Елордада соғыс кезіндегі қыздардың ерлігін бейнелейтін «Қара қыз» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Айтулы кинотуынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен түсірілді. Фильм режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.
Әскери драма Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі сарбаздарымыздың көзсіз ерлігі мен батылдығы, сонымен қатар қазақ қыздарының қайсарлығынан сыр шертеді. Фильм сюжетіне арқау болған бас кейіпкер – «қара қыздың» тағдыры, отты жылдардағы боямасыз өмір көріністері һәм сұрапыл жылдардың барлық тақсіретіне қарамастан, бірін-бірі табатын кейіпкерлердің оқиғасы көңіл қозғайды.
«Қара қыз» – қаһармандық туралы фильм. Соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек тындырған азаматтардың адами құндылықтары, достық пен махаббат сынды аяулы сезімдерін баяндайды. Соғыстың қасіреті, адамзат жанына салған жарасы ешқашан жазылмақ емес. Сол секілді осынау бейбіт өміріміз үшін жанын беріп, майдан даласында қыршыннан қиылған боздақтардың ерен еңбегін де мәңгілік жадымызда сақтау – парызымыз», деп ағынан ақтарылған автор соғысқа қазақтың 7 қызы оператор болып кетіп, өкінішке қарай, қайта оралмағанын, бұл туынды майданнан қайтпаған аруларды еске түсіретін туынды екенін баса айтты. Режиссердің айтуынша, фильм идеясын ең алғаш ұсынған адам – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Дариға Тінәлина. Соғыс кезінде КСРО орталық киностудиясында қызмет етіп, отты жылдарды көзімен көрген суреткер майдан даласындағы еленбей қалған қазақ қыздарының ерлігін көрсететін фильм түсіруді армандайтынын айтып, тілегін сол кездегі студент Талғат Теменовке жеткізіпті.
«Қазақтан шыққан 7 оператор қыздың соғысқа аттанып, қайтып оралмаған қасіретті тағдыры туралы мен Мәскеудегі С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік кинематография институтында (ВГИК) Сергея Соловьевтің режиссерлік шеберханасында оқып жүрген кезімде Дариға Тінәлинаның аузынан естіген едім. Тақырып мені қатты қызықтырды. Ұзақ жыл ойымнан кетпей толғантып жүрді. Нәтижесінде, «Қара қыз» фильмі өмірге келді», деп Талғат Теменов түсірілім туралы сыр ашты. Сонымен қатар фильмге түскен актерлердің көпшілігі үлкен киноға алғаш қадам басқан жаңа есімдер екенін де тілге тиек етті.
Фильмде басты рөлдерді жас актерлер – Нұрай Сақтапова мен Ерлан Құлмұрзин сомдап шықты. Нұрай үшін бұл кинодағы дебюті болса, Ерлан – көптеген телехикаядан көрініп жүрген талантты актер. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, Медғат Өмірәлиев, Әсет Иманғалиев бастаған кәнігі шебер актерлер ойыны да кәсібилігімен көрерменін тәнті етті. Ал фильмге саундтрек болған «Қарағым-ай» композициясын Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген орындады.
Аталған тауындыда режиссермен актерлердің табысты ізденісінен бөлек, қоюшы оператор Марс Омаров пен суретші Еркен Сүлейменовтің де еңбегін ерекше атап өтуге болады. Сол кездің бүкіл ахуалы мен бейнесін толық беру үшін жазық далада ІІ дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы тұтас бір ауылды бейнелеуде суретшілер аянбай тер төкті.
«Тылдағы елдің тыныс-тіршілігін бейнелейтін ауылды тұрғызуға бір жарым айдай уақыт кетті. Бұл өте қиын болды. Айдалада, айналада ештеңе жоқ, он шақты адам жұмыс істедік. Ауыл өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы архивтік құжаттар негізінде жасалды. Бас-аяғы он бес ғимарат салдық», дейді картинаның қоюшы-суретшісі Еркен Сүлейменов.
