• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Халық 24 Сәуір, 2024

Ұлттық бірегейліктің жаңа кезеңі

231 рет
көрсетілді

Бүгінде әлем жаһанданудың жаңа кезеңін бастан кешіп жатыр. Демек егемендікті қорғаудың, жалпыұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Өйткені халықаралық геосаяси жағдай күрделі тұста сырттан төнген сын-қатер аз емес. Осы орайда, этносаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналды.

Жасанды интеллект, роботтехника, электронды инженерия, цифрлы технологиялар заманауи әлемнің бір бөлшегіне айналған тұста жаһандануға жұтылып кетпес үшін ұлттық бірегейлік қажет. Бұл – бір жағынан бәсекелестікке төтеп беру қабілеті әрі қоғамды нығайта түсудегі маңызды қадамның бірі. Оны қалыптастыратын басты фактор: дүние­таным, тілі, ділі, діні, дәстүрі, мәдениеті, атамекені мен атакәсіп түрлері, білім, ғылым. Қысқа қайырсақ, ұлттың табиғи ортасына сай өркендеу барометрі. Сәй­ке­сінше әр азамат оны дамытуға мүд­делі болуы керек. Мұны Атыраудағы Ұлт­тық құрылтайдың үшінші отырысын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нықтап айтты. Президент идео­ло­­гияға негізделген ұлттың жаңа келбе­тін айқындайтын тәуелсіздік және отан­шылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасам­паздық және жаңашылдық құндылығына жеке-жеке тоқталды.

Тарихшы-этнограф Жамбыл Артық­баев ұлттық бірегейлік пен этностық біре­гейлік ұғымын жіктеп түсіндіріп берді.

– Этностық бірегейлік – жалпы қазақ аясындағы бірегейлік. Ұлттық бірегейлік дегеніміз – мемлекеттік деңгейдегі ауқым­ды ұғым. Бұл ұғымның төңірегіне елі­мізде қанша этнос өмір сүрсе де, бар­лығы соның ішіне кіреді деген сөз. Этностық бірегейлікте бір атадан тара­ғандығымен, әдет-ғұрыптарымен, тұр­мыстық ұқсастығымен ерекшеленсе, ұлттық бірегейлікте мемлекетіміздегі барлық этнос өкілінің бір мемлекеттік тілде сөйлеуімен, сол елдің ұлттық құн­дылықтарын сыйлауымен, бір мақсат, бір мүдде жолында әрекет етуімен ерек­­шеленбек, – дейді ғалым.

Президент былтыр Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХХІІ сессиясында ұлт­тық бірегейлік туралы ұстанымды мем­лекеттік тілге әкеліп тіреді. Осылайша, «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саяси стратегиялық бағыт», деп мәлімдеді.

«Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этностық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елде көптеген кино, әдебиет туындыларын мемлекеттік тілге тәржімалау, қазақы ұлттық киімге деген сұраныстың артып жатқаны белгілі. Әрі Ата заңға сәйкес елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.

Әлемдік тәжірибені ескерсек, ұлт­тық бірегейлікте Еуропаның Франция, Германия, Англия секілді дамыған елде­рінің өзі барынша сақ. Олар қазір­гі деңгейіне саяси-экономикалық құры­лымды әлемнің озық үлгілерін талғаммен қабылдай отырып, сабырмен модернизациялау арқылы жетті. Оған қоса сол жо­лында ұлттық мемлекет қағидатын бірін­ші кезекке қойды. Мәселен, француздар ағылшын тілін біле тұра тек французша сөйлейді. Мұның өзі осы ұлттық біре­гей­лігін сақтаудың бір жолы десек болады. Ал бұл ел тәуелсіздігінің ны­ғаюы­на, ғұ­мырының ұзақ болуына септігін тигізеді.

