• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ғылым 02 Мамыр, 2024

Бруцеллез диагностикасының жаңа әдісі

128 рет
көрсетілді

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары рекомбинантты ақуыздардың негізінде бруцеллезді диагностикалауға арналған жанама гемагглютинация реакциясы-жинағын әзірледі.

Ғылыми жобаның же­текшісі, ветеринария ғылымдарының докторы, ҚазАТЗУ Микро­био­логия және биотехнология ка­фе­драсының профессоры Айт­ба­й Булашевтың айтуынша, бру­цел­лезді диагностикалаудың жа­ңа­ша әдісінде артықшылықтар бар.

– Отандық құрамдас бөлік­терден жасалған жанама гемагглютинация реакциясы-жинағын диагностикалық тәжірибеге ен­гізу диагностикумның қара­пайымдығы мен құнының төмен болуы есебінен ветеринариялық іс-шаралардың тиімділігін едәуір арттырады. Ал әлемдік вете­ринариялық тәжірибеде ал­ғаш рет эритроциттік антиген ретінде пайдаланатын рекомбинантты ақуыздар серологиялық зерт­теулердің ерекшелігін арттыруға мүм­кіндік береді. Бұл әдіс-тәсіл­дің көмегімен адамға жұққан бру­целлезді диагностикалауға да қол­дануға болады, – дейді А.Булашев.

Бруцеллездің диагностикасы жануарлардың басқа да аса қа­уіпті ауруларының диагностикасы секілді мемлекеттік моно­полияға кіреді. Сондықтан жанама гемагглютинация реак­ция­сы-жинағының негізгі тұты­нушылары – республикалық вете­ринариялық зертхана, оның облыстық және аудандық бөлім­шелері, сондай-ақ Ауыл шаруа­шылығы министрлігі вете­ри­нариялық бақылау және қадағалау комитетінің ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығы.

Жоба нәтижесінде эритро­циттердің (қатты фазаның) сыртқы мембрананың жалғыз рекомбинантты ақуыздармен (Omp19, Omp25, Omp31), Brucella тектес бактериялардың периплазмалық кеңістігімен сондай-ақ химе­рикалық ақуыздармен сенсибилизациясы үшін оңтайлы жағдай жасалған. Жеке ақуыз­дардан эритроциттік антиген дайындалып, олардың жанама гемагглютинация реакциясы-жинағындағы гомологиялық және гетерологиялық сарысулардағы антигендері зерттелген. Атал­ған рекомбинантты бруцелла ақуыз­дарының E. coli-продуценттері штаммдарының бактериялық массасы әзірленген.