• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Зерде 03 Мамыр, 2024

Қызылқұмнан шыққан қаһарман

266 рет
көрсетілді

Сексен жылға жуық уақыт өтсе де сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан жауынгерлердің ерлігі туралы естеліктер тарих парақтарына әлі де қосылып жатыр. Оның ішінде соғыстың алдыңғы шебінде жүріп, жеңіске жету жолында лайықты үлес қосқандар жайында тың деректер де бар. Кейінгі бірер жылдың өзінде бұрын беймәлім болып келген батырларымызды түгендеп, өшпес ерлігін ұрпаққа жеткіздік. Мәселен, осы уақытқа дейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, ала алмай қалған 133 адамның есімі жинаққа енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса беру керек екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай жиынында да айтты.

Бұрын-соңды ерлігі еленбей қалған батыр­ла­рымызға Ха­лық қаһар­ма­ны атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Ең жоғары әскери атақ 2022 жылы марқұмдар Төлеуғали Әбдібеков, Александр Нес­миянов және Ыбырайым Сүлейменовке берілді. Ал 2023 жылы жүз жасаған ақсақал­дары­мыз Әбдіғали Қай­молдин мен Иван Гапич осы мәр­тебелі атаққа ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы батыр­лар­дың ерлігі – бүгінгі және бола­шақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге.

 

Әскери  мектептен – әскери академияға

Фашистік Германиямен со­ғысқа қазақтар қатардағы сар­баз­дар мен кіші командирлер ретінде қатысты деп қабыл­да­нып келді. Қазіргі жастардың соғыс жылдарында үлкен атақ­қа қол жеткізген және дивизия командирі бола алған жал­ғыз қазақ ретінде Бауыржан Момыш­ұлы­ның ғана атын атайтыны рас. Тарихи оқулықтарда да соғыс­қа аттанған қазақтарды жаяу әскер қатарында ғана ерлік көр­сеткендей суреттейді. Мәсе­лен, «танк әскерлерінің подпол­ков­ни­гі» атағын алған және танк бригадасын басқарған түркі халықтарының алғашқы өкілі әрі кәсіби танкист болған қазақ батыры Ғали Әділбековті қарапайым халық түгілі, әскеріміздің өзі біл­мей­ді. Өкінішке қарай, оның есімі әлі күнге дейін өз дәрежесінде дәріптелмей келеді. Бұған дейін де жергілікті жердегі баспасөз беттерінде ол туралы естеліктер жазылғанымен, республика дең­гейде құлақ түріп, елеусіз қалған батыр­дың ерлігін ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Ғали Әділбеков 1908 жылы 1 қаңтарда Семей өңіріндегі Белағаш болысының Қызылқұм ауылында дүниеге келген. Кейбір деректерде батырдың тобықты руынан тарағаны, Абай Құнанбайұлының туысы болғаны айтылады. Алайда ата-анасы 1921 жылы большевиктер ұйымдастырған алғашқы аштық кезінде қайтыс болып, жастайынан жетім қалған ол атасы Әділбектің тәрбиесінде болады. 1923 жылы Қазақ аймақтық жеткіншектер интернатына оқу­ға түсіп, 1925 жылы бітіріп шығады. Кейін Орынбордағы қызыл командирлер мектебінде білім алады. Мектепті бітіргеннен кейін Ғали әскерде қызмет етуге шешім қабылдап, өз еркімен Қызыл армия қатарына қосылуға ше­шім қабылдайды. Батыл жігіт коман­дир­лердің көзіне тез түседі және сол 1925 жылы оны Таш­кентте жаңадан құрылған  В.И.Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебіне оқуға жібереді.

Білім ошағын 1928 жылы тәмамдаған ол танк әскері коман­дир­лерін даярлайтын курсқа жіберіліп, артынша 43-атты әскер полкінде взвод командирі болып тағайындалады. 1931 жылға дейін Түрікменстандағы ирандық моджахедтермен шайқастарға қатыс­қан. Сол жылы жас командир Ғали Әділбековтің өмірінде оның бо­ла­шақ тағдырын өзгерткен оқиға болды.

