Кеше Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған брифинг өтті. Брифингке ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков және Қазақ хандығының 550 жылдығын дайындау мен өткізу жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, Қазақстан корейлері ассоциациясы төрағасының орынбасары, ҚХА-ның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Георгий Кан қатысты.
Кездесуде сөз алған Ералы Лұқпанұлы Ассамблея жұмысының негізгі жетістіктерін және Ассамблея аясында өтетін іс-шаралар жайын баяндап берді. Оның айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асатын іс-шаралар мен жұмыстардың негізгі мақсаты – Қазақстанда халық бірлігі мен этносаралық келісімді нығайту.
«Еліміздің тәуелсіздігін нығайту үшін, ең алдымен, еліміздің тұрақтылығын нығайту, тұрақтылық арқылы қоғамдық келісімді қамтамасыз ету күн тәртібінде бұрыннан тұрған мәселе. Ол бүгін де маңызды мәселе, болашақта да күн тәртібінен түспейтіні анық. Бұл тек Қазақстан үшін ғана өзекті мәселе емес. Себебі, көптеген полиэтностық мемлекеттердегідей, бір елде өмір сүре білу – қашан да маңызды. Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялап, арнайы Жарлық шығарған болатын. Ассамблея жылы – ол бейбітшілік жылы, Қазақстан халқы бірлігі мен қоғамдық келісім жылы. Бұл жыл – той тойлайтын жыл емес, бұл ой ойлайтын жыл. Бұл өткенімізді тереңірек зерттеп, бүгінімізді қайтадан зерделеп қарап, болашақты айқындайтын жыл. Оған себеп көп. Ол, ең біріншіден, мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін керек. Біз айналамызда, дүниежүзінде болып жатқан оқиғаларға көз жүгіртуіміз керек. Тек ішкі саясаты мықты елдің ғана сыртқы саясаты мықты болады. Демек, Ассамблея жылы аясында жоспарланған іс-шаралардың негізгі мәні – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім қағидаларын ауқымды түрде көрсету», деді Е.Тоғжанов.
Брифингте сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков аймақтарда, еліміздің беделді жоғары оқу орындарында ашылған Ассамблея кафедраларында, Ассамблеяның аймақтардағы ғылыми-сараптамалық топтарында ауқымды бағдарламаларды іске асыру көзделгенін, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер 150-ден аса іс-шараны ұйымдастыратынын жеткізді.
Танымал тарихшы Георгий Канның айтуынша, Ассамблея жылында айрықша мәнге ие тарихи мерейтойлар өтетін болады. «Ал солардың ішінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының орны айрықша», деді ол. Сонымен қатар, Георгий Кан ҚХА-ның аталған мерейтойға байланысты барлық іс-шарасына белсенді түрде қатысатынын, биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты республикалық іс-шаралар жоспарында Ассамблеяның қатысуымен 30 іс-шара тұрғанын жеткізді.
Сонымен, Ассамблея жылы аясындағы ең алғашқы іс-шара Астана және Алматы қалаларында және аудан орталықтарында ақпан айының 6-сынан бастау алады. Бұдан кейін «Мың бала» мемлекеттік тілді білу байқауына, этномәдени бірлестіктер арасындағы ең үздік әлеуметтік жобаға, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделіне арналған ең үздік ғылыми жобасына, ең үздік патриоттық жастарға арналған «Менің Қазақстаным» жобасына, «Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын» ең үздік жобасына, этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық сайысына, Ұлттық компаниялар арасындағы үздік қайырымдылық жобасына, ең үздік инновациялық жобаларға байланысты іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».