Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы жиынында: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», деп атап көрсетті.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бүгінде өзекті мәселеге айналды. Өйткені зорлық-зомбылық бір ғана отбасына қатысты болмайды, жалпы қоғамның тұрақсыздығына және отбасылық тәртіптің бұзылуына алып келеді.
Баланың құқықтарын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оны болдырмау, балаларға қатыгездікпен қарауға жол бермеу жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс және осы мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу, оның ішінде құқық бұзушылықтың жекелеген түрлеріне жауаптылықты қатаңдату – мұның бәріне негіз болуы керек.
Елдегі кез келген адам өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бірақ қазір кейбір адамдар үшін өз үйі қысым көрсету, адами қадір-қасиетін қорлау, өзінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу орнына айналып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында көбінесе әйелдер, балалар және егде жастағылар, агрессордың немесе жәбірленушінің бірге тұратын ата-аналары зардап шегеді.
Статистика бойынша елімізде отбасылық-тұрмыстық салада жылына орта есеппен шамамен 1000-ға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркеледі, олардың 20%-ы ауыр зардаптарға, соның ішінде адам өліміне әкеледі. Күні кеше қабылданып, қоғамда сілкініс тудырып жатқан заңдар міне, осы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың профилактикасына, алдын алуға бағытталған. Енді оны қолдайтын, орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қауырт қолға алынуы қажет.
Заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсетудің кез келген түрлері үшін, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты қатаңдату арқылы оларды зорлық-зомбылықтың кез келген көріністерінен қорғау тетіктерін іске асыруға арналған.
Заңда қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету үшін Отбасын қолдаудың бірыңғай орталықтары мен Байланыс орталығының қызметін құқықтық регламенттеу ұсынылады. Мұндай жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарын болдырмай, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған орталықтар өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға мемлекеттің уақтылы көмек көрсетуінің тиімді құралы, сондай-ақ осы саладағы ең өткір проблемаларды мониторингілеудің дереккөзі болады. Бүгінде елімізде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың кешенді шаралары қабылданып жатыр. БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенциясына, Бейжің декларациясына қосыла отырып, Қазақстан әйелдердің құқықтарын сақтау және қорғау кепілдіктерін растады. Әріптестеріміздің осындай бастамаларын қолдай отырып, біз қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды бекіттік.
Депутаттар ұсынған заңнамалық бастамалар мемлекеттің әйелдер мен балалардың өмірі үшін лайықты жағдайларды қамтамасыз ету саласындағы қызметіне оң ықпал ететін болады.
Мұрат ӘБЕНОВ,
Мәжіліс депутаты