Қазақ офицері Семей, Таш­кент, Орынбор, Ленинград, Түмен, Свердловск, Курскіде қызмет етіп, 1930 жылы 43-атты әскер полкінің взвод командирі болып Қарақұм шөліндегі басмашыларға қарсы ұрысқа да қатысады. 1930 жылдан бастап Қызыл армияда жаңа әскери қызмет түрі құрылып, оны басқаруға мықты командирлерге таңдау жасалды. Олардың қатарында Ғали Әділбеков те бар еді. 1931-1941 жылдары танкистерді дайындаған үздік кеңестік әскери жоғары оқу орындарында оқыған ол алдымен Ленинград жоғары офицерлік бронды мектебі, содан кейін И.В.Сталин атындағы бронды әс­кер­лердің Әскери академиясында білімін шыңдайды.

1937 жылы Ғали кезекті демалысында жүргенде саяси қуғын-сүргін басталып, сөз тасушылар мен аңдушылардың наза­ры­на Ғали да ілігіп кете жаздайды. Қауіптің бетін байқаған жақындары Ғалидің тезірек Алма­ты­дан кетуін, қауіп төніп тұр­ғанын ескертіп үлгереді. Айтса айтқандай, Ғали Түменге кете салысымен елде қалған достарын НКВД қызметкерлері сұрақтың астына алады. Ал 1939-1941 жылда­ры ол Мәскеу қаласындағы бронетанк әскерлерінің академиясын бітіріп, кейін отбасымен Курс­кі­­­дегі әскери бөлімшені бас­­қаруға шақырылған. Егер іле-шала соғыс өрті лап ете қалма­ғанда қуғын-сүргіннің қамыты Әділбековтің басына да салынар ма еді, кім білсін...

 

Ескерілмеген ерлік

Ғали Әділбеков соғысты капитан ата­ғымен және танк ротасының коман­дирі лауазымында бастады. Сөйтіп, көп ұзамай өз ісіне берік, тәжірибесі мол офицер 51-панзерлік дивизияның 102-танк полкінің батальон коман­дирлігіне тағайындалады. Қыз­метке енді ғана кіріскен Ғали Әділбеков алғашқы ерлігімен көзге түседі. 1941 жыл­дың 6-10 шілдесі аралығында әйгі­лі Витебск шайқасында неміс және кеңестік танкистер алғаш рет бетпе-бет кездеседі. Осы ауыр шайқаста Әділбековтің танктері Витебск аэродромын босатып, жау танк­терінің көзін жояды. Алайда 14 шілдеде кеңестік әскерлер өздері босатып алған аэродромнан шегінуге мәжбүр болған. Өйткені оларға оқ-дәрілер мен жанармай уақытында жеткізілмейді. Кеңес танктерінің шегінуін капитан Әділбеков жеке өзі басқарған танк жауып тұрған.

Кейіннен 1941 жылы шіл­де­де Ғали Әділбеков 110-танк дивизиясының батальон коман­ди­рі болып тағайындалып, аңызға айналған Смоленск шайқасына қатысады. Тамыздың соңында Әділбеков жаңадан құрылған 141-танк бригадасының 1-батальон командирі болады. Сол жылы Брянск облысындағы Трубчевск қаласының маңында 200 кеңестік және 300 неміс танктері ашық шайқасқа түседі. Бұл шайқастың басты қатысушыларының бірі – тағы да Әділбеков басқарған батальон. Сұрапыл айқаста ол басқарған батальон жаудың 20-дан астам танк пен броньды машинасын, 10 танкке қарсы зеңбірегі және жаяу әскерінің бірнеше ротасының күл-тал­қанын шығарды. Осылайша, Трубчево шайқасы 200-ге жуық неміс танкісінің жойылуымен аяқталады. Мұндай жеңіске қара­­­мастан, кеңес әскерінің қол­­бас­­шылығы шегіну туралы бұй­рық береді. Алайда 141-танк бригадасының қолбасшылығы шегінуді дұрыс ұйымдастыра алмай, Әділбековтің батальоны жау қоршауына түседі. Осы сәт­те де Әділбековтің ұтқыр ше­ші­мінің арқасында батальон­ның барлық танкі аман-сау жау қоршауын бұзып өтеді. Ержүрек танкистердің ерлігі ел аузына таралып, ең маңызды кеңестік газеттерде – 1941 жылғы 5 қыркүйектегі «Вечерняя Москва», 1941 жылғы 13 қыркүйектегі «Известия» газет­­те­­рін­де егжей-тегжей сипатталады. Капитан Әділбековтің қайсарлығы тағы да ел аузына тарал­ғанымен, Кеңес Одағының Батыры атағы ердің бағына бұйыр­маған.

