Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қаралып, мақұлданды. Жаңа нормалар ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға және ғылымда қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Палата Төрағасы заң Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін, сондай-ақ оған Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өтті.
«Аталған заң ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мұғалімдердің негізгі жалақысына қосымша ақы белгілеуді көздейді. Сондай-ақ жетекші ғалымдарға ғылыми жұмыстарды аяқтау үшін ақылы шығармашылық демалыс алу құқығы қарастырылды. Мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға да жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Мақұлданған заң отандық ғылымды және еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «ҚР-ның Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім көліктің әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Қазақстан – Түркия арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға арналған.
Сондай-ақ Сенат депутаттары «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарады. Депутаттар бастамашы болған құжат аталған сала бойынша заңнаманы жетілдіруді көздейді. Нақты айтқанда, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруіне және Қазақстан азаматтығын алуына шектеу енгізу қарастырылған. Одан бөлек, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.
Талқылау кезінде сенаторлар заңды концептуалды тұрғыда қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Осыған байланысты Сенат депутаттары ұсынған 11 түзетумен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерін және өзге де мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін, сондай-ақ, адам өзінің қызметтік бабын пайдаланып қылмыс жасаса, қылмыстық жауаптылық қатаңдатылып, жазаның баламалы түрлері алынып тасталады. Бұл норма қылмыстық-атқару жүйесінің, тергеу изоляторларының және уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлеріне қатысты екенін атап өткен жөн.
Одан бөлек, ішкі көшіп-қонуды ынталандыру мақсатында қоныс аударушыларға шаруа немесе ферма қожалығын жүргізу үшін конкурстан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге жерді жалға беру қарастырылған. Заң «қандас» мәртебесін беру рәсімін жетілдіруді де көздейді.
Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар Әли Бектаев, Әсем Рахметова, Ғалиасқар Сарыбаев, Ләззат Қалтаева өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.