• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Басылым 16 Сәуір, 2024

Ағыраптағы атсыз кім?

323 рет
көрсетілді

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада жазушы Қанат Әбіл­қайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романының таныстырылымы өтті. Кітаптың тұсауын белгілі қаламгерлер – Әлібек Асқар, Жанболат Аупбаев, Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Толымбек Әбдірайымов, Амангелді Кеңшілікұлы, Бақыт Беделхан кесті.

Былтырғы жылдың қа­зан айында Қа­зақ­стан Жа­зушы­лар одағы мен «Beles» құ­рылыс компаниясы бірі­гіп, «Жас қалам – жаңа ро­ман» байқауын жариялаған ­бо­латын. Романның жазы­лу мер­зімі – үш ай. Әр айға 500 000 теңге қаламақы қа­растырылып, бас-аяғы бір жарым миллион теңге бе­ріл­ген. Жас жазушыларды ынталан­дыру мақ­сатында, байқауға қырық жасқа дейін­гі қаламгерлер ғана қа­тыс­тырылған екен.

Романның тақырыбын жас қалам иесі өзі таңдайды. Ұйымдастырушы тарап қа­тысушыларға арнайы тапсыр­ма беріп, бір тақырыптың аясына көгендеп қоймаған. Осы арқылы олар әдебиет­тің басты шарты – қаламгер еркін басты назарға алғанын жеткізеді.

Кітаптың өзіне келейік. «Ағы­рап­тағы аты жоқ адам» – күрделі роман. Шаңырағы шай­қалған отбасы­ның қанқұй­лы тағ­дырын туындысына арқау ету ар­қылы қаламгер үйсіздіктің аза­­бын тартқан бүгінгі тұтас қоғамды суреттеуге тырысқан. Автор­дың айтуынша, көпшілікті қызықтырған – кітап атауы. «Ағырап – жұ­мақ пен тозақ арасындағы мекен. Қиямет таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмақ­қа бара алмайды. Тозақ­қа да түспей, сол ағырапта қалады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Ағы­рап» сүресін­де де айтылған. Осы жауапты естіген оқырманым­ның бірі «Ағырап мекенінің ас­тарында сіз бен біздің де қа­зіргі кеңістігіміз бар секілді» депті. Мен ол оқыр­манның ойымен мүлде ке­ліс­пеймін. Біздің Отан жер бетіндегі жұмақ мекенге айналуы керек. Солай боларына сенейік», – дейді кітап иесі.

Іс-шараның алғашқы құт­тықтау сөзін жазушы, Мем­лекеттік сыйлық­тың лау­реаты Әлібек Асқар бас­тап айтты. Ол жазушы Дәурен Қуаттың кі­тап­қа жазған алғы сөзіндегі «бас­­тап кетсең болды, басың­­ды көтере алмай оқуға мәж­бүрлейтін роман» деген ба­ға­сына сілтеме жа­сап, қа­­зір­гі оқырманды кітапқа шақы­рудағы бір­ден-бір амал – осы екендігін тіл­ге тиек қылды.

Қаламгер Жанболат Аупбаев та аға­лық алғау­сыз пейілін біл­діріп, жазу­­шы­ға жанкүйер екенін жеткізді. Әде­биет­танушы Аман­гелді Кең­ші­лікұлы бол­са, қа­ламгерлерге бе­рілген 3 ай уақыт мер­зімінің тым аз екенін ескертіп өтті: «Бұл жазу­шылар үшін жеткі­ліксіз. Әдебиет тарихын тия­нақтасаңыз, ұлы шығар­ма­лардың кемі 2-3 жылсыз жазыл­маған кө­рер едіңіз. Мәселен, Маркес «Жүз жыл­дық жалғыздығын» 18 ай бойы жазған. Флобер болса өзінің «Бовари ханым­ы­­­на» 7 жыл уақытын арнаған. Қазақ әде­бие­тінің жұлдызы жоғары қаламгерлері­­нің бірі Төлен Әбдік те «Өлі­ара» рома­нын 6 жыл кө­ле­мінде жазғанын маған айт­қан бо­латын. Сондықтан ұйымдастырушы тарап­тың осы мәселені ескеруін тілей­­міз». Осы турасында «уақыттың тығы­з­ды­ғы­­на бай­­ланысты кітап ішкі үде­ңіз­ден шық­ты ма? Кейін толық­тырып қайта жазып шығуыңыз мүм­кін бе?» ­деген рәуіш­те автордың жеке пікі­рін сұрап көрдік.

