Алып – мәңгі жасыл ой иесі, ақыл көкжиегі ауқымының кеңдігі, мол қуат, тумыс биіктігі. Кез келген уақытта маңызын жоғалтпас салмақты шығармалар иесі. Шексіз ұстындарға жалғасушы.
Мәскеуде оқып жүрген күндердің бірінде лекцияда ұстазымыз бәрімізден бір параққа сүйікті ақынымыздың есімін жазып беруді сұрады. Профессор аздан соң есімдер жазылған парақтарды жинап алды да, әлдебір студентке тексертіп, тізім жасатты. Солайша ең көп аталған ақындардың реттік тізімі жасалды. Шамамен 50-60 шақты студенттің таңдау пікірінен шыққан қорытынды тақтаға жазылды. Бірінші – Пушкин, екінші – Лермонтов, үшінші – Есенин мен Блок, төртінші – Ахматова мен Цветаева. Осы бір тізім менің балғын санамды сансыратып жіберді. Қазіргі Ресейдің студент жастары бүгінгі модада жүрген Бродский, Мандельштам, Вера Полозкова, Астаховалардың есімін білмейтін болғаны ма? Әлі күнге Пушкин есімін қайталап жүргені қалай? Осы ойлар мазалап, көп уақыт сана түкпірінде жүрді. Кейін келе, Пушкинмен етене танысып, оның ешқашан қартаймас заңғарлығын, алыптығын танып қайран қала түстік. Алып деген ұғымның мәнісін Пушкинге қарап түсіндік.
Бір өлеңі бір поэмаға ұқсас, неше ғасырды уысына ұстаған Байронның алыптығына ешкім дау тудыра алмас. Небәрі 36 жасында поэзияда жаңа бетбұрыс жасаған дара дарын бала күнінен-ақ ерекше еді. Жазушы Андре Моруаның «Байрон» атты романында ақын мінезінің қырлары ашылады. Байрон өлеңдері мен қабат-қабат поэмаларын оқып отырып, аномалияға ұшыраған адам бейнесіндегі құбыжық көзге елестейді. Сірә, Эдгар По, Бодлер, Байрон болмысының сатанизммен әлдеқандай байланысы бары анық. Бұл жеке тақырыпқа жүк.
Қазақ поэзиясына көз жүгіртсек, алып дегенде ойға Абай мен Мұқағали келеді. Бұл жай айтыла салған жаттанды пікір емес, сығымдалған еңбектен туған пікір деп қабылдарсыз. Мұқағалидың алыптығын Дантенің «Тамұғын» аударуынан-ақ байқауға болады. Ал «Райымбек, Райымбек!», «Аққулар ұйықтағанда» поэмаларынан ақынның ақыл-ой ауқымының кеңдігі, алыпқа тән талант тасқыны сезіледі.
Алып анадан туады. Бірақ бұл өте сирек құбылыс екенін айттық. Өте сирек.