• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Сәуір, 2024

Бірлескен жобалар сараланды

120 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов әлемдегі ірі мұнай-химия компанияларының басшылары – Қытай мұнай-химия корпорациясының (SINOPEC) президенті Джао Донгпен және «СИБУР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Михаил Карисаловпен кездесті.

Басты мәселе – қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны, ал жалпы құны шамамен 7,7 млрд долларды құрайтын әлемдік қуаттардың 1%-на тең полиэти­лен өндіру бойынша алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін бірлесіп салу.

Кездесу барысында Sinopec-тің жоба қатысушыларының құрамына кіруін ресми түрде аяқтайтын үшжақты хаттамаға қол қойылды. Осылайша, зауыт иелерінің құрылымы келесідей: ҚазМұнайГаз – 40%, SINOPEC – 30%, СИБУР – 30%.

Үкімет басшысы жоғары деңгейде өнім өңдеуге бағыт­талған жобаның маңыз­ды­лығын ерекше атап өтті.

Мәселен, «Полиэтилен» жобасын шикізатпен (этанмен) қамтамасыз ету үшін Теңіз кен орнында газ бөлу кешені (ГБК) салынады. ГБК қуаттылығы жылына 9,1 млрд м3 құрғақ газ өңдеп, оның ішінде жылына 1,6 млн тонна этан өндіру көзделіп отыр. Этан магистралдық құбыр арқылы Теңізден «Карабатан» алаңына («ҰИМТ» АЭА аума­ғы, Атырау облысы) дейін жібе­рілетін болады, онда поли­этилен өндіру зауыты жұ­мыс істейтін болады.

Америкалық лицензия­ланған «Chevron Phillips» және «Univation» технологияларын қолдана отырып, 22-ге жуық полиэтилен маркасын шығару жоспарланып отыр, оның 40%-ы – премиум класс. Өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсаттағы қолданудың кең ауқымы полиэтиленді әлемде  ең көп сұранысқа ие полимерге айналдырады.

Бүгінгі таңда полиэтилен медицина, протездеу, қорғаныс, тамақ өнеркәсібі, құ­рылыс, ғарыш индустриясы және басқа да салаларда қолданылады. Полимер та­уар­лардың кең желісін өн­діруде: пластикалық тозуға төзімді құбырлардан, құ­рылыс материалдарынан, дәрі-дәрмектерден, шприцтер, протездерден бастап, ғарышкерлерге арналған сауыт-саймандар мен киімдерге, автомобиль бөлшектеріне дейін қолданылады. Мақсатты нарықтарға Қазақстан, ТМД елдері, Қытай, Түркия және Еуропа елдері кіреді. Бұл ретте ішкі тұтыну үшін өткізу бағасы импорттық бағадан төмен болады.

«Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көмірсутектерді терең өңдеуді белгіледі. Эко­номикамыз үшін ба­сымдық – жоғары деңгейде өңдеу өндірісі – экспортқа бағдарланған технологиялық тізбекте қосылған құнның жылдам өсуімен өнім шығару. Бастапқы шикізат – этан мен үшінші сатыдағы қайта өңделген өнім – полиэтилен арасындағы қосылған құн 20 есеге, тоннасына 80-90-доллардан 1 600-1 800-долларға дейін артады. «Полиэтилен» жобасы өңдеу өнеркәсібінің де, жалпы ел экономикасының да дамуына елеулі серпін беретіні сөзсіз. Сарапшылардың есептеулері бойынша, жобаны іске асырудан 2030 жылға қарай елдің ІЖӨ-ге қосатын үлесі шамамен 1,2%-ға бағаланады», деді О.Бектенов.

Зауыт құрылысын 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс кезеңінде 8 мыңнан астам, пайдалану кезеңінде 850-ге жуық жұмыс орны ашылады.

Аталған жоба Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Зауыт тиісті инфрақұрылыммен және арнайы салық режімімен қамтамасыз етіле отырып, арнайы экономикалық аймақ аумағында салынатын болады. Осыған байланысты Премьер-министр жобаға қатысушылардың назарын жергілікті әлеуетті барынша пай­далану қажеттігіне аудар­ды.

«Біз мемлекет тарапынан ел экономикасы үшін маңызды жобаларды іске асы­руда жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар сіздер жергілікті қамту үлесін арттырады деп күтеміз. Ол үшін отандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алынатын тауарлар мен жабдықтардың тізімін анықтау қажет. Біз қазақстандық мамандарды оқытуға және құзыреттер беруге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Біз үшін жергілікті кадр­ларды, оның ішінде жобадағы басшылық лауазымдарға барынша тарту маңызды. Біз басқа бірлескен жобаларды іске асыру кезінде де осындай тәсілдер күтеміз», деді Үкімет басшысы.

Сонымен, «Полиэтилен» зауытынан бөлек газ бөлу кешені мен магистралдық құбыр салу жоспарланған.