Биылға дейін еліміз цифрландыру бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында көшбасшы болғанын мақтан тұтып келдік. Алайда биыл цифрландыру саласында одан әрі ілгері басудың орнына, бір қадам артқа шегініп кеткендейміз.
Себебі былтыр екінші деңгейдегі банктер мобильді төлем жүйесін енгізгендіктен, әмиянымызды сандыққа тастап, қалтамызға қағаз ақша салып жүруді мүлдем доғарған едік. Мұның өзі қоғамдық көлікте қалта ұрыларынан сақтанып жүруді жеңілдетіп, қараңғы көшеде қолыңдағы сөмкеңді жұлып алып қашатын тонаушылардың қаупін де сейілткендей болған. Өкінішке қарай, осы жылдың басынан бастап салық органдарының мобильді аударымдарды жаппай бақылауды енгізгенінің салдарынан бәз-баяғы қалпымызға қайта түстік. Үйіміздің сантехникасы мен газ қондырғысын жөндеуге шақырған мамандар да, көшеде қол көтеріп тоқтатқан такси жүргізушілері де енді мобильді төлем арқылы есеп айырысудан бас тартып, қолма-қол ақша сұрауға көшті. Сондықтан сандықтың түбінде сарғайып жатқан әмиянымызды іздеп тауып алып, ішіне қағаз ақша салып, көбінесе бірге ала жүретін болдық. Соның салдарынан елімізде жыл басынан бері мобильді төлем жасау 30 пайызға төмендеген, ал қолма-қол ақшаны пайдалану сонша көлемде өскен болып шықты. Мұның өзі қаржы саласын одан әрі цифрландыруға теріс әсерін тигізетіні анық.
Қаржы министрінің 2022 жылғы 29 наурыздағы №323 бұйрығымен бекітілген «Жеке тұлғалардың банктік шоттарында жүргізілетін операцияларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу өлшемшарттарына» сәйкес жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша жүргізілетін операцияларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу өлшемшарты 1 жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік 3 айдың әрқайсысының ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шотына ақша қаражатын алуы болып саналады.
Осыған орай жуырда Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке депутаттық сауал жолдап, аталған өлшемшартты өзгертуді ұсынды. Депутаттардың салық органдарына сілтеме жасап айтуынша, бір ай ішінде жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақы, немесе 255 мың теңгеден асатын 100 және одан да көп адамнан мобильдік аударым түсу мониторингке, яғни бақылауға алуға негіз болады. Бұл ретте аударымдардың төменгі шегі анықталмағандығы барлық аударымның, тіпті 100-200 теңге мөлшеріндегі ең аз аударымның да бақылауға алынатындығын білдіреді. Ал Ресейде 2020 жылдан бастап мобильді төлемдерді бақылаудың басқа әдісі сәтті қолданылып келеді. Атап айтқанда, көршілес елде күніне 30-дан астам аударым алатын адамдар ғана бақылауға жатады. Оның үстіне әр аударым сомасы 1 мың рубльден астам және олардың жалпы сомасы айына 1 млн рубльден астам болуға тиіс. Ресейліктердің осы тәжірибесін тілге тиек еткен мәжілісмендер мобильдік аударымдарды бақылауды олардың жалпы сомасы айына 1,5 млн теңгеге жеткенде ғана жүргізуді ұсынды.
Үкімет депутаттарға қайтарған ресми жауабында аталған ұсынысты «салық салудың әділдігі қағидатына қайшы келетіндігі» себепті қолдамайтындығын білдірді. Сонымен қатар «Мобильді төлемдерді бақылау жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға мобильді аударымдар жасау арқылы алады. Бұл ретте бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша) мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады», деп мәлімдеді.
Қалай болғанда да, мобильді аударымдарды жаппай бақылаудың енгізілуі қаржы саласын цифрландыруда қол жеткен жетістіктің құнын кетіріп, адамдарға қайтадан қолайсыздық туғызып отырғаны қынжылтпай қоймайды.