Екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғызстан президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президентінің бұл жолғы сапарының екі ел үшін мән-маңызы зор екеніне назар аударып, тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
«Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни, ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген.
«Бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келдік. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес», деді Президент.
Мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе, Үкіметаралық кеңес пен Аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін айтты.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер талқыланды.
«Былтыр екі мемлекеттің осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 миллион долларға жетті. Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда екі елдің Үкіметіне Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланғанын, сондай-ақ Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мысалға келтірді.
«Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Екі ел арасындағы алыс-берісті жандандыру – маңызды міндеттің бірі. Осы орайда шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру және оны рәсімдеуді жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, еліміз «Қарасу», «Бесағаш», «Аухатты», «Сартөбе» «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» бекеттерін жаңғыртуға кірісті. Осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды деп санайды.
«Соңғы жылдары трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдаланудың өзектілігі арта түсті. Осы орайда өзара үйлесімді жұмысты жалғастырамыз деп келістік. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажет. Сондықтан мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекітуге және оны уақтылы орындауға уағдаластық. Қазақстан барлық міндеттемені толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілгенін атап өтіп, осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсетініне сенім білдірді.
«Бауырлас екі елді жақындастыратын құндылықтардың тамыры тереңде жатыр. Халықтарымыздың тарихи, мәдени және рухани бастауы да – ортақ. Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Османқұлдың шынайы достығы қазақ пен қырғыз қатынасын нығайта түсті. Қырғыз даласында туып, екі елге бірдей еңбегі сіңген азаматтар аз емес. Қазақ қаламгерлері «Адамзаттың Айтматовы» деп атап кеткен заңғар жазушының шығармасын оқымаған адам кемде-кем. Толомуш Өкеев, Болот Шамшиев, Сүйменқұл Чокморов сынды қырғыз киносының көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезовтің туындыларын экранға шығаруға елеулі үлес қосты. Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалауға зор еңбек сіңірген Абдыкерим Сыдықов, Қасым Тыныстанов сынды тұлғалар Алаш идеясына адал болды. Әлемдегі ең көлемді эпос ретінде танылған «Манас» жыры – күллі түркі жұртының құнды қазынасы. Манас – бауырлас қырғыз халқының берекелі бірлігінің символы. Өздеріңізге мәлім, осыдан үш жыл бұрын Бішкекте Абайдың, ал Астанада Манас пен Шыңғыс Айтматовтың ескерткіштерін орнату туралы мәмілеге келдік. Осыған орай бүгін Елорда төрінде әйгілі Манасқа арналған ескерткіш ашылады. Ортақ тарихымызға құрмет көрсетіп, Қырғызстанның мәдени мұрасын паш еткені үшін Садыр Нургожоевичке және барша қырғыз халқына ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, екі елдің мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастығы табысты жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы, Ош қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бөлімшесі жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттері үшін 50 грант бөліп отыр. Мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін жыл сайын екі ел зиялыларының форумы өтеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық түйткілді мәселелерге қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтіп, келіссөз барысында Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылғанын жеткізді.
«Биыл Астанада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті 6-шы Консультативтік кездесуіне белсене атсалысуға уағдаластық. Қазақстанның бірқатар халықаралық ұйымның төрағасы ретінде көтерген бастамаларын қолдағаны үшін қырғыз бауырларға ризашылық білдіреміз. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен келуге шақырып, қырғыз делегациясына көрсетіліп жатқан меймандостық сый-құрметі үшін алғыс айтты. Қырғыз Президенті бүгінгі кездесу екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті мүлдем жаңа деңгейге шығаруға әрі оның мазмұнын байытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Біз құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге саяси-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық мәселелерді кеңінен талқыладық. Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті жиынын өткізіп, өзара серіктестігімізді нығайтуға және күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесінде екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту жөніндегі келісімге қол қойдық. Экономика, сауда, инвестиция және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығымызды одан әрі өркендету, көлік және коммуникация, цифрландыру бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру, аймақтағы су-энергетика ресурстарын бірлесе тиімді пайдалану мәселелерін қарастырдық», деді Садыр Жапаров.
Қырғыз елінің басшысы Астанаға ресми сапары қарсаңында өткен Қазақстан-Қырғызстан бизнес-форумы шеңберінде, сондай-ақ былтыр Таразда өткен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында іскерлік байланыстар нығайып, маңызды инвестициялық келісімдер жасалғанын айтты. Сонымен қатар келесі Өңіраралық ынтымақтастық форумы биыл Қырғызстанда өтетінін мәлімдеді.
Екіжақты келіссөздің, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесі алтыншы отырысының қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:
1.Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт;
2. Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысының шешімі;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім;
4. 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама;
5. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Жеке деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Мемлекеттік сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
7. Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (Жол картасы).