Қазіргі таңда ревматикалық кеселдер көкейкесті әлеуметтік мәселеге айналып келеді. Өткен жылы елімізде омыртқа, буын ауруларына душар болған 400 мыңнан аса науқас тіркелген, бұл көрсеткіш 2022 жылға қарағанда 9%-ға артқан. Өз кезегінде ДДҰ Жер шарындағы бүкіл халықтың 4%-ы аутоиммунды дерттердің азабын тартып отырғанын дәйектесе, демек аталған кесел асқына келе осыншама адамды жасына жетпей арбаға таңып, еңбекке жарамсыз етеді деген сөз. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ревматикалық дерт «жасарып» келе жатқандықтан, бұл ғылыми тұрғыдағы кешенді қадамдарды талап етеді.
Ревматология орталығы құрылады
Сонымен, өткен аптада отандық денсаулық саласында айтулы оқиға –APLAP-2024 Cимпозиумы мен Қазақстан ревматологтерінің 7-конгресі өтіп, үш күнге ұласқан ауқымды жиында Жапония, Сингапур, Гонконг, Тайвань, Бангладеш, Үндістан, Филиппин, Қатар, Қытай, Таиланд, Аустралия, Канада, Ұлыбритания, Колумбия, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан сынды елдердің жетекші мамандары сөз алды. Жоғарыда атап өткендей, Қазақстан ревматологтерінің 7-конгресі, Азия-Тынық мұхиты ревматологтер қауымдастығы мен Еуразиялық ревматологтер лигасы симпозиумында ревматикалық аурулар құрылымында ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, қабыну спондилоартриті, жүйелі васкулитке шалдыққандар саны артып келе жатқаны мәлім болды. Сондықтан елімізде отандық ревматология ғылыми орталығын құру осы бағытты ғана емес, жалпы денсаулық саласын дамытудың маңызды қадамы ретінде қарастырылып отыр.
– Ұлттық ғылыми орталықты С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында құру ревматология саласының деңгейін айтарлықтай көтереді. Бұл мәселе жөнінде Үкімет қаулысы шықты. Осы жобаны жүзеге асырумен жылдар бойы айналысып келеміз. Ұлттық ғылыми орталықтың жұмысы елімізде денсаулық сақтау саласындағы барлық жаңалықты енгізуге бағытталып, оған қоса отандық медицинаның ғылыми қызметі әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасады. Тағы бір маңызды вектор – кадрлық әлеует пен білім беруді дамыту. Алғашқы буын дәрігерлерінің, емханалардың, арнайы бағыттағы мамандардың ғана емес, жалпы практика дәрігерлерінің, терапевтердің білімін көтеру қажет. Өйткені біздің жұмысымызда ауруды асқындырып алмау өте маңызды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологі, Қазақ ревматология алқасының (QCR) және Еуразиялық ревматологтер лигасының (LEAR) президенті, профессор Ғалымжан Тоғызбаев.
Алматы конгресіне келген шетелдік мамандар да Қазақстанда ревматология ғылыми орталығын құру қажет деген тоқтамға келіп отыр.
– Өйткені бұл оқиға тек Қазақстанда ғана емес, өзге мемлекеттердегі мамандар үшін де аса маңызды. Меніңше, бұл – ревматологиялық мектепті дамытудың қисынды жалғасы. Ал Алматы конгресі әлемдік ревматология майталмандарын жинай алды. Қазақстанда бірнеше мықты ревматологиялық мектеп бар. Бірқатар себепке байланысты Ұлттық ғылыми орталық осы мектептерді біріктіруі, шоғырландыруы тиіс. Біріншіден, ол осы саладағы кәсіби кадрларды тәрбиелеудің қайнар көзіне айналса, екіншіден, ауқымды ғылыми қызмет. Қазір ревматология жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу жағынан онкологиядан кейінгі екінші орынға шықты. Бұл – медицинадағы өрлеудің қозғаушы күші. Өйткені жаңа әдістер емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. ХХІ ғасырда қабыну кеселдерінің эпидемиясы бар екенін айту керек, олардың ішінде ревматология ең айқын көрініс тауып отыр. Қазіргі уақытта өмір сүру ұзақтығы ғана емес, өмір сапасы да үлкен әлеуметтік маңызға ие, – дейді РҒА академигі, Ресей ревматологтер қауымдастығының президенті Евгений Насонов.
Таиланд ревматологиялық қауымдастығы, Чулалонгкорн университетінің ассисент профессоры Сумапа Чайямнуай Алматыда өткен конгресте өте қызықты да пайдалы сессиялар өткенін, ревматикалық ауруларды емдеудің өзекті тақырыптары талқыланғанын, шеберлік дәрістерінде инновациялық емдеу әдістері жөнінен тәжірибе алмасқанын атап өтті.
– Қазақстанға алғаш рет жолым түсіп отыр. Алматы әсем қала екен. Симпозиум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Пленарлық кездесулерде ревматоидты артритке бейімділікті анықтайтын генетикаға және осы ауруларды емдеу мен алдын алуды айтарлықтай ілгерілеуге ықпал ететін басқа да маңызды мәселелерді қозғадық. Болашақта біріге қимылдауға дайынбыз, өйткені табысқа өз бетінше жету қиын, әрқашан біліммен бөлісіп, тәжірибе алмасып отыру қажет, – деді Қатар ревматологиялық қауымдастығының президенті Самар Аль Эмади.
