Суретті көріп, қарапайым қара шаршының не мәнісі бар деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл, шын мәнінде, шаршы емес, тіпті қара да емес.
1915 жылы 19 желтоқсанда Петербургте ашылған «0,10» атты футуристикалық көрмесіне Казимир Малевич бірнеше сурет дайындауы керек болған. Уақыт алқымнан алған кезде суретші дайын тұрған туындысына көңілі толмай, қара бояумен бояй салыпты. Міне, осыдан картинаның түрлі түсті бояудан шыққаны анықталды. Кейін көрмеге келушілер дәл осы қарапайым әрі жұмбақ суретке ерекше қызығушылық танытқан. Өйткені мұны түсінген адамға философиялық формула ашылады-мыс. Яғни әлем бір қарағанда тегіс әрі қара ала түсті болып көрінеді. Бірақ адам ғаламға басқа қырынан қараса, оның түрлі түсті екенін байқайды.
«Тоғызыншы толқын»
Иван Айвазовский туындыларының негізгі кейіпкері – теңіз. Оның бұл суретінде де теңіздегі дауылдан кеме апатына ұшыраған адамдар бейнеленген.
Айвазовский теңіздің көз тоймас сұлулығы мен жан түршіктірер қатыгездігін шебер қабыстыра білген. Табиғат апатымен соңғы демі қалғанша арпалысқан адамдар тағдырының трагедиясы бір көргеннің көңіліне мұң ұялатса да, терең үңілгеннің көзіне үміт символы саналатын түрлі түсті сәуле оттай басылады. Бұл жұмыста суретші өзінің 1844 жылы Бискай шығанағында болған саяхатын бейнелеген. Кейін бұл туынды «Әлемнің 100 ұлы картинасы» кітабына енді.