 

Танк бригадасының командирі

1941 жылдың қазан айының соңында Ғали Әділбеков 121-танк полкінің командирі болып тағайындалды. 1941 жылы желтоқсанда «танк әскерлерінің майоры» атағын алса, 1942 жылы наурызда 121-жеке танк бригадасы командирінің орынбасары болып бекітіледі. Осы жылы Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ғали Әділбековтің тікелей командирі болған, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, кейін Кеңес Одағының маршалы атағын алған Иван Якубовский өзінің «Земля в огне» деген 1975 жылы жарияланған мемуарында жау­мен шайқаста ерлік көрсеткен танк әскерлерінің командирлері жайлы айта келіп: «Подполковник Ғали Әділбековтің ұлты қазақ болатын. Онымен біз 1942 жылдың қаңтарынан, екеуміз 121-танк бригадасында қызмет еткен кезден таныс болдық. Ол тамаша моральдық – әскери қасиет иесі еді, ұйымдастырушылық қабілеті, ерік-жігері мол, гитлершілермен күресте қорқу дегенді білмейтін. Осылай бола тұрып, ол тым қарапайым, барлық жауынгерлер мен офицерлерді өз маңына тартып тұратын адам еді... Ол Ұлы Отан соғысын танк батальонының командирі болып бастады. 1942 жылдың ақпанында Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол басқарған батальон жаудың жиыр­мадан астам танкі мен бронды мәшинесін, он танкіге қарсы ататын зеңбірегін, бірнеше рота жаяу әскерін құртты... Тағдыр екеумізді кейін Днепр бекіністерінде кездестірді. Ғали Әділбекұлы гвардиялық танк полкінің командирі еді. Егер 43-тің қарашасында ерлікпен қаза таппағанда, үлкен шенді әскери бастық дәрежесіне көтеріліп, көптеген даңқты жауынгерлік істі тындырған болар еді», деп еске алған екен.

1942 жылдың мамырынан тамы­зына дейін Әділбеков тап­сырмаға тиянақты әрі сенімді танк командирлерінің бірі ретінде Мәскеуге командалық құрамды жетілдірудің әйгілі академиялық курстарына барады. Курстарды аяқтағаннан кейін, 1942 жылдың тамызында ол «Танк әскерлерінің подполковнигі» атағын алады. Сол жылы 47-жеке танк бригадасының командирі болып тағайындалады. Осылайша, Әділбеков бригадасы алдымен Сталинградқа бет алды. Мұнда Ғали өзінің батылдығымен тағы да көзге түседі. Тіпті кезекті шайқастардың бірінде лаулап жанған танктің ішінде қалған оны қаруластары өлдіге санайды. Алайда рухы мықты қазақ батыры жарақатынан айығып, соғыс алаңына қайта оралады.

Бірақ 1942 жылы қазанда Сталинград шайқасында үлкен шығынға ұшыраған 47-бригада бұйрықпен қайта таратылады. Ал ержүрек Ғали Әділбеков Воронеж майданына ауыстырылады, ол бұл жерде жеке гвар­­диялық 47-танк полкін бас­қарады. Осы кезең туралы сол кездегі Әділбековтің командирі 9-механикаландырылған корпус­тың командирі Малыгин кейіннен «Танк полктерінің арасында под­полковник Әділбековтің 47-гвар­диялық полкі бірден озық шықты» деп жазған.

