Бірнеше жыл бұрын ашылған Жамбыл ЖТ бөлімшесіндегі музейде құнды жәдігерлер топтастырылған екен. Музейдің бір ширегіне соғыс жылдарынан сыр шертетін құндылықтар қойылған. Жалпы алғанда мұндағы жәдігерлердің дені Жамбыл локомотив пайдалану депосындағы заттармен толықтырылған.
Музей ішіндегі жәдігерлер қатарында әйгілі қолбасшы И.Панфиловтың қызы В.Панфилова арнайы табыстаған заттар да баршылық. Кеңес одағының батырына тиесілі құжаттар да осында тұр. Одан өзге де тарихи мұралар жетіп артылады.
Мұндағы жәдігерлердің ішінде неміс танкісінен жұлып алынған айна тұр. Дерекке сенсек, ТЧЕ-31 Жамбыл депосының машинисі В.Захаров сұрапыл соғыс кезіндегі шабуылдардың бірінде ептілік танытып, айнаны неміс танкісінен жұлып алған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, айнаға «Вермахт» белгісі сызылған.
Жау танкісінің айнасын қолға түсірген Валентин Захаров соғыс жылдарында бронотранспортер, яғни танкке қарсы қолданылатын қарулар ротасына командир болған екен. Соғыс кезінде көптеген операцияға қатысқан. Майдан даласынан оралғаннан кейін ол неміс танкісінен алған айнаны жүк қоржынына салып жүрген көрінеді. Кейіннен локомотив депосында музей ашылған кезде арнайы тапсырыпты.
Құнды жәдігерлер ордасына айналған музей меңгерушісі Венера Бөкенованың айтуынша, ғасырлық тарихы бар депоның музейіне 51 жыл толған екен. Ал бөлімшедегі музей жұмысы бірнеше жыл бұрын жандана түскен көрінеді.
«Локомотив депосындағы музей – еліміздегі ең көне мұражайлардың бірі. Мұнда көптеген тарихи жәдігер сақталған», дейді ол.
ТАРАЗ