Кез келген мемлекет өткен тарихынан сабақ алған, ұлы тұлғаларын әспеттеген. Осыған орай Қарадала шайқасында ерен ерлік көрсеткен Әлмерек Жаншықұлы өнегесі хақында, Шонжы атауы туралы ойды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Қазақ жеріне жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі ірі шайқастар Жетісу өңірі Қарадала аймағында да өткен, бұл оқиғалар әлі күнге дейін толық зерттелмей жүр. Оның бір себебі – қытай мұрағатындағы (манчжур-қытай тіліндегі) материалдардың жабық болуында. Кезіндегі Еуропа тарихындағы «Марафон жазығындағы» шайқас, «Каталаун даласы» шайқастары кең дәріптеліп, зерттелген болса, ауқымы жағынан олардан артық болмаса кем түспейтін Қарадала аймағындағы шайқастар тарих ғылымында мұрты бұзылмаған күйінде жатыр. Отарлаушылар «Қарадала» атауын санамыздан қаншалықты өшіруге тырысса да, ол халықтың тарихи жадында сақталып, тіпті кейінгі отарлық барлау экспедицияларының материалдарында тайға таңба басқандай көрсетілген, мысалы: «Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области / Собранные и разработанные под руководством П.П.Румянцева» (Т.3.Джаркендский уезд киргизского хозяйства. С.-Петербург, 1912) деп аталатын кітаптағы Албан рулары қоныстары туралы айтылғанда, олардың жайлау, күзеу, қыстауларының арасында «урочище «Кара-дала» деген атау жиі кездеседі(177, 223, 225, 227, 228, 229, 234, т.б. беттерде).
Қарадала жазығы және ондағы қиян-кескі шайқастар небір батырларды тарих сахнасына шығарды. Ал ондай батырлар халық жадынан ешқашан өшпеген. Солардың бірі әрі бірегейі – Әлмерек Жаншықұлы. Ол – соғыс өнерін шебер меңгерген қолбасшы, сөз қадірін ұғынған шешен, ақылман-абыз, қасиет дарыған тарихи тұлға. Негізгі мәліметтерге жүгінсек, «Әлмерек Жаншықұлы (1658–1754) – халық батыры, шешен, абыз. Басты деректер халық ауыз әдебиеттерінде, батырлық жырларда жақсы сақталған. Энциклопедиялық еңбектерде Әлмерек Жаншықұлы туған жылы бірдей көрсетілгенімен, «Айбын» энциклопедиясында: «1658 жылы қазіргі Алматы қаласындағы «Әлмерек тоған» (бұрынғы Гагарин аулы) деген жерде туған. 1756 жылы қайтыс болған» деп, ал «Жетісу» энциклопедиясында «Әлмерек Жаншықұлы – 1658 жылы Әулиеата маңайында дүниеге келген (қазіргі Жамбыл облысы), 1754 жылы Алматы өзені жағасында (қазіргі Әлмерек аулы) қайтыс болған батыр, шешен, көріпкел» деп көрсеткен.
Қытайдағы қазақтардың берген мәліметі мен деректері негізінде жазылған Әскер Тойғанбектің «Қайран елім» деген деректі романында жан-жақты тұлғалық портреті жасалып, жоңғар қоңтайшысы Ғалдан Бошактудың Шығыс Жетісу жеріндегі қазақтарды бағындыруға 10 мың қолмен жіберген бас қолбасшы батыры Шонжымен болған жекпе-жекте Әлмеректің жеңіске жеткендігі, Шонжының басын алғандығы баяндалған. Бұл мәліметтерді бүкіл өмірін Әлмерек баба мен Д.А.Қонаевтың тұлғалық тарихын жазуға арнаған Ораз Қауғабай да өз кітабында растайды. Сонымен қатар Төлен Қаупынбайұлының «Бабалар аманаты», «Суырылған семсерлер» кітаптарында ауыл тұрғындарының жазба деректерін (Айтуған Шәйімов – Кеген аулы; Оразалы Батырбеков – Шыбышы ауылы) пайдалана отырып, Әлмеректің тарихи бейнесін жасаған. Сонымен қатар Әлмерек Жаншықұлына қатысты көптеген мақала мен баяндама түрлі ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтарында берілген.
