• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2024

Тасқын зардабын жою қарекеті

119 рет
көрсетілді

ТЖД-ның кейінгі мәліметіне қарағанда, тасқынның әлегі тұрақты болуымен қатар күрделі қалпында. Сергеев суқоймасы әлі күнге 164 пайызға толып тұр. 24 сәуірде судың деңгейі 17 см-ге түсіп, бөгеттен асқан биіктігі 3 метр 39 см-ге жеткен.

Петропавлда 100 жаңа үй салынады

Дегенмен Есілдің Солтүстік Қазақ­станнан жоғарғы арнасының бойында судың деңгейі әжептәуір түсті. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би ауылының жанындағы гидробекет 83 см-ге төмендеді. Бірақ төмен орналасқан Есіл мен Қызылжар ауданының аумақтарындағы елді мекендерде су деңгейі аса үлкен болмаса да шағын көлемде өсіп отыр. Атап айтқанда, бір тәулікте Покров­ка ауы­лында – 1 см-ге, Ново­ни­кольскіде 6 см-ге су көтерілген. Пет­ропавл қаласының өзінде су деңгейі 11 см-ге артқан. «Қаз­гид­рометтің» айтуына қара­ған­да, өзеннің деңгейі 27-28 сәуірде ең биік шыңына жетіп, одан әрі төмендей береді. Қарғын судың құйылуы бұл уақытта болмайды деп болжанып отыр. Ал 1 мамыр­­дан бастап облыстың бар­лық ай­мағында су тұрақты түрде тартылмақ.

Тасқын басталғаннан бері облыс бойынша барлығы 3 419 үй суда қалған. Қазір соның 196-нан су кеткен. Барлығы 14 388 адам эвакуацияланып, қазір соның 744-і үйіне оралған. 906 адам әлі де эвакуациялық бекеттерде жатыр, 12 718 адам туған-туысқандарын саға­лап жүр. 5 мыңдай тұяқ қауіп­сіз жерлерге айдалған.

Петропавл қаласының Ойқа­ла шағын ауданында мемле­кет­­тік материалдық резерв­тен алын­ған жылжымалы су соратын станса жұмыс істеп тұр. Бұл алып станса сағатына 1 800 текше метр су айдай алады. Облыс­тағы тасқынға қарсы күреске жергілікті ТЖД-дан басқа Астана қаласы, Түркістан, Қарағанды, Пав­лодар облыстарының ТЖД қыз­меткерлері жұмылдырылып, барлығы 531 адам күші, 81 техника, 69 мотопомпа, 49 жүзу құралдары қатыстырылды.

Сәрсенбіде Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімдігі мен «Қа­зақ­стан халқына» қоры Пет­ропавл қаласының аумағын­дағы «Солнечный-2» шағын ауданына тасқыннан зардап шеккендер үшін бір типті 100 үй салып беру жөнінде меморандумға қол қойды. Қордың ақылдастар кеңесі елдің барлық су басқан ауданына құрылыс жүргізу үшін 10 млрд теңге бөлуді бекіткен екен. Алайда тасқын басталған 1-30 сәуір аралығында қорға құйылған қайырымдылық қаражаты артқан. Осы уақытта бұған 2,9 млрд теңге құйылыпты. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, қор Петропавлдың өзіне ғана 100 жаңа үй тұрғызбақшы. Мердігер компанияларды табу міндеті әкімдікке жүктеледі. Тен­дер­мен құрылыс компаниясын табу, құрылысты қабылдап алу сияқты жұмыстың – бәріне мониторинг жасалып, ашықтық сақталуы меморандумда аталып өткен. Бұл үшін жұмыс тобының қатарына қоғамдық ұйым өкілдерін тарту да ұмыт қал­маған.

Қала әкімі С.Мұхамедиев құ­­ры­лыс жүргізу үшін жер дереу бөлінетінін айтты. Сонымен қатар ол суда тұрған үйлерді әзір­ге бағалау мүмкін емес екенін жет­кізді. «Кеше суы құрғай бас­таған жерлердегі кейбірінің жағ­дайын көріп шыққан едік. 12 үйдің сырты бүтін болғанымен еңкіс­теніп, құлауға айналып қал­ғанын көрдік. Мұндай үйлерді қалпына келтіру мүмкін емес, сондықтан олардың иелеріне жаңа үй берудің тетіктерін су қайтпаса да жасай беруге тиіспіз», деді әкім.

 

Міндетін атқарғандар алғыс арқалап қайтты

Петропавлдың іргесіндегі Бес­көл ауылының орталық ала­ңын­да Астана қаласындағы 68665 әскери бөлімінен тасқынға қарсы күресіп, қызылжарлықтарға кө­мек беруге келген әскерилер өзде­­рінің қызмет орындарына қай­та­рылды. Салтанатты шығарып салу рәсімінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөйлеп, міндетін адал атқарған жауынгерлерге алғы­сын айтты.

«Құм салынған ауыр қаптар­ды тасып, дамбаларды бекітіп, мұздай судың жол тауып кетуі үшін арықтар қазып, суыққа тоң­ған­дарыңызға, қарын­дарыңыздың ашқанына қарамай, уақытпен санас­пай жұмыс істедіңіздер. Еліміздің нағыз патриоты, Отанына шын берілген, ер мінезді жауынгерлер екендеріңізді көрсеттіңіздер. Бәріміздің бірге болып, тасқынмен аянбай күрескен еңбегіміздің арқасында, ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Сіздердің араларыңызда 51 солдаттың әскери мерзімі аяқталған екен, алайда олар да үйіне кетуге асықпай, қиын жағдайда жолдастарымен бірге болып, апатқа қарсы күресті. Мен бәріңізге облыс халқының атынан алғыс айтамын», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыстың полиция департаментінде де тасқынмен күресте көмекке келген Құрлық әскерлері мен Ұлттық ұланның жауынгерлерін шығарып салу рәсімі болды. ПД басшылығы ерен еңбегімен көзге түскен бір топ сарбаздар мен офицерлерді арнайы Алғысхаттармен марапаттады. Оларды ПД басқарма бастығы, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин тапсырды. Ал 6637 әскери бөлімінде полицейлерге командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыс жөніндегі орынбасары майор Шухрат Әшімов алғысын білдірді. Об­лыстық полиция депар­та­мен­тінің құрамындағы мәдени орталықтың қызметкерлері концерт қойып, әннен шашу шашты.

«Астана» өңірлік қолбас­шы­лығына кіретін 31775 әскери бөлімінің 300-ден аса әскери қызметшілері Петропавлға 8 сәуірде келген. Олар Петропавл ауыр машина жасау зауытына орналастырылған. Құрлық әскер­ле­рінің тәжірибелі офицерлерінің басшылығымен сарбаздар және келісімшартпен қызмет атқарып жүрген әскерилер келе салысымен күн-түн демей ашық аспан астында бөгеттер тұрғызды, эвакуациялау, күзету шараларына қатысты, тұрғындарға көмек көрсетті.

Құрлық әскерлерімен бірге Ұлттық ұланның 5537 әскери бөлімінің сарбаздары Қызылжар өңірінде иық тіресе қызмет атқарды. Олар жергілікті 6637 әскери бөлімінің сарбаздарымен, курсанттарымен және полицейлермен бірге бекеттерде құқық­тық тәртіпті сақтады.

 

Көмектер легі

Бір күн бұрын Қызылжарға тәжік ағайындардың елінен 16 вагон қайырымдылық жүгі жетті. Бұл көмек заттары қаланың су басқан Заречный, Ойқала, Тері зауыты және Қызылжар ауданы ауылдарының тұрғындарына таратылатын болды. Қайырымдылық жүктерінің қатарында тәжік диқандарының тәтті жемістері де бар. Сонымен қатар адамға күн­делікті қажетті заттар салын­ған қораптар да көп екен. Олар­ды қабылдап алғандардың бірі, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева: «Бұл заттар біздің зардап шеккен тұрғындарымызды бір сәт қуантып, көңілін көтеретініне сенімдімін. Қиын кезде қолұшын берген тәжік бауырларымызға алғы­сымыз шек­сіз. Біздің аудан­нан барлығы 8 мыңдай адам эвакуация­ланды. Су­дың тез келіп қалғаны сондай, лы­па­сымен жүгі­ріп шыққан ауыл тұрғындары да бар. Енді соларға мына заттарды бөліп береміз», деді.

16 вагонды түсіруге 120 жауынгер және көмекке келген Қарағанды облысы ТЖД 40 қызметкері жұм­салған екен. Олар жеңіл болса да қымбат бағаланатын жүктерді тізіле тұрып, «Газельдерге» жылдам артып жатты. Тәжік ағайындар жал­ғыз Солтүстік Қазақстанға ғана емес, еліміздің зардап шеккен басқа облыстарына да, барлығы 50 ва­гон­ның қайырымдылық жүгін жіберіпті.

Осы күні Қызылжарға Қара­ғанды қаласынан да тірке­мелі үш жүк машиналарынан тұра­тын қайырымдылық керуені жетті. Олар Қарағанды облысы мәсли­хат­тарының депутаттары, «Amanat» партиясының өкілдері және Абай ауданынан жиналған көмек екен. Барлық жүктің салмағы 50 тоннадан асады. 700 шақырымнан артық жол жүріп келсе де қайырымдылық сапарымен келген жандардың жүзі жарқын, шаршағандары білін­бейді. «Жиналған қаражатқа ма­карон, ұн, сұйық май, таза су, төсек жабдықтарын, матрас­тар, жастықтар сатып алдық. Сонымен қатар 10 тонна картоп әкеліп отырмыз. Басына қиын­шылық түскен жандарға қолымыздан келгенше көмек беруге асықтық», дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Шахмұрат Таңқыбаев.

Қайырымдық көмектерді қа­был­­дау мен бөлу бір орталықтан рет­телген. «Әр көшеге барған жүк­терді қабылдап алып, бөліп тұратын адамдар белгіленген. Олар – өздерінің көршілерін жақсы білетін жергілікті адамдар. Кімнің үйінде қанша бала, қанша жан барын олар жақсы біледі. Сондықтан бәрі де әділ бөлінуге тиіс», дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова.

 

Солтүстік Қазақстан облысы