Әділетті, ашық қоғамда әрбір азамат мемлекет ұсынып отырған жеңілдіктен хабардар болып, құр қалмағаны абзал. Өкініштісі, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грантқа үміткер болғысы келетіндер айтарлықтай көп емес. Бәлкім, көп те шығар, бірақ құнттағандар аз. Осыны ескере келе жұмыспен қамту бағдарламалары туралы түсінік беруді жөн көрдік.
«Жастар практикасының» жаңғырығы
Салыстырмалы түрде жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларына, грант, шағын несиеге үміткер көп болғаны тиімдірек. Өтініш көп түссе, жобаларды саралап, үздіктерін іріктеуге де мүмкіндік мол болады. Негізі былтырғы көрсеткіш те жаман емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев былтыр 963 мыңнан аса азамат жұмысқа орналасқанын хабарлады. Бұл тізімде 265,1 азамат ұлттық жобалар аясында жұмыс тапқан. 198 мыңнан аса азамат мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына барса, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасына 382,4 мың адам, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына 316 мың адам қабылданған. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 50%-дан астамы, яғни 472,9 мыңы – жастар. Ал өңірлер бөлінісінде Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жұмыс тапқандар көп.
Мемлекет ұсынған бағдарламалардың ішінде «Жастар практикасы» күні бүгінге дейін үйлесімді іске асып келеді. Демек алғаш 2011 жылы басталған жоба тиімділігін көрсетті деп топшылауға болады. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Аяулым Берекенова тарқатып айтып берген еді.
– «Жастар практикасы» арқылы университет, колледж түлектері өзінің мамандығы бойынша тәжірибесін шыңдайды. Статистикаға үңілсек, мемлекеттің субсидиясымен іске асып жатқан 6 бағдарламаның ішінде «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасқандар көп. Мысалы, былтыр республика бойынша 10 492 азамат осы бағдарламаны аяқтаса, 5 400-ден аса азамат тұрақты жұмыс тапты. Яғни «Жастар практикасымен» тәжірибе жиған жастардың тұрақты жұмыспен қамтылу көрсеткіші жоғары болып тұр. Өздерінің мамандығы бойынша тәжірибеден өткендердің дені сол жұмыс орнында тұрақтауға тырысады. «Жастар практикасының» тиімділігін арттыру үшін біз 2022 жылы практиканың мерзімін алты ай емес, 1 жылға создық. Осы бағдарламаға жүгініп, жұмыс тапқан жастардың субсидиясын 100 пайыз мемлекет төлейді. Бұл бағдарламадан басқа «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орны» сынды бағдарламалар жартылай ғана субсидияланады. Жүз пайыз субсидияланатын бағдарламалардың қатарында «Жастар практикасынан» бөлек, «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сынды бағдарламалар барын да айта кеткеніміз жөн болар, – дейді А.Берекенова.
Қайтарымсыз гранттан хабарыңыз бар ма?
555 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен азаматтар жөнінде ақпарат коронавирус пандемиясы тұсында тегіс тарады. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ұсынылатын грантты алуға ниеттілер дәл сол кезеңде көбейсе керек. Себебі грант алуға жәрдемдесемін дегендерге иланып, жер сипап қалғандар туралы ақпарат та сол мезгілде әдеттегіден көп тарады. Хош, 2020 жылға дейін, одан кейінгі жылдары да осы бағдарламаға мемлекеттен қаралатын қаражат көлемі өсті. Мысалы, елде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға алғаш тағайындалған грант көлемі 252 мың теңгенің шамасында болса, биыл грант мөлшері 400 АЕК-ке (1 476 800 теңге) жетті. Бірер күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Business.enbek.kz порталында 20 мамырдан бастап 1-лек бойынша бизнес-идеяларды іске асыру үшін грантқа өтінім қабылдау басталатынын хабарлады. Бірінші лекте республика бойынша шамамен 4 500 адам грант алуы мүмкін. Жоба кәсіпкерлікке қыры бар азаматтардың өзін тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашты. Гранттың талаптары, шарттары, өтініш қалдыру үлгісі – бәрі-бәрі порталда ап-анық көрсетілген. Интернеті, компьютері жоқ азаматтар қол қусырып қалмай, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарынан өтініш толтыра алады. Грант алуға екінің бірі емес, гранттың ереже-талабында нақтыланған санаттағы азаматтар ғана үміткер бола алады. Грант алып, ауыл шаруашылығын өрістеткен кәсіпкерлер көп. Сол секілді шағын цех, шаштараз ашқандар, кәсіпке қажет жаңа құрал сатып алғандар жетеді. Қуантарлығы, жылдан-жылға грант алатындарға қойылатын талап жүйеленіп келеді. Бүгінде грант берудің кезеңдері түгел электронды форматқа ауысқан. Үміткер әуелі грантқа өтініш қалдырып, құжаттарын түгендеп, бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Яғни бизнес-жобаны комиссия мақұлдамай, кәсіпті бәсекеге қабілетті деп санамаса, үміткер гранттан қағылады. Иә, кейінгі жылдары қайтарымсыз гранттың көмегімен іс бастап, кәсібін өркендетуге тырысып жүрген кәсіпкерлер көп-ақ. Алайда грантты кәсіп үшін емес, өзге мақсатқа пайдаланатындар табылады.