Әлмерек Қарадала алқабындағы 1683 жылғы шайқасына дейін болған шайқастарға да қатысқан. Айталық, жоңғар батыры Шонжының 10 мың әскерін Әлмерек батыр қолбасшылық еткен 6 мың әскердің ойсыратуы – тарихта әлі де жазыла қоймаған тарихи жеңіс еді. Әлмеректің жанында мыңбасылар, жүзбасылар Албан Хангелді, Шапырашты Түрікпен, Дулат Өтеғұл, Биеке, Байсейіт, інісі Олжай, т.б батырлармен бас қосып, жоңғарлардың 10 мың қолын тоз-тозын шығарып, жерімізден түре қуып тастаған. Ереуіл аты мен егеулі найзасы қолынан түспей Алматы маңы, Қорам, Шелек, Сөгеті, Бұғыты, Көкпек, Торайғыр, Қулық, Қату, Сарыбастау, Жабыр маңында қалмақтарға ойсырата соққы беріп, ата-бабалар мекенінен қуып шығып, өзінің үрім-бұтағын қоныстандырған.
Ол қартая бастаған шағында әскерде сарбаз жаттықтырумен айналысады. Шәкірттерінен атақты Райымбек батыр, өз немересі Саурық батыр шыққан. М.Әуезовтің «Қилы заманында» айтылған Ұзақ батыр да – осы кісінің тікелей ұрпағы.
Жаугершілік кезеңде ерлігімен батыр атанған, қол бастаған Әлмерек бойына сіңген қасиетінің арқасында бейбіт заманда әділ билік айтқан би болған, ел басқарған. Жасы ұлғайғанда бүкіл елді аузына қаратқан абыз атанған.
Әлмеректен бес бала тараған: Жәнібек, Баба, Құрман, Тоған, Қаракісі. Ұрпақтарының ішінен ел қорғаған батырлар, елге сыйлы би-шешендер шыққан. Жетісу өңіріндегі 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, жазушы Бердібек Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал қалмақтарға қарсы күрескен Байсейіт батыр, Пұсырман би, Ресей империясына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар – Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпағы. Әлмеректің екінші баласы Бабадан – Қашаған, Тұрысбек; Тоғаннан – Баржық батыр, Адыр шешен; кенжесі Қаракісіден – Қорам, Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек ұрпақтары Қытайда, Моңғолияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда тұрады. Халықтың жадында Әлмеректің шығарған даналық сөздері, қара өлең шумақтары сақталған. Іле ауданындағы бұрынғы Гагарин стансасы 2000 жылдан бері Әлмеректің есімімен аталады.
Ендігі аз сөз Шонжы атауы туралы. Шонжы деген қалмақ батыры туралы деректер мардымсыз, тіпті жоқ деуге болады. Оның басты себебі – тарихи беделі мен атқарған қызметі, көзге түсерлік немесе есте қаларлық батырлық әрекеті болмағандықтан, ел аузында, шежірелер мен естеліктерде сақталмағандығы.
Шонжы атауы – Шонжы жоңғар батыры жекпе-жекте қазақ батыры Әлмеректен жеңіліп, сол жер «Шонжы өлген» аталғаннан бастап айтыла бастайды. Келе-келе «өлгені» түсіп, Шонжы аталып кете барған. Бұл – тарихи дәлелді дерек. Оған дейін бұл алқап «Әлмерек жайы», жайлауға көшер, тыныстар, әскерін жаттықтырып жоңғарлармен соғысқа дайындалатын жайлауы делінген. Ел ақсақалдарының айтуында, аңыз әңгімелерде, әуелі сонау Үйсін дәуірінде, Жібек жолы кезінде, Шыңғысхан дәуірінде бұл аймақ «Қарадала» деген атпен сауда жолының бір тармағы болған. Одан кейінгі кезең жоңғар жаулауы, Ресей империясы отаршылдығы кезеңінде, кеңестік кезеңде Шонжы атауы – Чунжа, Чунджа аталып келген. Бүгінде қазақшалап Шонжы деп алған жайымыз бар. Түркітанушы С.Е.Маловтың: «Шонжы сөзі «кең, жай, танап» мәніндегі сөз тіркесі» деген пікірін басқа ғалымдар да мақұлдайды. Анық мағынасы мен шығу төркіні қытай жазбаларында да белгісіз. Негізінде Шонжы – жалқы есім ретінде жазушы Әскер Тойғанбекұлы «Қайран елім» 3 томдық кітабындағы бірінші томында «Әлмерек батыр» бөлімінде жан-жақты суреттеліп жазылған. Тасқа қашап жазылған көне түркі жазуларын түп нұсқадан оқитын түркітанушы Нәпіл Базылхан «Шонжы атауы «Цонж» – алысты қарауылдайтын биік жартас, қорған, бекініс деген мағынаны береді дейді. Менің пікірім – Шонжы елді мекені орналасқан жер мидай жазық дала, ол жерден жартасты қайдан табамыз немесе көне бекініс орны да табылмаған, олай болса моңғолдық аударма бұл жерде орынсыз» деген уәж айтады.