«Үш ай уақыт роман­ның толық жа­зылып шығуына әрине, аздық етті. Алайда бұл менің осы мерзімнің аясында ғана жоқ жерден тапқан тақы­рыбым емес. Бұл – ұзақ жылдар бойындағы ізденіс­тің нәтижесі. Шығарман­ың өзіне келетін болсақ, мен айтпай қалған дүниелердің әлі де көп екенін романның нүктесін қой­ғаннан кейін білдім. Қаламгердің өз-өзі­не көңілі толуы – ешқашан рұқсат етілмейтін нәрсе ғой. Бірақ кітапты қайта толық­тап шығарудың қажеттілі­гін көріп тұрғаным жоқ. Әйт­се де басқа кейіпкерлер­дің басынан өткен оқиғалар арқылы романның жалға­сын жазып шығу ойда бар», – деді Қ.Әбілқайыр.

Роман туралы келесі баяндаманы жазушы, аудармашы Жадыра Шамұра­това жасады. «Әрбіріміздің айт­қымыз, тіпті ойлағымыз келмейтін қорқынышы­мыз болады. Кәріліктен, ұзақ мең­деген дерттен, мезгілсіз ажалдан... Осындай үрейдің жан қал­тыратар аязын «Ағы­раптағы аты жоқ адамнан» көрдім. Бұл шығарманы оқы­ғаннан кейін «менікі» деп жүрге­нің­нің бәрі біреудікі бо­лып шы­ғуы мүмкін. Бұл жерде осындай тақы­рып­қа қорықпай барған Қанаттың қалам­герлік тәуекелін баға­лау керек», деді ол. Соны­мен қатар баяндамашы әде­биеттегі «атсыздық» куль­ті­не айрықша тоқталды. «Ро­ман­ның басты ерекшелігі – қаһарманның есім-сой­сыз­дығы. Атсыздық – бұл символ, құпиялық рәмізі. Мен бұл романда «көп ішінде бір жалғыздың» көп мұңайып жылаған үнін естідім. Каф­калық үдерістердің көріні­сін көрдім», деді Ж.Ша­мұратова.

Сенат де­путаты Нұртөре Жүсіп бол­са, шығармашы­лық зертха­надағы қаламгер те­бі­ренісі тура­лы толғады. «Жа­зу­шылық – асқан мехнат, бейнетті жұмыс. Оған жүректің батылдығы қажет. Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтады: «Оқырман­ға жол тартқан кітап ұзатылған қыз сияқты. Кітаптың қан­дай қолға баратыны автор жанын мазалай­ды» деп. Сондықтан кітап­тың ойлы оқырмандардың қолына түсетініне тілекшіміз», деп ағалық ние­тін білдірді.

Сонымен «Ағыраптағы аты жоқ адам» кім болды? Сө­зімізді жазушы Дәурен Қуат­тың пікірімен аяқ­тау­ды жөн көріп отырмыз. «Қанат Әбіл­қайырдың қолы­мыздағы бұл кітабы – қазақ әдебиетін­дегі бас кейіп­кері­нің аты белгі­сіз алғашқы роман. Автор не­ге кейіпкеріне бір ат тауып қой­мады? Мүмкін, ол бей­шараның аты менің, оның, олардың бірінің, бәрі­міздің атымыз шығар?..Бәлкім, оның есімін сен арқалап келе жат­қан шығарсың? Есімін де, тағдырын да...

Айналаңа абайлап қа­рашы, аты жоқ адам тап қас­­ыңда тұрған жоқ па екен?..»