Бүгінгі этностық, мәдени, діни әртүрлілік – саяси тұрақтылық үшін жауапты сын. Мемлекеттің тұрақтылық, бірлік, ұлттық идеология сынды мәселелері азаматтық татулық пен этносаралық келісіммен өлшенеді. Құндылықтар мен демографиялық ахуалдың арасындағы байланыс жан-жақты байыпталуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ұлт ұясы Ұлытауда, киелі Түркістанда, аңыз Атырауда өткен отырыстарында да ұлттық құндылықтардың маңызын ерекше атап өтті. Биылғы басқосуда ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Еліміздің жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ашық айтылды. Өйткені қоғамдағы түрлі күрмеулі мәселелер, халықтың арасында жиілеп кеткен зорлық-зомбылық, жемқорлық фактілерінің салдары ортақ құндылықтардың өзектілігін арттырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда «ұлт қалыптастыру – nation building» үрдісі жалпыұлттық, адами құндылықтардың негізінде жүретінін ескерген Президент әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деді. Сондай-ақ ол «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – үштағанын озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болатынын, балалар мен жастарды қалыпты тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керектігін ерекше атап өтті.
Қазақстан қазір өтпелі кезеңде тұр. Осы ретте халықтың полиэтностық құрамы мен демографиялық даму мәселелерін қарастыру қажеттілігі туындайды.
Дамыған елдерде демографиялық ахуал ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде есептеледі. Ал бізде көбіне гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасы аясында қолданылады. Соңғы демографиялық саясат тұжырымдамасы күшін 2011 жылы жойды. Әлемде халық санағы он жылда бір рет өткізіледі. Осы есеппен, тәуелсіз Қазақстанда Ұлттық халық санағы үш рет өткізілді. Олар 1999, 2009 және 2021 жылдары.
Халық санағының ақпарат көзі ретіндегі басты артықшылығы – халықтың этностық құрамын мен этностық топтардың жас құрылымын және отбасы мөлшерінің анықталуы. Санақ қорытындысы халықтың перспективалық репродуктивті мінез-құлқын бағалауға да мүмкіндік береді. Ал Құрылтайда Мемлекет басшысы ұсынған жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімі: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық қоғамда бүкіл еліміздің және әрбір азаматтың мүддесін тоғыстыратын прогрессивті мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруды көздейді.
Этносаралық қатынастар саласын бағалау мәселелерінде де этнодемографиялық жағдай маңызды параметрлердің бірі болып есептеледі. Дерекке көз салсақ, 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады. Елде 124 этностық топтың өкілдері тұрады. Ал 2009-2021 жылдардағы санақаралық кезеңде қазақтар саны 33,7%-ға (үлес салмағы – 70,4%), өзбектер – 33,4%-ға (үлес салмағы – 3,2%) өсті, орыстар саны 21,4%-ға (үлес салмағы 15,5%) төмендеді.
Табиғи өсімнің жоғары деңгейі елімізде халық санының екі жыл ішінде 1 млн адамға ұлғаюына әкелді: 2023 жылғы 14 қарашада халық саны 20 миллион адамға жетті. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, былтыр 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болды. Еліміздің мерейтойлық азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл мен 2 қыз бар.
Қазақтар мен басқа да азиялық этностардың (өзбек, дүнген, күрд, тәжік, ұйғыр, түрік) демографиялық әлеуеті еуропалық этностық топтардан әлдеқайда жоғары. Еуропалық этностар арасында халықтың қартаю деңгейі азиялық этностық топтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Ел аумағында тұратын негізгі этностық топтардың арасында халық санағының деректеріне сәйкес, халықтың қартаюының ең жоғары деңгейі украиндарда (23,4%), поляктарда (18,1%) және орыстарда (17,4%) байқалады.
Қазақтар салыстырмалы түрде жас этнос. 65 жастан асқан егде жастағы азаматтардың үлес салмағы халықтың жалпы санының 5,5%-ын, ал жастардың үлесі 28,8% құрайды. Ал тәжіктердің (35,7%), түріктер мен күрдтердің (33,8%) 1/3 бөлігінен астамы жастар, дүнгендердің (32,1%) және өзбектердің (32,0%) 1/3 бөлігіне жуық жастар. 15-34 жас тобындағы жастардың ең азы украиндарда (18,8%), поляктарда (23,2%) және қырғыздарда (23,6%).
Санақаралық кезеңде отбасылар саны 38,7%-ға өсті, алайда отбасы көлемі 3,5-тен 3,2-ге дейін азайды. Санақ қорытындысында отбасылар саны – 5 578 947, оның ішінде балалары бар отбасылар саны – 3 633 869, 10-нан астам баласы бар отбасылар саны – 163. Екі адамнан тұратын отбасылар – 41,2, үш адамнан – 27,6, төрт адамнан – 14,9, бес адамнан – 8,2, алтыдан – 4,5, жетіден – 1,7, сегізден – 0,8, тоғыздан – 0,4, оннан және одан да көп адамнан 0,7 пайызды құрайды.
Халық санағының қорытындысы көрсеткендей, еліміздегі әйелдер біртіндеп аз бала тууға көшкен. 15-49 жас аралығындағы 1 024 911 әйел балалы болуды жоспарлап отыр. Бұл осы жас тобындағы барлық әйелдің 22,6 пайызын құрайды. Балалы болуды жоспарлайтын әйелдердің арасында көпбалалы болғысы келетіндердің үлесі өте төмен.
Жас топтарының ішінде балалы болуды жоспарлаушылардың ең көп үлесі –35-39 жас тобы. Олар 1982-1986 жылдар аралығында санақ кезінде туған әйелдердің ұрпағы, ең кішісі – 45-49 жас тобында (7,1%), себебі, осы жас тобында әйелдер негізінен репродуктивті функцияларын аяқтайды. Болашақта бала туудың төмендеуіне 15-19 жас және 20-24 жас топтарында бала тууды жоспарлаудың салыстырмалы түрде төмен деңгейі ықпал етеді.
Бұдан қоғамда, әсіресе қазақтардың арасында отбасы, бала құндылығы мен рөлінің шегеріліп, отбасы және неке институтында трансформация жүріп жатқанын байқаймыз. Ал мемлекетіміз демографиялық тұрғыдан қарағанда жас мемлекеттер санатына жатқанымен, халықтың қартаю үдерісі де кең етек жайып отыр.
Осы және басқа тұрғыдан алғанда жалпы адами құндылықтардың, соның ішінде дәстүрге негізделген құндылықтарды насихаттау маңызы алға шығып отыр. Бұл «Елдігіміз – бірлікте» қағидатын жүзеге асырудың және полиэтностық қоғамда тәртіп пен тұрақтылықты дамытудың негізі әрі болашақ демографиялық тұрақтылығымыздың кепілі болады.
Аяулым САҒЫНБАЕВА,
демограф-сарапшы