 

Бұйырмаған атақ

1943 жылдың қыркүйегінде Әділбековтің полкі Днепрден өтуге жіберіліп, генерал-лейтенант П.С.Рыбалконың 3-гвардиялық танк армиясының құрамында өзенді бақылауға алуға кірісіп кетеді. Днепр өзенінің батыс жағалауында кішкентай Букрин плацдармы пайда болған кезде, оған алғашқылардың бірі болып Әділбековтің полкі жіберілген.

Букрин жағажайындағы шай­қастар Екінші дүниежүзілік соғыс­тың ең қанды шайқас­та­рының бірі ретінде тарихта қалғанына ешкім талас тудыра алмасы ақиқат. Мұнда кеңестің шағын ғана әскері 10 дивизиядан тұратын үлкен жау тобымен шайқасқа түседі. Салдарынан Букрин маңындағы ең ауыр айқастағы 12 күнде 30 мыңға жуық адам қаза тапты. Бұл оқиға әйгілі кеңестік «Батальоны просят огня» фильмінде көрсетілген. Осы Букрин көпірі үшін күрескен сұрапыл шайқаста, 1943 жылы 21 қазанда подполковник Ғали Әділбеков ерлікпен қаза табады. Өкінішке қарай, толарсақтан қан кешкен сұрапыл шайқаста қалың жау қолына қарсы тұрып, жанқиярлықпен қаза тапқан қазақ батыры Кеңес Одағының Батыры наградасын ала алмады. Тек қаза болғаннан кейін оған екінші Жауынгерлік Қызыл Ту орденін лайықты көрген екен.

Фашистермен шайқаста өз өмірін қиған қазақ халқының ержүрек ұлы ерлік пен өрліктің тамаша үлгісін көрсете білді. Онымен бірге қызмет еткендердің барлығы, тіпті төмен дәрежеге ие болғандардың көбі кейіннен ең жоғары шендерге ие болып, Кеңес Одағының Батырына айналған. Сол кездегі жоғары қолбасшылық батырдың еңбегін ескермегенімен, маршал Иван Якубовский «Танк бригадасының қолбасшысына генерал атағы міндетті түрде берілуі керек. Дарынды орыс емес­терді ең жауапты салаларда пайдаланғанымен, оларға ла­йықты әскери атақ пен батыр атағы берілмеді», деп мойындапты.

Жоғалған батырларды іздес­тіріп жүрген жазушы, тарихшы Жұмабай Доспанов та 2015-2023 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс майдангерлері туралы бірнеше томдық жинақты жа­рыққа шығарған. «Архив жұмыс­тарын ақтару кезінде Екін­ші дүниежүзілік соғыста танк бри­гадасын басқарған, танк пол­кінің командирі, екі мәрте Жауын­гер­лік Қызыл Ту орденімен мара­пат­­талған подполковник Ғали Әділбековтің Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­нылғанынан үміттеніп, түрлі архивтерді ақтар­дым. Ол – осы жаһандық соғыста танк бригадасының коман­дирі атанған жалғыз қазақ. Біздің батырмен соғыста иықтас болған екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, маршал Якубовский Ғали Әділбековтің мықты қолбасшы болғанын мойындап кетті», дейді тарихшы.

Ғали Әділбековтің әскери киім киіп түскен фотосуреті бүгін­де Алматыдағы «Даңқ аллеясы» мұ­ражайында ілулі тұр. Әйт­кен­мен ерлігі ескерілмей кеткен батырдың есімі ұрпақ жадынан өшіп барады. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды». Батыр есімін ұлықтап, қазақ ұлына Халық қаһарманы атағын беруге енді ешнәрсе кедергі бола қоймас...