Фильм көруге келген қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров: «Соғыста қазақ қыздары көп болды. Бір ғана мен туып-өскен Қарағандының өзінен қаншама қаһарман шықты. Өкінішке қарай, көпшілігінің ерлігі ескерілмей қалды. Солардың біреуінің тағдырын бүгін фильмнен көрдік. Соғыстың қалай болғанын режиссер жан-жақты, әсерлі көрсете білді. Бүгінгі бейбіт өміріміздің жолында осындай қаншама қайсар қыздарымыз қыршыннан қиылды ғой. Фильмнен ерлікті, өрлікті, қайсар мінезді көрдік. Бастысы махаббат, достық, адалдық сынды адами құндылықтардың куәсі болдық. Мұндай туындылар көптеп түсірілуі қажет. Өскелең ұрпақ өз батырларын біліп өсуге тиіс», деді ғарышкер.
Қазақ ұлттық Өнер университетінің ұстазы, белгілі кино маманы Талғат Тайшан «Қара қыз» туралы: «Бұл – режиссер Талғат Теменовтің кәсіби тұрғыдан нағыз кемеліне келіп, болып-толысқан шағында түсірген табысты туындысы. Фильмге түскен актерлердің ізденісі де көз қуантып, көңіл марқайтады. Әсіресе картинаның қоюшы операторы Марс Омаровтың ізденісіне құрметім айрықша» деп толғанса, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел: «Қара қыз» картинасында Талғат Досымғалиұлының режиссер ретіндегі кәсіби қызметінен бөлек, адам ретіндегі азаматтық, суреткерлік ойлары да айшықты бедерленіпті. Фильм жансыз емес, онда сезім бар, адам өмірінің күнгейі мен көлеңкесі қатар өрілген боямасыз шындығы жатыр», деді.
Ал Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі кинотуынды Қара қыздың тағдыры арқылы соғыс кезінде ең үлкен ауыртпалықтың қыздарға, әйелдерге, тылдағы аруларымызға түскенін шынайы көрсете білгенін айтты: «Бұл фильм – майданда болған қаһарман қыздарымызға қойылған керемет ескерткіш әрі келесі жылы 80 жыл болатын Жеңіске тамаша тарту деп қабылдаймыз», деді Д.Қыдырәлі.
Жалпы бюджеті 547 млн 636 мың теңгені құрайтын фильм түсірілімі өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында, Петропавл қаласының маңында, сондай-ақ Алматы облысының Ақши аулында өтті. Бір айға жуық уақытта түсіріліп, тұтас бір дәуірдің шындығын боямасыз суреттеген тарихи драма қыркүйек айында жалпыхалықтық көрсетілімге шығады деп жоспарлануда.
«Менің мақтанатыным, фильмге түскен актерлердің 80 пайызға жуығы – жаңа есімдер. Барлығы да талантты. Түсірілім алаңында әрқайсысы жанын салып жұмыс істеді. Сол үшін де командамда болған барша жанға ризамын. Жалпы, кино өте қысқа уақыт, небәрі 22 күннің ішінде түсірілгенімен, монтажы өте ұзақ жүрді. Қаржы жетіспей қалды. Десе де фильмнің көрерменге жол тартуына Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қолдау орталығы қолдап, нәтижесінде бүгін алғашқы көрерменімен қауышып отыр. Барлығына алғысымды білдіремін. Әсіресе ұлттық өнеріміздің өркендеуіне ұйытқы болып жүрген министр Аида Балаеваға рахмет айтқым келеді. Рас, бұл фильм бүгінгі кинонарықты жаулаған комедиялар сияқты қыруар көрермен жинамайтын шығар. Алайда осындай жұмыстар соғыс кезіндегі батырлар үшін, әсіресе олардың соғыста болғанын көрсететін, дәлелдейтін кинолардың бірі деп білемін», деді режиссер көрсетілімнен соң жаңа жұмысы туралы толғанып.
Қазақ кинематографиясының қоржынын тағы бір тұшымды туындымен толықтырған «Қара қыздың» көрермені көп болсын дейік ендеше!