Қылқаламын қаруға айырбастап, майдан даласына аттанған суретшілер аз емес. Олар сұрапыл кезеңнің картинасын көрсете отырып, соғыс жылдары ел басынан өткен ауыр халді боямасыз бейнеледі. Бұл тұрғыда майдангер, еңбек ардагері, суретші, мүсінші Қырғызбай Қаңтарбаев туралы кеңінен айтуға болады.
Майдангер суретшінің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай Мемлекеттік орталық музей төрінде «Сағыныш» деп аталған көрме ашылды. 80-нен астам көркем туынды қойылған көрмеге Қаңтарбаевтың қолтаңбасынан шыққан бірегей шығармалар мен ізбасар шәкірттерінің ізденістері қойылған.
Қырғызбай Қаңтарбаев қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметпен және қолданбалы өнер бұйымдарын жасаумен айналысқан ол, ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлес қосты. Шебердің туындылары Қазақстан мен Ресейдің танымал музейлерінің коллекциясына енген.
Көрме қазақтың ұлттық мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін паш етеді. Қаңтарбаев жасап шыққан Абай, Жамбыл, Ш.Уәлиханов, Б.Момышұлы мүсіндері – музейдегі маңызды жәдігерлердің бірі. Өнер иесі мүсін жанрында табысты еңбек ете жүріп, қазақ тарихындағы басқа да көрнекті тұлғалардың бейнелерін жасады.
Әр отбасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өзіндік салты мен дәстүрі бар. Өнер сабақтастығы Қаңтарбаевтар отбасында да жалғасын тапты. Оның балалары мен немерелері де өнерден өріс тапқан. Көрмедегі Қаңтарбаевтар отбасының сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, музыкалық аспаптары, мүсіндері, кескіндемелері де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
– Майдангер суретші қазақ бейнелеу өнерінде өз өрнегін қалдырды. Оның қолынан шыққан мүсіндер, тау тұлғаларымыздың бейнесін асқақтатты. Өнер иесі тіршілігінде өзінің қобызын музейге сыйға тартқан. Осынау айрықша бұйым музейіміздегі құнды жәдігерлердің бірі. Аталарының бекзат өнерін жалғаған балалары мен немерелері де бүгінгі таңда ұлт мәдениетіне еңбек етіп жүр, – дейді Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон.
Мерейтойлық көрменің маңызды бөлігі майдангер суретшінің шәкірттері мен ізбасарларына арналды. Олар, Қазақстанның танымал суретшілері — Өмірбек Жұбаниязов, Ерлан Қожабаев, Жамиля Тәкен, Дастан Оразхан, Нұрлан Сатаев, Қайырбай Зәкіров, Оразбек Есенбаев, Жанұзақ Мүсапір, Тоққожа Қожағұлов, Қанағат Кодеков, Асқар Бейшекеев, Сергей Пожарский, Мирлан Құлдыбаев, Марлан Нысанбаев, Бейсебек Ақанаев, Нұрдана Қырғызбаева, Диана Мұхаммед, Болат Құсайынов, Диас Қантарбаев, Марат Тұрғынбай, Камил Мамукадзе, Нелли Бубе, Лидия Дроздова, Игорь Гущин, Жәнібек Сүйінбеков, Ирина Меламент, Григорий Головков, Жанат Сейітхамза, Мақсат Қаңтарбаев деп жалғаса береді. Суретшілердің өзіндік қолтаңбасы, ерекше стилі, орындау тәсілі, сезімдері және қоршаған әлемді қабылдауы сан алуан. Ең ғажабы, жоғарыда аты аталған белгілі суретшілердің бірқатары өздерінің бағалы картиналарын музей қорына сыйға тартты.
АЛМАТЫ