Сонымен қатар «ұйғыр атауы» дегенге де негіз жоқ, өйткені олар қазақ жеріне 1881 жылы орыс патшасы мен қытай билігі арасындағы Іле аймағын Қытай жағына беру туралы келісім негізінде жазалау шараларынан қашып, ұйғыр, дүнген отбасылары көшіп келген болатын. Ол туралы М.Кабировтың кітабында толық мәлімет берілген (Кабиров М.Н.Переселение Илийских уйгуров в Семиречье. – Алма-Ата, 1951.). Олай болса, сонау «XVII ғасырлардағы жер атауына қалай қатысты болмақ?» деген заңды сұрақ туындайды?..
Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіндегі құжаттарда 1871 жылы ұйғырларға Жетісу өңірінен жер қарастырғанға дейін «Чунджа» деген атауының болғаны айтылады. Шындығында тарихи деректерде тек жоңғар-қазақ соғысынан кейін ғана сирек кездесетін бұл жер атауы, ХVII ғасырдың соңындағы карталарда кездеспейді. Мысалы, швед Ренаттың, Крафтың, т.б. орыс деректерінде мүлдем «Шонжы» топонимі аталмайды. «Кеген тайшы», «Сүмбе зайсан» деген атаулар кездескенімен, XVII–XVIII ғасырлардағы жазба деректер мен ойраттар фольклорындағы Қазақстан аумағындағы жер-су атаулары, соның ішінде бекіністер «шибэ (ṧіbё)(сүм)» деген атаулармен берілген.
XVIII ғасырдың ортасы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қытайдың тарихи-географиялық шығармалары авторларының Жоңғар хандығына арналған еңбектерінде «калуня» деп атаған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақтардың тарихи шежірелерінде көбінесе «қамал» деп аталса, археологтердің бұл төбелердің үйінділеріне берген атауы – «қорғандар».
Қазақ жеріндегі ойраттар бекіністерінің атауының шығу тегіне, оның себептеріне тоқтала кеткен жөн. Қытай елшісі (барлаушысы) Боочжу 1714 жылы жоңғар қоңтайшысы Цэбан-Рабдан көш-қонысына барғаны кезінде байқағандарын қытай императоры Кансиге ойрат қарауылдарының сөзі арқылы жеткізген: «Біз жан-жағымыздан дұшпандармен қоршалғанбыз: бір жағынан қазақтар, екінші жағынан қырғыздар, сондықтан жыл сайын қарауыл қоюға көптеген жасақтар керек», делінген. Осылай XVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап ойрат қарауыл жасақтары Жоңғар хандығының солтүстік және солтүстік-батыс бөлігінде орналастырылды. Аталған қарауылдар орналасқан жерлердің атауы жөніндегі дерек ретінде жалғыз айғақ деп айтуға болатын ел аузындағы топонимдер: Қалмаққорған, Қалмақтөбе, Қарауылтөбе, Қарауыл шоқы, Қарауылтау, Қарауылтал, Қарауылшеттау кейіннен Қалмаққырған, Шүршітқырған, Сүмқайты, т.б. Әрине, бұл – қазақтардың өздері берген атауы, ойрат-қалмақ атаулары бұл кезде кездесе бермейді. Қалдан Бошакту хан әскерінің Очирту-Цэцен ханды 1678 жылы талқандағанға дейін хошауттардың басым бөлігі өздері иемденіп алған Жетісу жерінде чоростармен кезектесе отырып Іленін оң және сол жағалауында көшіп жүрген еді. Галдамбы тайшы (1635–1667) кезінде чоростарды кезек-кезек жоңғар хандары: Батур, Сэнге, Галдан басқарса, хошуттарды: Очитру Цецен хан, оның туған інісі Абылай тайшы билеген болатын. Жоңғар қосындарының (ургэ) тұрақты жазғы жайлаулары тау етектері мен Ұзынқара (қазір Кетпен тауы деп жүрген Үйсін тауы) тау жотасының күнгейі, Темірлік тау етегі мен Кеген, Қарқара, Түп, Жырғалаң, Текес, Сүмбе, Шәлкөде (Албан, Албан-Шібір, Албанбас) өзендерін бойлап, Текестің оң ағысымен Мұзарт асуынан Халықтау (Шыңжан, ҚХР) тауларына дейін көшіп жүрген.
