Атырауда табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штаб су тасқынына дайындықты үйлестіріп отыр. Бұл штабтың жанында зерттеуші ғалымдардың жұмыс тобы бар.
Аталған топтың құрамына жергілікті ғылыми қауымдастықпен бірге Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университеттің, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен География және су қауіпсіздігі институтының ғалымдары тартылған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Арман Жұмағазиевтің айтуынша, су тасқынына байланысты бірнеше жыл бұрынғы деректерге талдау жүргізудің маңызы зор.
«Жайық өзеніне су бірде аз, кейде мол келуі мүмкін. Бұл – табиғи құбылыс. Дегенмен су қандай мөлшерде, қашан келеді? Осы сауалдың түпкі себебіне талдау жүргізер болсақ, алдымен көрші елдегі қар мен күзгі, көктемгі жауын-шашынның мол түсетіні ескерілуі керек. Өйткені Жайық өзені бастауын Орал тауынан алады. Бірақ бұған барынша мән бермейміз. Екіншіден, ұзақ жыл Орынбор өңіріндегі су қоймасынан су аз мөлшерде жіберілді. Бұл да алаңсыз болуымызға әсер етті», дейді А.Жұмағазиев.
Ғалымның пікіріне сүйенсек, су тасқыны кезінде жер рельефі үлкен рөл атқаратынына көңіл аударылуға тиіс. Өйткені Атырау облысы Жайық өзенінің төменгі бөлігінде орналасқан. Мәселен, Индер ауданының орталығы Индербордан Махамбет ауданындағы Махамбет ауылына дейінгі еңіс – шамамен 25 метр. Ал Махамбеттен Атырау қаласына дейін 5-6 метр болуы мүмкін. Ал теңіз сағасына дейінгі аралықта – 4 метр.
«Мұның бәрін шамамен айтып отырмыз. Бәлкім, 50 сантиметрге қателесуім мүмкін. Әзірге Жайық өзенінен қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда өзен арнасы мен жайылманы шатастырып аламыз. Біз өзеннің жайылмасын сақтау қажеттігін ұғынбай жүрміз», дейді А.Жұмағазиев.
Оның айтуына қарағанда, Жайықпен келетін мол су мамыр айының басында өзенді арнасынан асырып, тасытуы мүмкін. Сол себептен су тасқынына байланысты көп жылғы деректерді ұдайы сараптау, ескеру керек.
«Осы тұрғыдан бұрынғы деректерді сараласақ, Атырау облысының аумағына тасқын судың көп бөлігі әдетте мамыр айының ортасында келгенін білеміз. Бірақ биыл Ресейдің аймағынан мол су келіп, көктемгі тасқынның ерте басталуына себеп болып отыр. Батыс Қазақстан облысының аумағымен төменге қарай аққан су Атырауға шамамен 6-7 күнде жетеді. Осындай болжамға сүйенсек, 2-3 мамыр күндері Жайық өзенінің Атырау облысындағы арнасы толуы мүмкін. Бірақ бұл – болжам», дейді ғалым А.Жұмағазиев.
Атырау облысының жедел штабының мәліметінше, кеше 24 сәуірде таңертеңгі сағат 08.00-де Жайық өзенінің деңгейі Индербор кентінің тұсында – 597 сантиметрге, Махамбет ауылында 715 сантиметрге жеткен. Ал Атырау қаласындағы гидробекетте 422 сантиметрге жеткен.
«Атырауда Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 5 метр 50 см. Су тасқынының қаупіне байланысты 24 сәуірге дейін Атырау қаласындағы Жайық өзенінің жағалауына 229,6 шақырым бөгет тұрғызылды», деп мәлімдеді облыстық жедел штабтан.
Жайық өзенінің деңгейі көбірек көтерілген Махамбет ауданында сай-жыраларды ашу қолға алынды. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме директоры Алтынбек Амангелдіұлының айтуынша, елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін осындай шешім қабылданған.
«Жайық өзенінің маңында сай-жыралар аз емес. Осы кезге дейін өзен суын бұру үшін 12 жыра ашылды. Қазір Қарт Жайық, Ойынкөл, Өлішығанақ, Бесағаш, Қоржын, Қосөзек, Жұмай, Бесқала, Алмағамбет және басқа сай-жыраларға су құйылып жатыр. Өзен суының көп бөлігі сай-жыраларға құйылса, елді мекендерді тасқын қаупінен қорғап қалуға болады. Әзірге су құрамынан орман шаруашылығына кері әсер ететіндей зиян байқалмады», дейді А.Амангелдіұлы.
Оның пікірінше, кейінгі жылдары су тапшылығынан орман шаруашылығы аумағында қураған ағаш көбейген. Сол себептен Махамбет ауданындағы сай-жыралар қураған ағаш қалдықтары мен топырақтан тазартылған.
Бүгінде Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасы тереңдетіліп жатыр. Бұл – аталған өзенмен Атырауға келетін суды теңізге ағызып жіберуге септігін тигізетін қадам. Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, өзен сағасын тереңдету жеделдетілген тәртіппен жүргізіліп жатыр. Өйткені Жайық өзенінің сағасы өте тайыз.
«Мақсатымыз – Жайық өзенінің арнасымен келген мол судың Каспий теңізіне құйылу ағысын арттыру. Қазір өзеннің теңізге құяр сағасының тереңдігі небәрі – 40-50 см, ені – 20 метр. Тереңдету жұмысы аяқталғаннан кейін сағаның тереңдігі 2 метрге дейін жетеді», дейді Н.Құсайынов.
Өзен сағасын тереңдетуді «Павлодарөзен порты» АҚ қолға алған. Жоба детекшісі Дидар Әліповтің дерегіне жүгінсек, кәсіпорыннан Watermaster-4 маркалы екі арнайы техника тартылған. Кейін тағы екі техника тартылып, адам саны 12-ге жетті.
«Мұндай тереңдету жұмысын маусым айына дейін жүргізуге болмайтын еді. Өйткені осы кезеңде балық уылдырық шашады. Алайда тасқын судың қаупіне байланысты Жайық өзенінің теңізге құяр сағасын тереңдету мәселесі туындады. Сол себептен қазір бұл жұмыс жедел қолға алынды», дейді Д.Әліпов.
Бұл сағаның ұзындығы шамамен 56 шақырымды құрайды. Кейінгі 20 жылға жуық мерзімге Жайық өзеніндегі су азайып, аталған саға бітелуге шақ қалған. Сағаның тайызданғаны су көліктерінің қозғалысына да, өзен суының теңізге құйылуына да кедергі келтірген.
«Біз жұмысты 11 сәуірде бастаған едік. Техникамыз сағатына 700 текше метр аумақты қазып, топырақты қысыммен алысқа лақтырады. Тереңдету жұмысының параметрі – 1 600 метр, ұзындығы – 20 шақырым. Тапсырма белгіленген мерзімде аяқталады», деді Д.Әліпов.
Атырау облысы