– Ұлт болып ұйысу, жұрт болып жұ­мылу – ұдайы жүретін үдеріс. Қазақстанда бір ғана қазақ ұлты бар. «Ұлт» сөзі «мемлекет» сөзімен пара-пар. Сондықтан «көпұлтты» деген түсінікті «полиэтносты» сөзімен ауыстырып қолдану орынды. Елімізде өмір сүретін 120-дан аса этнос өкілдері тарихи тегіне қарай тілін, ділін, мәдениетін білуге, тануға толық құқылы. Оған заң жүзінде жағдай жасалады. Бір мемлекеттегі әртүрлі этностардың бір мүдде аясына топтасуы, бірлесіп, бір мақсатты көздеуі, дамы­ған демократиялық елдерде өз жемі­сін беріп отырған үздік әрі үлгілі үрдіс. Мәселен, әйгілі футболшыларды айт­сақ, франциялық болғанымен, түбі ита­лиялық әйгілі футболшы Мишель Платиниді де, араб Зиданды да елі де, әлем де француз деп біледі. Ұлты парсы болғанмен Фреди Меркьюриді әлем ағылшын әншісі ретінде таниды. Біздің Головкиндерді шетел қазақ деп атайды. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Біз унитарлы мемлекетпіз. Сондықтан ортақ азаматтық құндылықтар негізінде дамуымыз керек.

Бұл ретте Қазақстан халқы Ассам­блея­сы – мемлекеттік орган­дардың, ұйымдар мен азаматтық қоғам инсти­туттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиім­ді­лігін арттыру жолында маңызды рөл атқарады. Соның бірі – еліміздегі этностарға мемлекет­тік тілді үйрету. Бірақ бұл дәл қазір «айтылды-орындалды» деген сипатта емес, үркітпей, баппен уақыт талабына сай жүргізіледі. Бір айта кетерлігі, қазақ тілін білмейтін, қазақша сөйлемейтін өзіміздің қара көздеріміз де жетерлік. Тіпті мемле­кеттік тілді мүлдем түсінбейтіндері де кездеседі. Одан этностық сипат іздеудің қажеті жоқ. Ата заңды негізге алып, әр азаматтан талап етуге болады. Бірақ елдегі бірлікке, ынтымаққа нұқсан келтірмей, алауыздық тудырмай, тігісін басып мәсе­лені шешу маңызды. Бұл – қоғамдық мәселе.

Белгілі бір тілді үйрену үшін оны жақ­сы көру керек. Тілді қызығушы­лық­пен, ынтамен үйренгенде ғана сіңім­ді болады. Мемлекеттік тілді білмей­тін­дерді сынағаннан пайда жоқ. Керісін­ше, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, идео­логиялық жұмысты күшейтуіміз қа­жет. Біздің қазіргі басты міндетіміз – мем­лекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасау. Әсіресе бұл жұмысты білім беру ұйымдарында жүргізу маңыз­ды. Негізі Ассамблея тарапынан мемлекеттік тілді үйренем деушілерге жасалып жатқан мүмкіндіктер көп. Мысалы, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобалары, әлеуметтік желілерде Ассамблея жастарының қазақ тілін дамыту бойынша «Үйде сөйле» жобасы мен «Қазақша tea-talk» акциясы көпшілік тарапынан кең қолдау тапты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі арасында мемлекеттік тілді ілгерілету мақсатын көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум бар. Жалпы, ізгілікке негізделген ортақ көзқарасты ұстанған абзал, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.

Бірақ қоғамда бүгінде тұрмыстық сипаттағы немесе екі адамның арасындағы даудан пайда болған кикілжіңдерге этносаралық сипат берушілер қатары көбейгені байқалады. Алайда мұндай оқиғаларға біржақты баға беру қиын. Дегенмен қоғамдық санаға бәрібір ықпал ететіні рас.

– Қазақстанда этносаралық кикілжің жоқ. Бір-біріне деген өшпенділік те, қалыптасқан саяси тұрғыдағы келіс­пеу­шіліктер жоқ. Бірақ қандай да бір адамдар арасында кикілжіңдер, тү­сі­ніспеушіліктер болуы мүмкін. Ста­тистикаға үңілсек, рес­публикада 5,8 миллиондай этнос өкілі тұрады. Бұл – халықтың 30%-ы. Олар бір мемлекетте, бір өңірде, бір елді мекенде етене байланыста өмір сүреді. Бірге оқиды, бір мекемеде қызмет атқарады. Бір-бірімен экономикалық, тұрмыстық, басқа да байланыс орнатады. Демек азаматтардың арасында белгілі бір түсініспеушіліктердің болуы заңды. Мұндағы басты мақсатымыз осындай тұрмыстық сипаттағы кикілжіңдерге этносаралық реңк бермеу.

Өздеріңіз бақылап, бағдарлап жүрген әлеуметтік желілерде егер екі адам төбе­лессе, оның бірі этнос өкілі болса, мін­детті түрде кейбір әлеуметтік желі қолда­нушылары ушықтырып жібе­реді. Ал нақты сан айғаққа көз салсақ, күніне мысалы 1000 қылмыс болса, оның біреуіне ғана этнос өкілінің қатысы болуы ықтимал. «Жаман ұлт жоқ, жаман адам бар» деген тәмсіл бар. Әр этностың ішінде заң бұ­зушылыққа баратын, жаман сөз айтып, теріс ақпарат тарататын адамдар болады. Бір адамның ісін қандай да бір этносқа таңу дұрыс емес, – деді Ғ.Шойкин.

Жалпы, әр отандасымыз ұлттық, діни, нәсілдік кемсітушілік пен бөлінуге батыл түрде қарсылық білдіре отырып, еліміздің заңдарын сақтауға тиіс. Алайда кейінгі төрт айдың өзінде ІІМ интернеттегі ұлттық алауыздық пен сепаратизмді қоздырғаны үшін 6 қылмыстық іс қозғады. Тағы 6 факт бойынша қатысушылармен профилактикалық әңгімелер өткізген. Бұл ретте әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садуақасова: «Елде татулықты қамтамасыз етудің алғышарты – білім мен тәрбиеде», дейді.

– Білім беру жүйесінде жақсы нақты құндылықтар нығаюы керек. Бұл ретте Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан құндылықтары маңызды. Ол бір­лік­тен басталады. Елдегі өзге этнос өкіл­дері Қазақстанға қандай жағдайда келді? Қашан келді? Қазір олардың ел дамуындағы үлесі білім беру жүйесінде нақты көрсетілуі қажет. Этностық артықшылық деген нәрсеге бой бермей, әлеуметтік желіде болып жатқан ақпаратқа ермей, жас ұрпақта сыни сана сезімді қалыптастырған дұрыс. Яғни татулық пен келісім тек мемлекеттік сая­сатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жал­пы, барлық жерде дәріптелгені жөн. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күн­делікті ұстанымы болуы керек. Біз өз еліміздің негізін құраушы ұлт ретінде мемлекетімізде, облыс пен қала­мызда, шалғайдағы ауылдарымызда азаматтарымыздың мемлекетшілдік көз­қарасын нығайту, жас ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеу ісін жүйелеу, жастар арасында патриотизмді қалыптастыруда жаңашыл, заманауи тәсілдерді көптеп қолдану бағытындағы бастамаларды қолдауымыз қажет. Өйткені сыртта болып жатқан қақтығыстар да Қазақстан азаматтарының арасында да оған қатысты ой-пікір туғызады. Салдарынан іштегі ауызбіршілікті жоғалту қаупі болуы да мүмкін. Қазақстан Республикасының кез келген азаматының негізгі ұстанымы, әрекеті ел қауіпсіздігімен байланысты болуы керек. Айта кетейін, азаматтардың ұлттық, нәсілдік және діни сезімдерін қозғайтын сепаратистік, экстремистік сипаттағы құқық бұзушылықтар үшін Қылмыстық кодексте қылмыстық жауап­тылық көзделген. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін 2 мыңнан 7 мың АЕК мөлшерінде айыппұл не 2 жылдан 7 жылғ­а дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген. Сепаратистік қызмет кодекстің 180-бабымен 1 мыңнан 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер инс­титуты 2020 жылдан бері нақты жүйелі түрде этностық салада зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп келеді. Бұл жерде біз бар мәселені жан-жақты қарастыруға тырысамыз. Бүгінде этностық арақатынас тек екі этностың арасындағы қарым-қатынас емес, бұл экономика, еңбек нарығы, әлеуметтік қорғау саласымен, құқықтық сауаттылық, саяси белсенділік сынды тетіктермен өте тығыз байланысты. Сондықтан әр тоқсан сайын этносаралық қатынастардың жағдайын зерттеп отырамыз. Ай сайын бір өңірдегі азаматтармен кездесіп, сұхбат құрып, қандай да бір мәселелер болса, оның саясатпен байланысын зерделеп, сараптама дайын­даймыз. Құжат құзыретті органдарға жіберіледі, дейді әлеуметтанушы.

Мәдениеттанушы Бердалы Оспан айтпақшы, ұлттық бірегейлік ұғымы адамның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, ішкі мәдениетінен басталады. Сондықтан қазіргі таңда қазақ халқының қоғамдағы орны мен жауапкершілігі айрықша. Еліміздің дамып, өркендеуі, Қазақстан Республикасының әрбір азаматына тікелей байланысты. Сондықтан бұл жұмысқа әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.