• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Мәселе 17 Сәуір, 2024

Жылқы жануары жәрдемге зәру

182 рет
көрсетілді

Еліміз тарихында жиі болған жұтпен ерекшеленген Қоян жылы биыл да малымен күн көріп отырған жұртқа жайсыз тиді. Бірқатар өңірде жаз бойы жаумаған жаңбыр желтоқсанда нөсер­лете құйып өтті де, іле қатты аяз болып, қардың беті мұз болып сіресіп қатып қалды. Оған тебінде жүрген жылқының тұяғы батпай, жіліншігі қан-жоса болып қиылып, қасиетті Қамбар ата түлігі өлім-жітімге ұшырады.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің (АШМ) мәліметіне қарағанда, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Сол­түс­тік Қазақстан, Ұлытау облыстарында жылқы малының тебіндеуіне қиындық туындаған. Соның салдарынан республика бойынша 232 жылқы шығын болып, оның ішінде Ақмола облысында – 117, Ұлытау облысында – 67, Солтүстік Қазақстан облысында – 35, Ақтөбе облысында – 7, және Шығыс Қазақстан облысында – 6.

Жылқышылар мен тұрғындардың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметік желідегі жанайқайына құлақ асқан Ауыл шаруашылығы министр­лігінің арнайы мамандары аталған өңір­лерге барып, нақты жағдайды көзбен көріп-білген. Осы­ған орай, өңірлерде облыстық жедел штабтар құрылып, олардың оты­рысында жұт зардабын жою мәсе­лесі аудан әкімдіктерінің жауап­ты қызметкерлерінің қатысуымен қаралып, тебіндегі жылқыны аман сақтау үшін жедел шаралар белгілен­ген. Нақты айтқанда, биелер мен тай-жабағылар қораға алынған. Сол үшін агроқұрылымдардағы мал азығының көлемі анықталып, оны жеке қосалқы шаруашылықтарға қолжетімді баға­мен жеткізу ұйымдастырылған. Жылқы жайылатын жерлердегі мұз қабаты қопсытылған. Сондай-ақ мұз қатпаған жайылымдар анықталып, тебінде қал­дырылған жылқы сол жерлерге айдап апарылған.

Қардың тым қалың түсуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Төсқайың және Марқакөл ауылдық округтерінде биылғы 15 қаңтардан 5 ақпанға дейін төтенше жағдай жариялауға тура келген. Осыған байланысты аудан әкімдігі жемшөп тасымалдауды ұйымдастырып, жылқысын қораға алуға мәжбүр болған шаруаларға тегін 150 орам шөп таратқан.

Осы орайда АШМ-ның 2023 жылғы 25 шілдедегі № 269 бұйрығымен 2023–2025 жылдарға арналған Азық өндіру саласын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілгенін айта кеткен жөн. Соған сәйкес 2026 жылға қарай мал азығы дақылдарының егістік алқабын 3,3 млн гектарға дейін кеңейтіп, жиналатын өнім көлемін 6 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Осы мақсатта жаңа жоғары өнімді сұрыптар мен будандарды енгізу арқылы мал азығы дақыл­дарының өнімділігін арттыру, көпжыл­дық шөптердің ескі және сирек кездесетін түрлерін жасарту және қалпына келтіру, құрғақшылық­ты ай­мақ жағдайында мал азығын өндірудің шетелдік тәжірибесін зерделеу, мал азығын дайындау техни­касы мен суару жүйелерін сатып алуды қаржыландыру жолы­мен мал азығы өндірісін техникалық және технологиялық қамтамасыз ету, мал азығы өндірісі бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттерден қаражат бөлу сияқты шаралар белгіленген.

Жалпы, мемлекеттік қолдау шара­ларының нәтижесінде елімізде жылқы саны ұдайы өсіп, 2019 жылғы 2,8 млн бастан 2023 жылы 4 млн басқа дейін көбейген. Бұл оң үрдіс көңіл сүйсінткенімен, қысы-жазы тұяғымен күн көретін текті жануарға қажет тебіндік жер, қыста қораға алынатын буаз биелер мен арық-тұрық тай-жабағыға қажет жемшөп дайындау мәселесінің өзектілігі арта түсіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпарына сенсек, Президент тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап мемлекетке 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған болса, оның 3,7 млн гектары – жайы­лымдық алқаптар. Бұл жұмысты одан әрі дәйектілікпен жалғастыру қажет. Себебі әлі де көптеген ауылда жайылым мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар бұрынғы жайылымдық жерді ауылдың іргесіне дейін жыртып тастағаны аздай, шөп дайындауға қажетті шабындық та қалдырмаған.

Жылқыны жұтқа ұшыратпайық десек, Қамбар ата түлігінің жай-жапсарын жақсы білетін ғалымдардың ой-пікірін де ескерген жөн.

«Мұндай жұт әр 5–8 жылда бір рет қайталанып отыратыны мәлім. Биыл­ғы қыстағы жылқының өлім-жітімге ұшырауы өкінішті-ақ. Бұған неге жол берілді? Біріншіден, қысқы жайылымдарда шөптің сақтандыру қорлары жасалған жоқ. Егін жинаудың жаңа технологиясы енгізіліп жатқандықтан, егістік жердің көбінде мал талғажау ететін сабан да қалмады. Екіншіден, қажеттілік туғанда жылқы табындарын сүйемелдеп, қардың мұзданған қабатын бұзатын шынжыр табанды тракторлар да бекітілмепті. Үшіншіден, күйі төмен мал қыстың қыспағына төтеп бере алмайтыны ескерілмеген. Ондай көтерем жылқыларды күзде анықтап, бордақылауға қою керек еді. Алайда біздің осы жайлы әлеуметтік желіде айтқан ескертуімізді құлағына ілген ешкім жоқ сияқты.

Ең бір алаңдататын жайт – жергілікті жоғары оқу орындарында зооинженер-селекционерлер даярланбайды. Проблемаға кеңірек тоқталсақ, қазір еліміздің бірде-бір жоғары оқу орны «Биологиялық ресурстар» мамандығын оқытпайды. Дүниежүзілік банк мәліме­тінше, жыл сайын елімізде фаунаны қоспағанда, 17–20 млрд доллар­дың био­логиялық ресурстары өседі екен. Оның шамамен 4–5 млрд долларын құрайтын бөлігі жайылымдардың енші­сіне тиеді. Соған қарамастан, бізде бұл мамандық бойынша тіпті бірде-бір бакалавр жоқ. Ал климаттың өзгеруіне байла­нысты ауа райының қолайсыздығы жиілей­тіні анық. Оған жан-жақты қамдан­баса болмайды», дейді Адай жыл­қы­сын аман сақтау және асылдандыру тақырыбын зерттеп жүрген санаулы ғалымның бірі, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышев.