Күлкінің де түр-түрі болады. Ұлы Мұхтар Әуезовше айтсақ, жақынды қуантатын күлкі, жатты суалтатын, сорақыны мұқатып, келеңсізді келемеждейтін, сол арқылы кемшілікті жоюға меңзейтін күрескер күлкі бар. Сонымен қатар жеңілтек, сұйық, көңілсіздер санатына арналған көңіл ашар, зілсіз күлкі де өмір сүреді.
Айналамызда әлі де жиі ұшырайтын сөзінің салмағы жоқ кейбір тоғышар топқа лайық мысқыл, мазақ күлкімен аталған тізімді және толықтырып қоюға болады. Сыны мен сырына, сипаты мен қалыбына қарай езуіңізге үйірілер көңіл күй көрінісі алуан-алуан болып осылайша кете береді. Ішінен оқиға ауанына сай, сәйкесін көңілге қондырасыз.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер Нұрқанат Жақыпбай Жастар театры сахнасында тудырған орыстың ұлы жазушысы Николай Гогольдің әйгілі «Ревизорында» аталған күлкілердің барлығына да орын бар. Мұнда күлкіге кеңістік кең қамтылған. Қалай күлемін десеңіз де себепсіз емес. Тек барлығы өзіңізге, түсінік-таным, өмірді қабылдауыңызға байланысты.
Жанрын комедия деп белгілеген спектакльдің табиғатына сай түрлі-түсті киіммен жасанған, баттастыра боянған кейіпкерлер образы да бірден баурап, ә дегеннен күлкі әлеміне ертіп әкетеді. Әйтсе де асығыстық таныта көрмеңіз, Сіз тамашалайтын бұл «Ревизордың» діттегені тіпті де ол емес. Әрекет дами, оқиға өрби келе қойылым мазмұны қатпарлана түседі. Езуіңіздегі күлкі сап тыйылып, енді спектакль ішінен әрқайсысыңыз өзіңіз бен айналаңыздағы адамдардың мінезін іздей бастайсыз. Әуелгі күлкіңіз де іштей өз-өзіңізбен арбасуға, ойлануға жетелейді. Түйсігіңізбен сезіп, бірақ мойындағыңыз келмеген шындықты көресіз сахнадан. Сөйтіп өз өміріңізге бір сәт сырттай бақылау жүргізіп, барлау жасауға таптырмайтын мүмкіндікке ие боласыз. Өйткені сахнада жүріп жатқан өмір тіпті де Гогольдің сонау XIХ ғасырдағы сынаған жағымпаздық пен жалтақтық, ашкөздік пен аярлық, парақорлық пен парықсыздық жайлаған көзбояғыш қоғамы емес, сіз бен біз тыныстап жүрген бүгінгі тірліктің боямасыз бет-бейнесі. Сонысымен де қойылым қатыгез, шектен тыс қатал.
Жазылғанына екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, жүйе жаңаланып, қоғам қайта құрылса да, сол Дуанбасы, сол Земляника, сол Бобчинский мен Добчинский «арамыздан алшақтады, қарасын мүлдем үзді» деп айта аламыз ба? Керісінше, ол кейіпкерлер географиясын кеңейтіп, енді тек орыстың емес, әлдеқашан жаһандық сипат алған. Міне, осы кілтті режиссер адаспай тапқан. Мәселенің мәйегіне дөп түскен. Сондықтан да Нұрқанат Жақыпбайдың кейіпкерлері Гоголь суреттеген болмыстан бірнеше есе қатыгезденіп, олардың сайқымазақ әрекеті барынша баттасып, бадырая көрінеді. Сахна декорациясы мен актерлер киіміндегі шектен тыс алабажақ бояу, клоунадалық кейіп комедия жанрына тән дегенмен де, жалқы бір сәтте ішкі түйсігіңіз «сахнадағы сол сайқымазақ бүгінгі жер басып жүрген сіз бен біз емес пе екен» деген ойдың ұшығын санаңызға және ұялатады. Анау актерлердің иығына ілген целлофан тігісті жылтырақ киімдері ше? Оның да сыртқы сұлулыққа, сыртқы мінсіздікке мастанып, адами тереңдік пен рухани байлықтан ажырап бара жатқан жылтырақ мінездердің жиынтық бейнесі еместігіне кім кепіл? Қалай дегенмен сахна – образды ойдың омартасы емес пе? Бәрі де мүмкін. Режиссердің гротеск тәсілімен ойнағаны соншалық, өнер арқылы өмірдің надандыққа белшесінен батқан, ақша, билік деп ар-иманның белінен басып жүре беру таңсық болудан қалған, ниет-пиғылы тұнықтығын әлдеқашан жойған адамдық қасиеттердің күйреуін залым күлкімен аяусыз әжуалайды. Енді мүлдем күлмейсіз. Керісінше зұлмат бір қорқыныш жүрегіңіздің түкпіріне тұнған небір аяулы сезімдері аямай жаныштайды. Сондықтан да күлкіңіз бір-ақ сәтте күңіреніске ауысып жүре береді. Енді бір сәтте биік адамгершілік пен жүректің тазалығын аңсап өксіп-өксіп жылағыңыз келеді. Иә, сахнада комедиялық көңіл күй, бірақ сіздің жан дүниеңіз үнсіз егіледі. Неге? Себебі Сіз өзіңіз мойындағыңыз келмеген, дұрысы мойындауға батылыңыз бармаған кер заманның келбетін көресіз. Гогольдік кейіпкерлердің мінезін жеке-жеке бөліп алып, баттастыра реңк берген режиссер шешімі шымбайға батса да, шырқыраған шындықты үлкейткіш әйнектің әсеріндей айқындықпен көз алдыңызға ақтарып-ақ тастайды. Оқиға дамыған сайын қоюлана, мінез бедері күрделене түскен қойылым, бетпердесі сыпырылған пенделердің қорғансыз күйін келеке қылады. Сөйтіп, комедиялық сарынмен басталған спектакль бірден трагифарстық сипатқа түседі.
Бұл көріністен не түйеміз? Өмірдегі өз ар-ожданымызды өзіміз таптайтын жағымпаздық, парақорлық секілді трагикомизмнің сілемдері бүгінгі тіршілігімізде де әлі жалғасып жатыр екен. Тіршілік бар жерде жағымпаздық та, тоғышарлық та жойылмайтын көрінеді, яғни адамдық қалыптан ажырап, көзбояу ғұмыр кешер қоғам жойылмай, ревизор да, оған жағынушылар да қай заманда да арамыздан табылады дегенге меңзейді. Демек «Ревизор» – мәңгілік! Гогольдің ұлылығы да, режиссердің көрегендігі де осында!