• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 02 Мамыр, 2024

Мейірім мелодиясы

133 рет
көрсетілді

Кешкі концертіне дайындалып отырған Пьер Моранж елден жайсыз хабар алады. Көңіл күмбезі опырылып түссе де, атақты музыкант көрермен құрметіне кешті жоғары деңгейде өткізіп шығады. Анасын жер қойнына тапсырып келгеннен кейін ескі сыныптасы есігін қағады. Екі құрдас әңгімелесіп отырып, мектепте түскен жалпы суреттегі оңашалау, ойлы көзді мұғалімдерін ерекше ілтпатпен еске алады. Себебі Клеман Матье олардың шырағын жағып, болашағына сенген алғашқы жан еді.

2004 жылы жарыққа шыққан француз режиссеры Кристоф Барратьенің «Хористер» көркем туындысы – көрер­меннің ыстық ықыласына бөленіп, Еуро­па киноакадемиясының сыйлығына ие болған фильм. Онда тентек балаларды жұдырықпен емес, жылы сөзбен тәр­биелеген мейірбан ұстаз хақында баян­да­лады. Жұбаныш таппай жүдеген же­тім көңілдің жалқы мұңы суреттеледі. Сартап сағыныштың сазға ұласқан бей­несі көрсетіледі.

Оқиға 1949 жылы музыка пәні мұға­лімі Клеман Матьенің «тоған түбіне» жұ­мыс­қа келген сәтінен басталады. Қиын жас­­өс­пірімдерге арналған интернат-мек­тебі заманында солай аталатын. Қолымен шы­­бын жасқамайтын мұғалім үшін бұл ғимарат тоғанның емес, тозақтың түбін­­дей көрінеді. Есерсоқ балалар Кле­ман­ды адам құрлы көрмейді. Мектеп ди­рек­торы қатыгез Рашен «акция = реакция» ұстанымымен оқушыларды жөн-жо­сық­сыз қатал жазаға кесе береді. Ал мұн­дай әдіс балаларды тек кектендіре түседі.

Қалыптасқан әдетінше ақкөңіл Матье бұл үрдіске қарсы тұрғысы келеді. Ол директор Рашеннің қарсы­лығына қарамастан, мектеп хорын ұйымдастыруға бел байлайды. Ұжымдық жұмыс балалардың оң бетбұрысына себеп болады. «Оң бетін ұрса, сол бетін тосқан» мұғалім үшін бұл жұмыс, әрине, оңайға соқпайды. Ақыры мейірім сәулесінің жарып шықпайтын түнегі бола ма? Интернаттың жазалау алаңы хордың концерттік сахнасына айналады. Интернат тәрбиеленушілерінің арасында бірегей дауыс иесі Пьер Моранж да бар еді. Заманында ең тентек бала әп-сәтте әуензада рухтың иесіне айналады. Артынша бір кезде өзі келемеждген ұстазының кемел насихатымен Лиондағы консерваторияға түседі. Осылайша, ешкімге белгісіз, қырықтан асқан қарапайым музыка мұғалімі тағ­дыр­дың тәлкегіне ұшыраған тарамыс мінезді балаларды мейірім нұрына суарып, жарқын болашағына себеп болады.

Фильмде кейіпкердің жаныңа жарық құятын ғадеттерінің бірі – баламен бір деңгейде сөйлесе алуы. Дау-дамай туа қалса, оны үшінші тарапқа жеткізбей, бірден шешеді. Жатсынбай жақын тартады, жассынбай сырын ақтарады. Осылайша, өмірі өзін маңызды адам сезініп көрмеген жеткіншектер өз ісінің бұрыстығын мойындайды. Артынша түзелуге ниеттенеді. Иә, расында бала тәрбиесіндегі басты құрал – жазалау емес, сенім білдіру екендігін мамандар талмай айтып келеді. Бұл тұжырымдама жүзеге асатын болса, ата-ана мен баланың арасындағы бөгет әлдеқашан қирап түсер еді ғой. Осы орайда Жан-Жак Руссо­ның мына бір сөзі ойға оралады: «Баланың балалығын тыйдым дегенше ержеткендегі даналығын тыйдым деңіз», дейді ол.

Иә, ол оқушыларына қол көтерген жоқ. Балағаттап, жекірген жоқ. Жазалау мақсатында директорға апарып, интернаттан шығарамын деп доқ көрсеткен жоқ. Матье тек жүрегінде музыка шұғыласын айналасына төге берді. Қатыгездікті мейіріммен тыюға болатынын дәлелдеді. Осылайша, мейірбан Матье жас жүректерді мейірім мелодиясымен әлдилеп, олардың кеудесіне ізгілік дәнін біржола егіп кетті.