• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 04 Мамыр, 2024

Нұра ауылынан табылған индрикотерий

502 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Табиғат залында 35-40 млн жыл бұрын біздің жерімізді мекендеген индрикотерий мүйізтұмсығының шағын бейнесі тұр. Ал Ұлттық музейдің Палеонтология залында тұрған осы жа­нуардың алып бейнесі Ю.А.Орлов атындағы Мәскеу палеонтология музейіндегі түп­нұс­қадан жасалған кө­шірме.

Кайнозой заманының ең алып сүт­қоректісі – индрикотерийдің тістері, саусағы мен жақ сүйек­терінің бөліктерін Шал­қартеңіз көліне құятын Қара Тор­ғай көлінің жағалауынан 1912 жылы тау инженерлері К.Матвеев пен П.Ва­силевский тауып алады. Бұл қазіргі Ыр­ғыз ауданы Нұра ауылдық округінің жері. Палеонтологтер осы маңды мүйіз­тұмсықтар қорымы деп атаған. Ке­лесі жылы қазба жұмыстарымен тау-кен институтының студенті Гайлит айна­лысқан. Алып жануардың топырақ қабат­тарында қалған сүйектері жақсы сақталғанымен, кейбір бөліктері жоқ болып шыққан. Мәселен, оң жақ иық сүйектері табылмады. Соған қарамастан, ресейлік ғалымдар біздің заманымызға дейінгі ежелгі дәуір жануарын зерттеуге кірісті.

«Бұл Жер дамуының соңғы 66 млн жылын қамтитын кайнозой эрасының олигоцен дәуірінде (34-23 млн жыл бұ­рын) өмір сүрген жер бетіндегі ең ірі сүтқоректі жануардың қаңқасы еді. 1915 жылы А.Борисяктың жетекшілігімен осы жануардың ғылыми сипаттамасы әзірленіп, академик Н.Андрусов оған «Indricotherium» деген атау берді. Орыс аңызында «индрика» – аң деген мағынаны білдіреді екен. Табиғатта бұрын белгісіз болып келген жануардың қаңқасын қалпына келтіруге 12 жыл уақыт жұмсалды. Палентологтердің ұзақ жыл бойы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде, денесінің ұзындығы 8 метр, биіктігі 5 метр, салмағы 15-20 тонна алып мүйізтұмсық 1925 жылдың тамыз айында Ю.А.Орлов атындағы Мәскеу палеонтология музейіне қойылды. Бір айдан соң осы жерде өткен халықаралық көрмеде әлем ғалымдары үш башпайлы, мойны мен аяқтары ұзын, кеудесі қысқа, мүйізі жоқ, жартылай орманды алқаптарда өмір сүріп, ағаш қабықтары, жас бұтақтар мен жапырақпен қоректенген жер бетіндегі ең ірі сүтқоректіні тамашалады. Ғалымдар қаңқаны Я.М.Яглон қондыр­ғысы көмегімен қалпына келтірді. Бұл қаңқаны құрастыруда ағаш материалдарын қолдану әдісі. Сол заманда Еуропа мен Солтүстік Американың палеонтология музейлерінде ежелгі жануа­р сүйектерін құрастыруға гипспен бірге ағаш пен одан алынған қара майды да пайдаланған. Ағаштан жасалған қаңқа жеңіл, төзімді, ұзақ уақытқа шыдайды және гипске қарағанда арзанға түскен», дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Майра Буханова.

Шағын-шағын сексен көлімен атағы шыққан, құс базары қызып жататын Нұра өзені Торғай ойпатының бір шеті, біздің заманымызға дейінгі алып теңіздің орны болған. Сол өлкені мүйізтұмсықтармен бірге жайлаған сүтқоректінің жер бетінен тез жоғалып кету себебі де белгісіз. Кайнозой заманында сүтқоректілердің 25 отряды қалыптасса, көпшілігі бор дә­уірінде жойылып кеткен. Жер бетінде ауа температурасы көтеріліп, ылғал азайып, сулар тартылып, қалың ормандар қатары сирегенде, азығын бәйтеректердің басынан тапқан зиянсыз жануарға да зауал келген тәрізді. Қатаң климатта өмір сүруге бейімделген мамонттар да сол кезеңде жойылды. Қазіргі қазақ жерінде сулар тартылып, құрлық биіктеді, орман-тоғай азайып, өсімдігі жұтаң құмды төбелер пайда болып, ірі жануардың тіршілігі қиындады. Азығы азайып, жасырынатын тоғайы болмаған соң бірінен соң бірі жойыла берді.

Әр жылдары облыстық музей қорына келіп түскен ірі жануарлар сүйектерінің қалдықтарына қарап, біздің жерімізде мекендеп, жойылып кеткен жануарлардың тізімін құрастыруға болады. Табылған дүниелердің арасынан мамонт тұмсығы, алып бұғы мүйізі, алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі бұқаның мүйізі ерекшеленеді. Хромтау және Темір аудандарынан табылған ұзындығы 15 метр болатын алып кесіртке қаңқаларын паша заманында Орыс географиялық қоғамының зерттеушілері алып кеткен. Ақтөбе облысының аумағында өте үлкен теңіз болғанын, мұнда өте ірі, жыртқыш акулалар өмір сүргенін музей қорына тапсырылған тістері дәлелдейді.

Нұрадан табылған индрикотерий 5000-нан астам сирек экспонат сақталған Мәс­кеу палеонтология музейінің баға жетпес мұрасына айналды. Біздің жерімізден әкетілген құнды олжаның көшірмесін Ақ­тө­бе музейіне де қоюға болар еді. Мәскеу­лік палеонтологтер оның көшірмесін дайындап беруге әзір екен, бірақ ақысы өте қымбат. Алып мүйізтұмсық, мамонттармен бірге тіршілік еткен жануарлардан осы заманға киік қана жойылмай жетті. Адам­дар тіршілігін тарылтса да, Торғай ойпа­тының құмды даласы ақбөкендердің көші-қон жолы, жайылымы, төлін өргізетін жері болып қалды.

 

Ақтөбе облысы