«Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр облыста құны 3 млрд теңге болатын 406 өтінім мақұлданған. Іспен айналысқысы келетін елдегілердің қомақты шаруаны бірден бастап кетуге шамасы келе бермейді. Осыдан да өңдеу, кооперативтерді дамыту, егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған жоба ауыл халқының қолайына жағып тұр.
Өткен жылы несиелі болғандар арасында 107 елді мекеннің тұрғындары бар. Бастама шеңберінде қаржыландырылған 3 ірі құс етін өндіретін жоба мен 34 жылыжай кешені биыл алғашқы өнімдерін береді. Сонымен қатар өзге өңірлерден 840 млн теңгеге 2 359 бас асыл тұқымды мал әкелінбек. Жалпы, жоба аясында 713 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы негізінен шағын цех, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығы секілді жеке қосалқы шаруашылықтардың өндірістік жобаларын дамытуға бағытталды. Партияның облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бірлесіп, жоба шеңберінде іске қосылған кәсіпкерлік нысандар жұмысымен ұдайы танысып отырады.
Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаева жоба аясында өткен жылы 5 млн теңге несие алып, шұлық өнімдерін шығаратын құрал-жабдықтар сатып алып алған. Қазір үйінің алдынан шағын цех ашып, жұмысын бастап кетті. Күніне 400 данадай шұлық шығарып отырған кәсіпкер болашақта іс ауқымын кеңейткісі келеді.
Жоба есік алдындағы шағын жылыжай кешендерін де дамытуға сеп болды. Қызылордалық Нұрғазы Сүлейменов ауласындағы 300 шаршы метр болатын жылыжайда қияр егіп отыр. Жеке кəсіпкер несиеге алған қаржыға жылыжай жиынтығын сатып алып, шаруа бастап кеткен. Бүгінде өнімін ауыл, қала тұрғындарына сатып отыр.
Манты, самса, түшпара, котлет секілді жартылай дайын өнімдерді өндіретін Гүлзира Ерниязова да –жоба қолдауына сүйенген іскерлердің бірі. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» шеңберінде 2,5 пайызбен 8,6 млн несие алып, карантин кезінде бастаған ісін кеңейте түсіпті. Бұрын 2 адам жұмыс істесе, қазір тағы 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қаладағы 6 дүкенмен жұмыс жасайтын цех 14 түрлі жартылай дайын өнім әзірлейді.
«Ауыл аманаты» шеңберінде 2023 жылы Шиелі ауданынан жалпы сомасы 584 млн теңге болатын 79 жоба қолдау тауыпты. Соның бірі – Бидайкөл аулындағы қызанақ өңдеу цехы. «Barly Bai & K» өндірістік кооперативін басқаратын Қанат Мұсаев 27,6 млн теңге несие алып, шетелден томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін жеткізген. Жалпы, жобалық құны 48 млн теңге болатын цех тәулігіне 2 тонна өнім өндіре алады. Алғашқыда сынама ретінде 25 мың банка томат пастасы, аджика, салат дайындалып, өнімдер сапа сертификатын алды.
Жобаны іске асыруға кооператив мүшесі ретінде ауыл тұрғындары да үлес қоса алады. Олардың өнімдері цехқа тиімді бағамен қабылданады. «Barly Bai & K» өнімі алдағы уақытта облыстың барлық әлеуметтік дүкенінде сатылмақ.
Құрылыс қарқыны артатын жаз бен жұрт еккен өнімін жинайтын күзде кәдімгі қап та қат тауарға айналып шыға келетіні бар. Осыдан да жалағаштық кәсіпкер Рүстем Құдабай «Ауыл аманаты» аясында несие алып, қап тігетін өндіріс орнын ашқан. Өндіріс ошағының әлеуеті күніне 10 мың қап шығаруға жетеді. Қазір цехтан 4 адам тұрақты жұмыс тапқан.
Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасының өндіріске өріс ашатынына елдегілердің көзі жетті.
Қызылорда облысы