Міне, дәл осы кезеңдегі деректер арасында Шонжы атауы кездеспейді. 1716–1733 жылдары жоңғарлар тұтқынында болған швед әскери тұтқыны И.Г.Ренат (1682–1744) жасады делінетін екі «қалмақ картасы» бар // (Записки А.И.Макшеева и А.М.Позднеева о монгольском подлиннике карты Рената в «Известиях И.Р. географического общества», 1891 г. вып.1.). Бұл карталардың жасалу тарихы, ақпараттық және ғылыми мазмұнының маңызы туралы неғұрлым толықтау мәліметтер ХІХ–ХХ ғасырда дайындалған, баспада жарық көрген орыс географы әрі тарихшысы А.И.Макшеев, кеңестік ғалымдар В.И.Греков және В.И.Волобуев талдамаларында көрсетілген. Зерттеулердің мәліметіне жүгінер болсақ, бұл карталардың біреуі белгісіз бір еуропалықтың көмегімен 1711–1716 жылдар аралығында жоңғар ханы Қалдан-Цереннің өзі жасаған болуы керек, кейіннен XVIII ғасырдың 20-жылдарының соңына таман түпнұсқадан ойраттар көшіріп алған секілді. И.Г.Ренаттың айтуы бойынша картаның ойраттық көшірмесін оған ургэде (Ордада) Қалдан-Цереннің өзі сыйға берген. Жетісудың жер қыртыстары мен атаулары бұл картада атақты ағартушы Зая Пандит Намхой – Джамцо ойлап тапқан, ойрат ақсүйектері арасына қолданысқа енгізген «айқын жазу» үлгісімен берілген. Орыс тіліне картаны 1742 жылы қолжазбалық көшірмесін жасай отырып Семен Старых аударған болатын. Жоғарыдағы картаның екінші түзетілген түрін XVIII ғасырдың 30-жылдарының ортасына таман И.Г.Ренаттың өзі дайындаған. Қазақстан ғалымдары И.Г.Ренаттың картасының нашар жасалған көшірмесімен (Ресейде – 1881, Германияда – 1911) ғана таныс. Ал картаның түпнұсқасы Упсала (Швеция) қаласындағы университет кітапханасының карталар мен баспалар бөлімінде сақтаулы екен. Бұл картадағы бізді қызықтырғаны Жетісу өлкесіне қатысты жер-су атаулары, мысалы, Іле өзенінің солтүстік ағысы Алматы (Almatu) деп көрсетілген, сонымен қатар Күрті (Kotоn Kurtü), Талғар (Talgar), Шелек (Silick), Түрген (Turgen) өзендері, тау аттары: Хаштагин-Дабан (Chastagin Daban), Жамбыл (Sambal), Хантау (Chan), Аңырақай (Ahin-Kädo). Картадағы ұсақ елді мекендер, қазақтардың жайылымдары мен қыстаулары ескерусіз қалған секілді, жоңғар картасы оларды көрсетуге мүдделі болмаған. Ресей патшасы Петрдің жоңғарларға жіберген елшісі И.С.Унковскийдің жолжазбалары мен картасында (1722–1724) Жетісу жеріндегі өзен-сулар мен таулардың аттары берілген (Шарын, Темірлік, Кеген, Қарқара, Түп, Жырғалаң, Текес, Іле, Күрті) /Унковский И.С.Посольства к Зюнгарскому Хун-Тайчжи Цеван Рабтану капитана о артиллерии Ивана Унковского и путевой журнал его за 1722–1724 годы. – СПб., 1887.- XLVI, 276 с., 6 л. факс., 1 л. к./
Шонжы туралы дерек пен карта сақталған «Сиюйтучжи» кітабы бар. «Сиюй тучжи» // («Батыс өлке қарталары мен сипаттамалары» толық аты «Циндин хуанюй си юй ту чжи»//(«Патша бекіткен Батыс өлке карталары мен сипаттамалары») деп аталған. Еңбек 1756 жылы патша жарлығы бойынша жазыла бастаған. 1761 жылы Лю Тоңшүн, Хэ Гозоң қатарлы авторлардың алғашқы нұсқасы дайын болған. Нақты жұмыс бөлісі кезінде ЛюТоңшүн еңбек мәтінін жазуға, Хэ Гозоң ара қашықтықтарды өлшеу, карталарды сызу жұмысымен айналысқан. Кейін келе басқа да авторлар қатысып, мазмұндарды жетілдірген, ең соңғы нұсқа 1782 жылы баспадан шыққан.