– Мемлекеттен қаралған грантқа кәсіпкер кәсібіне қажетті заттарды ғана ала алады. Кәсіпкер о баста бизнес-жобасында көрсеткен мақсатынан айнымауы керек. Өңірлерде гранттың мақсатты пайдалануын мансап орталықтары бақылайды. Бізден бөлек Бас прокуратура мониторинг жүргізеді. Ревизиялық комиссия қарайды. Бас прокуратура ұсынған ресми мәліметтерге үңілсек, былтыр 1 мыңға жуық грант мақсатқа сай жұмсалмаған. Қазір өңірлерде сот арқылы грантты қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Өзіміз жүргізген мониторингке тоқталсақ, былтыр тұрғындарға 9 102 грант берілді. Біздің грант алған кәсіпкерлерге қоятын басты талабымыз – кәсіпкер салық органдарында тіркелуге тиіс. Осы талапты 297 адам орындамаған. Бұған қоса министрлік грант алып, жұмыс істеп жатқан азаматтардың зейнетақысын тексереді. Яғни кәсіпкер зейнетақы жарнасын аударған-аудармағанын нақтылаймыз. Осындай бақылаудан кейін біз 807 адамның 10 мың теңгеге дейін ғана міндетті зейнетақы жарнасын аударғанын білдік. Демек олардың кәсібін бәсекеге қабілетті емес деп бағалауға болады, – дейді А.Берекенова.
Ауылдағылардың үлесі басым
Белгілі бір салада тәжірибесі бар маманға жұмыс табу аса қиындық тудырмаса, қандай да бір жұмысқа біліктілігі жетпейтін азаматтарға мансап орталықтары арқылы қысқамерзімді оқудан өтуге болады. Бұл да жұмыспен қамтудың бір бағыты деп түсінген дұрыс. Білім алуға құштар азаматтар үшін Электронды еңбек биржасында онлайн оқудан тегін өтуге мүмкіндік қарастырылған. Порталда 181 мамандық бойынша бас-аяғы 475 онлайн курс орналастырылса, оның 241-і тегін екен.
Ресми деректерге үңілсек, жыл басынан сәуір айына дейін елде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына 173,3 мың адам қатысқан. Есесіне 142,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 50,3 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. 92 мың адам субсидияланатын жұмыс орнына тартылған. Тарқатып айтар болсақ, 8,1 мың адам әлеуметтік жұмыс орнына орналасып, 4,9 мың азамат «Жастар практикасының» мүмкіндігін пайдаланған. 66,3 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 2,8 мың адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы, 51 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында, 9,9 мың адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылған. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқумен 17,1 мың жұмыссыз қамтылып, оның ішінде 15,1 мың азамат оқуды аяқтаған. Сол секілді «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 13,6 мың адам қамтылса, оның ішінде 8,1 мың адам оқуды тәмамдап, қолына сертификатын алған. Биыл кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы жастар да жеңілдіктен құр қалмайды. Олардың жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін шағын несие алуға мүмкіндігі бар. Жеңілдетілген шағын несие шамамен 5 796 жасқа тиеді.
Тағы бір статистиканы мысал етсек, былтыр және биыл бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы мемлекеттің қолдау шаралары арқылы кедейлік жағдайынан шығыпты. Былтыр 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам) жалпы сомасы 59,4 млрд теңге көмек алса, биыл үш айда 58,8 мың отбасы (312 мың адам) 7,8 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек алған.
«Taldau» әлеуметтік зерттеулер орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Бақыт Темірханұлының айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылау қиын болғанымен, министрлік ұсынған осындай деректер арқылы өңірлердегі әлеуметтік ахуалды шамалауға болады.
– Былтыр өңірлер бөлінісінде әлеуметтік төлем алған отбасылар Түркістан облысында көп екені белгілі болды. Осыдан кейінгі қатарда Шымкент, Алматы қалалары мен Қызылорда облысы тұр екен. Атаулы әлеуметтік көмек аз алған өңірлердің ішінде Ұлытау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Жұмыспен қамтудың бағдарламаларына қатысатын азаматтардың 60 пайызға жуығы ауыл азаматтары екен. Мұны қала және ауыл халқының әлеуметтік жағдайымен байланыстыруға болады. Мемлекет тарапынан берілетін қаражат қалалықтарға, ауылдықтарға деп бөле-жара қарастырылмайды. Бағдарламаға қатысуға кім-кімнің болса да мүмкіндігі бар. Дегенмен қала тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың қаражатын азсынады. Олар үшін уақытша болса да, табысы қомақтырақ жұмысқа орналасқан әлдеқайда тиімдірек, – дейді әлеуметтанушы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үйлестіретін жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары – 20 өңірдегі Еңбек мобильділігі орталықтарының құзырында. Осы орталықтардың әр аудан, қалада «Мансап орталықтары» деп аталатын бөлімшелері бар. Жұмыссыз ретінде тіркелуді ойлаған азаматтар осы мансап орталықтарына төте жүгіне алады. Болмаса, Электронды үкімет порталы, Электронды еңбек биржасы арқылы тіркелуге де мүмкіндік бар. Мұны тектен-тек айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысу үшін шаруаны ресми жұмыссыз ретінде тіркелуден бастаған дұрыс.