергиясына тариф есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94 млрд теңге; Электр қуаты нарығы шеңберіндегі инвестициялар 134,7 млрд теңге; Амортизациялық аударымдар есебінен инвестициялар 98 млрд теңге.Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін электр стансаларында 10 энергоблокты, 55 қазандықты, 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазір 2 энергоблокта, 7 қазандықта, 4 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 1 турбинадағы жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл жобаларды қаржыландыру электр және жылу энергиясының тарифі, сондай-ақ бюджеттік қаржыландыру есебінен қамтамасыз етілген.
Биыл электр желілерінде жалпы ұзақтығы 20 857 км электр беру желілерін, 423 бірлік кіші стансаны, 4 057 бірлік тарату пункттерін және трансформаторлық кіші стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұлармен бірге жалпы ұзындығы 1 619 км ұлттық электр беру желілерін және «KEGOC» АҚ-ның 30 кіші стансасын күрделі жөндеу де жоспарда бар.
Бүгінде инвестициялық келісімдер бойынша Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру, Атырау ЖЭО-да №6 турбоагрегатты ауыстыру, Топар ГРЭС-те №3 турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдағы уақытта Энергетика министрлігімен жасалған инвестициялық келісімдер шеңберінде Екібастұз ГРЭС-те қуаты 600 МВт №3 блокты үш жылда салып бітіру көзделіп отыр. Ал Қарағандыдағы ЖЭО-3-те қазандық агрегатының жаңасын салып, турбинасын ауыстыру ісін жүзеге асыру екі жылға жоспарланған. Оған қоса қуаты 85 МВт енгізе отырып, жаңа қазандық агрегаты мен турбинаны салу арқылы Өскемен ЖЭО-ны кеңейту жобалары іске асырылатын болады.