Кітаптың атауға қатысты тарауында «Шонжы» туралы нақты дерек сақталған және карталар бөлімінде оның нақты орны сол маңдағы жерлермен қоса көрсетілген. Еңбектегі дерек мәтіні: «Чұнжи, Іледен (Құлжа) оңтүстік батысқа қарай 300 ли (150 шақырым) жерде. Сол жерден оңтүстік батысқа қарай тағы 60 ли (30 шақырым) жүргенде Та му ха (Тамға) деген жер бар. Сол жерден оңтүстік батысқа тағы 100 ли (50 шақырым) жүргенде Тему-эр ли кэ (Темірлік). Одан оңтүстікке тағы 30 ли (15 шақырым) Гэгэнге (Кеген) жетесің. Одан (Кегеннен) оңтүстікке тағы 40 ли (20 шақырым) жүргенде Хутукэбай. Одан оңтүстікке қарай тағы 20 ли (10 шақырым) жүргенде Э-эр ху чжу эр (Орқашар). Одан оңтүстікке тағы 40 ли жер жүргенде Ха-эр чи-ла (Қарқара). Тізбектелген таулар мен терең аңғарлар бар, онда қарауылдар орнатылған. Бұл Іленің оңтүстік батыс жақ шекарасы еді. Одан әрі оңтүстікке жүріп таулардан асқанда хуэйбулардың (сарттардың) Сайламу шекарасына жетуге болады».
Міне, сонымен бұл карталардың Шонжы өлген соң 90–100 жыл өткеннен кейін жасалғанын ескерсек, болары болып, бояуы сіңген соң жер атауы ретінде қытай картасына түскен. Үрімшідегі, Іле Қазақ облысының Нылқы ауданындағы және Қазақстандағы Ұйғыр ауданындағы Шонжы елді мекенінің атауы тікелей жоңғарларға қатысты болуы әбден мүмкін. Ал оны моңғол немесе ұйғыр тілінен тарату мүлдем қисынға келмейді. Бұл мәселе архивтерден әлі де болса іздестіріп зерттеуді қажет етеді. Жетісу жерінде жарты ғасырдай ойран салып билеген жоңғарлардың дәстүрі бойынша жекпе-жек шайқаста мерт болған батырының қаны тамған жерін соның атымен атау қалыптасқан. Бұның астарында, әрине, біріншіден, батырларын рухтандыру, марапаттау жатса, екіншіден, Жоңғар билігі үстемдігін қазақтар санасына сіңірудің тағы бір жолы болды деп айтуға болады. Сондықтан да Шонжы атауы – түркілік емес сырттан таңылған, тілімізге де, ділімізге де жат ауыстыруды, жадымызды құлдық санадан тазартуды қажет ететін елді мекен атауларының бірі.
Қорыта айтсақ, Қарадала өңіріндегі қиян-кескі шайқастарда сан мәрте ерлік көрсетіп, жоңғардың Шонжы батырын жекпе-жекте жер жастандырған Әлмерек Жаншықұлы – бүгінге үлгі боларлық, тәуелсіз елдің ертеңінің қорғаны болар патриоттарға рух беретін қасиетті де құдіретті әрі батыр, әрі би, әрі абыз. Ол – ұрпақтар санасынан ешқашан өшпейтін тарихи тұлға.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі