Қазіргідей қысылтаяң шақта елдің бар назары су басқан өңірлерге ауып тұр. Материалдық, моральдық тұрғыда көмек беруге жүрегі бар жанның бәрі әзір. Сондай жанашырлық пен азаматтықты еліміздегі жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен студенттерінің де нақты әрі нәтижелі әрекетінен байқадық.
Өткен аптада Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында баяндағандай, еліміздегі 16 жоғары оқу орнының жатақханаларынан жалпы саны 3 820 орын даярланып, онда 548 адам орналасты, оның 228-і – мектеп жасындағы балалар. Ал резервтегі орындар саны 3 272-ні құрайды.
«Ал студент жастар мен жоғары оқу орындарының қызметкерлері қатарынан 5 мыңнан аса ерікті қоғамдық қызметте жүр. Олар негізінен гуманитарлық көмекті үлестіру, тарату, тиеп және түсіру, сонымен қатар бөгеттер жасау үшін қаптарға құм толтыру сияқты жұмыстарды атқарып жатыр. Жоғары оқу орындарының 150-ден аса оқытушысы оқушылардың сабақтарын ұйымдастыруға дайын және жоғары оқу орындарында аудиториялар мен орындар әзірленіп жатыр. Қажет болған жағдайда оқушыларды оңалту үшін олардың демалысын ұйымдастыруға да өңірлердегі жоғары оқу орындары дайын», деді вице-министр.
Су тасқынынан аман өңірлердегі жоғары оқу орындары су басқан өңірлерге түрлі жәрдем түрлерін көрсетуде белсенділік танытып отыр. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 500-ге жуық оқытушысы мен қызметкері бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударып, 4 млн теңгеден аса қаражат аударды. Сондай-ақ аталған университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек түркиялық бауырлардың атынан қосымша 3 млн теңге қаражат жіберді. Ал оқу орнының «Актерлік өнер» мамандығының 2-курс студенттері қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» атты қойылымды сахналады. Билет сатылымынан түскен қаржыны материалдық көмекке аударды. Ахмет Ясауи университетінің басшылығы барлық жиналған қаражатты Атырау облысының тұрғындарына жәрдем үшін жұмсауға шешім шығарыпты. Оқу орны атынан құрылыс-шаруашылық заттары сатып алынып, жүк көлігімен Атырау облысына жөнелтілді. Оқу орны жіберген жәрдемді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қабылдап алып, жәрдем қажет орындарға жеткізеді.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің 1000-нан аса профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері де бір күндік жалақысын арнайы көмек қорына аударды. Осыған қоса университет базасында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде гигиена құралдары, азық-түлік және зардап шеккендерге қажет басқа да заттар жиналады. Ал студенттік белсенділер азық-түлік пен заттарды жинау орталығында көмектеседі.
Солтүстік өңірдегі университеттер де су тасқынының алдын алу жұмыстарынан қалыс қалмады. Айталық, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері Петропавлдағы су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр. Жұмысқа 300-ден көп адам тартылған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің басшылығымен еріктілер қорғаныс құрылыстарын нығайтады, қаптарды толтырады, қала тұрғындарына көмек көрсетеді, сондай-ақ гуманитарлық көмекті түсіруге қатысады. Өз кезегінде, М.Қозыбаев университеті ұжымының әйел қызметкерлері тасқынына қарсы іс-шаралармен айналысатын еріктілер мен әскери қызметшілерге тамақ дайындап жатыр. Сонымен қатар аталған университетте су тасқынынан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге дайын еріктілер тобы құрылды. Олар – Аризона университетімен білім берудегі психология бағыты бойынша қос дипломды бағдарламалар бойынша оқитын студенттер, сондай-ақ жоғары оқу орны психологиялық клубының қатысушылары. Барлығы – 40 адам. Еріктілер тобы арнайы ұйымдастырылған тренингтер циклі арқылы Төтенше жағдайлар департаментінің психологтерінен дәріс алды. Студенттерге жедел желі телефонында және эвакопункттердегі адамдармен жұмыс істеу бойынша кіріспе нұсқама берілді.
Атыраудағы қызу жұмыстың ортасында жүрген сондағы екі университеттің қызметкерлері мен студенттері 10 шақырым бөгет тұрғызып жатыр. Атырауға жұмыс сапары кезінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алмалы және Бесікті ауылдарында тасқын судан қорғауға бөгет тұрғызып жатқан азаматтармен кездесіп, оларға алғыс айтқан еді. Сол кездесуден министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы мұнай-газ университетінің 400-ге тарта қызметкері және 2 500 ерікті студенті Жайық өзені арнасын бекіту, бөгет тұрғызу жұмыстарына белсенді қатысып жүр. Атырау облысында құрылған Жедел штабтың нұсқауымен университеттер қала іргесіндегі Алмалы және Бесікті елді мекендерін тасқын судан қорғайтын биік бөгеттерді аяқтап қалған. Университетке бөлінген аймақта жергілікті компаниялар техникамен қамтамасыз етіп, бөгет тұрғызуды тәулік бойы жүргізіп келеді. Бөгеттің тасқын суға беріктігін арттыру үшін студенттер мен оқытушы профессорлар қапқа жеделдете топырақ толтырып әзірлеп, тоспаны бекемдеп жатыр. Университеттердің Жедел штабы студенттер мен қызметкерлерді қажетті құрал-сайманмен қамтамасыз етіп, жылы шатырлар тігіп, ыстық тамақ дайындап, тасымалдаушы автобустарды ұйымдастыруда. Осылайша, жедел әрі тасқынға берік 10 шақырымға созылған бөгет салынып жатыр.
Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан қарқынды жұмыстарға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен 500-ге жуық ерікті белсенді атсалысып жатыр. Олар 27-наурыздан бастап апаттан қорғау шараларына, соның ішінде, құм тасу, бөгет жасау және эвакуациялау жұмыстарына атсалысып жатыр. Сонымен қатар гуманитарлық көмек көрсету орталықтарында қажетті тұрмыстық тауарларды үлестіру және реттеу жұмыстарына да көмектесіп келеді. Ал университет қызметкерлері мен оқытушылары, шаруашылық бөлімінің мамандары, «азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығының студенттері эвакуация аймағында қызмет етіп жүрген құтқарушыларға 250-ден аса ыстық тағам таратты. Эвакуациялық пункттерде орналасқан отбасыларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінің оқытушылары мен студенттері тұрақты түрде психологиялық тренингтер өткізіп жатыр.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки өткен аптада Қостанай қаласына жұмыс сапарымен барып, А.Байтұрсынұлы атындағы университетте орналасқан гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің жұмысымен танысқан еді. Мұнда аталған университет қызметкерлері мен студенттері гуманитарлық жүк тиеуге күш салып келеді. Астана, Жамбыл, Қарағанды, Лисаковск пен Қырғызстаннан зардап шеккендерге көмек жинап жатыр. Қазіргі таңда 174 мың тонна азық-түлік пен ең қажетті заттар келіп, еріктілер оны су тасқынынан зардап шеккендерге үлестіріп отыр. Қазірдің өзінде 750-ден аса адамға көмек көрсетілді, бұл көрсеткіш сағат сайын артып келеді. Сол сапары аясында вице-министр Д.Ахмед-Заки А.Байтұрсынұлы университетінің Smart орталығында болып, аталған жоғары оқу орнының ғалымдары былтырдан бері айналысып жатқан су ресурстарының жедел мониторингі және гидротехникалық құрылыстардың экологиялық бақылау жүйесін құру жобасымен танысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті су тасқыны болып жатқан Батыс Қазақстан облысына 5 млн теңгеге 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ал су тасқынынан үйлері зардап шеккен 50 студентке 100 мың теңгеден жәрдемақы тағайындады. Жиналған көмектің жалпы сомасы 10 млн теңгені құрады. Оқу ордасының базасында арнайы қайырымдылық пункті ашылды. Акцияға университеттің оқытушылары мен қызметкерлері, білім алушы жастар белсенді атсалысты. Гуманитарлық көмек тізімінде жаңа киім-кешектер, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, карематтар, бұзылмайтын тағамдар, ауызсу, төсек-орын жабдықтары, резеңке етіктер мен қолғаптар және басқа да қажетті заттар бар. Оның ішінде 250 қалың төсеніш, 500 көрпе, 300 жастық, 700 сүлгі, 400 кір сабын, 500 литр сұйық сабын бар. Осыған қоса 1 300 кило макарон өнімдері, 200 кило қарақұмық, 500 кило күріш, 200 кило қант сияқты ұзақ сақталатын тағам түрлері жөнелтілді. Үйлері суға кеткен және қалпына келтіруге жарамсыз болып қалған отбасылардың студент балаларына қолдау қаражат жеке өздеріне аударылады.