Қырғызстан ревматологтер қауымдастығының президенті Абдимуталиб Мамасаидов екі ел арасында ғалымдар мен дәрігерлердің өзара іс-қимылы біраз уақыттан бері жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
– Бұл – осындай ауқымдағы алғашқы симпозиум. Қазақстан ревматологтерінің 7-конгресінде көтерілген тақырыптар әрбір ревматолог үшін өзекті. Кейінгі 20 жылдағы ревматологияның үлкен жетістіктері де айтылды. Тәжірибеге ревматоидты аурулары бар пациенттердің өмірін едәуір жақсартатын биологиялық препараттардың енгізіліп, әрбір мәселе бойынша жетекші спикерлер сөйлеген мұндай форум – осы саланың дамуының ғана емес, сонымен қатар әртүрлі елдер мамандарының ауызбірлігінің дәлелі. Біздің әрқайсымыз үшін пациенттің денсаулығы – бірінші орында, – дейді РФ бас ревматологі, профессор Александр Лила.
Ғасыр дертіне айналып барады
Осы арада арнайы бағыттағы мамандар даярлаудың маңыздылығы мен ревматология саласына қызығушылық артып келе жатқанын айта кеткен жөн.
– XXI ғасыр бұл аутоиммундық дерттер ғасыры десек те болады. Ал аутоқабынулар, аутоиммундық өзгерістер мен аутоиммундық созылмалы аурулар – ревматологияның ең күрделі бөлігі. Оның белгілері невралогиялық, басқа да кеселдерге ұқсайтындықтан, бірден диагностикалау қиын, бірақ дер кезінде қаралу арқылы жеңуге болады. Ең бастысы – «Мүмкіндік терезесін» жіберіп алмау. Бір сөзбен айтқанда, дертті дер кезінде анықтап, емдік шараларды ерте бастау. Қазіргі таңда ревматологиялық ауруларды емдеуде гендік инженерлік-биологиялық терапия, жаңа синтетикалық препараттар, кіші молекулалар қолданылады. Ал мамандарды ауру белгісі басталғанға дейінгі кезең, «тәуекел тобындағыларды» зерттеу, «сау болып көрінетін адамдарда» оны қалай болжауға болады деген сауалдар қызықтырады, – дейді Қазақстан Президент Іс басқармасы медициналық орталығының Ұлттық госпиталі шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ревматологі Салтанат Бекенова.
– Мен Қазақстанға осындай маңызды кездесуге алғаш рет келіп отырмын. Іс-шарада остеопороз, микрокристалдық артрит сияқты ревматикалық аурулардың өзекті мәселелерін талқыладық. Біздің елде негізінен жасанды интеллект әдістерін қолданамыз. Сондай-ақ Қазақстанда ревматология ғылыми орталығын құру бастамасы өте ұнады. Бұл – маңызды оқиға, пациенттерге көмекті жақсартуға серпін береді. Өйткені ревматологиялық аурулары бар адамдардың барлығы әлемнің әртүрлі елдерінде бейінді түрде ерекшеленеді, – деді канадалық ревматолог Ванесса Окампо.
PANLAP – Ревматологтер қауымдастығы панамерикалық лигасының бас хатшысы, профессор Карлос Энрике Торо Гутьеррестің (Колумбия, Кали) пікіріне сүйенсек, ревматикалық аурулар тұрғылықты жеріне, қоршаған ортаға, нәсілі мен басқа факторларға байланысты ерекше сипатта болуы мүмкін, сондықтан ғылыми орталықта жинақталатын дербес деректер пациенттерге көмек көрсету сапасын жақсарта алады.
Қазақстанда осындай ауқымды жобаны құру бастамасын Берлиндегі медицина университетінің профессоры Франк Буттгерейт те қуаттай келе, ревматологияда да жаңа емдеу әдістерін жасау үшін үнемі зерттеуді қажет ететіндіктен, ғылыми әлеуетті дамыту қажеттігін атап өтті.
Бұл бастаманы Сингапур делегациясы қолдап қана қоймай, ревматологияны дамыту саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделестік танытып, отандық сарапшыларды биыл тамызда Сингапурда өтетін APLAR Азия-Тынық мұхиты лигасының конгресіне шақырды.
Қорыта айтқанда, омыртқа, буын ауруларына душар болғандардың дертін мүгедектікке жеткізбей, дер кезінде емдеп, осы арқылы денсаулық саласындағы кезекті бір әлеуметтік мәселені бір мысқалға болса кеміту өзектілігін жоймайды. Сондықтан отандық ревматологиялық қызметтің дамуын халықаралық деңгейден кем түспейтін мүлдем жаңа белеске көтеру үшін барлық шара қабылданып жатыр деуге болады.
Симпозиумның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін шетелдік қонақтар Алматының ең көрікті жерлерін аралап, Көктөбеге шықты. Ең қызығы, Сингапур Парламенті спикері өз елінен келген Сингапур ревматология делегациясының өкілі Йю-Куанг Ченг мырзамен күтпеген жерден кездесіп қалған. Сингапур Парламентінің спикері Алматының төрінде өз отандасымен кездескеніне қуанып қана қоймай, Қазақстанда халықаралық ауқымдағы ревматологтер съезі өткізіліп, әлемнің ең мықты ревматологтері тоғысқанынан хабардар болып, таңғалған көрінеді.
Осылайша, үш күндік симпозиумда ревматоидтық артрит, васкулит, остеопороз бен микрокристалдық артрит сияқты өте өзекті кеселдерді емдеудің заманауи әдістері талқыланып, инновациялық әзірлемелер ұсынылды, өзара әрекеттің бұдан былайғы келешегі талқыланды. Сондай-ақ цифрлық жүйедегі медициналық дәрі-дәрмектер көрмесі қатар жүрді.
АЛМАТЫ