Қара өлеңнің қағбасы саналған Қарағандыда екі күн бойы өлең-жырдың рухы желпіді. Биыл елімізге белгілі айтулы ақындардан бастап, талантты жас шайырлардың басын қосып, бүгінгі әдебиеттің даму бағытын айқындау һәм талқылау мақсатында қолға алынған республикалық «Қарағанды көктемі» поэзия фестивалі екінші мәрте желкен керді. Алқалы жиынның ашылу салтанаты Қарағандыдағы Достық үйінде өтті. Ауқымды іс-шара облыс және Қарағанды қаласы әкімдіктерінің қолдауымен, Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен дәстүрге айналып келеді. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қатысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді.
Ермек Алпысов Ерлан Қариннің құттықтау хатын ақын, Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филалының төрағасы Жанат Жаңқашұлына арнайы тапсырды. Ол хатта: «Қазақ қашанда сөз өнерін жоғары бағалаған. Біз – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, жыр қадірін жете түсінген елміз. Руханиятымыздың алтын қазығы іспетті жыраулар дәстүрін, сондай-ақ ұлы Абайдан бастау алатын әдебиет алыптарының дара жолын бүгінгі ақындарымыз лайықты жалғастырып келеді. Мәдениетіміздің өресін кеңейтіп, оны барынша дамыту – мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі. Осы орайда шығармашыл зиялы қауым өкілдері ерекше рөл атқарады. Бұл фестиваль ақындардың аға буыны мен жас толқынның арасындағы рухани сабақтастықты сақтауға және төл әдебиетімізді жан-жақты насихаттауға зор үлес қосады деп сенемін», делінген.
Фестивальға Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Оңайгүл Тұржан, Сұраған Рахмет, Қасымхан Бегман, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай, Жанат Әскербекқызы, Маралтай Райымбек, басқа да елге танымал ақындар арнайы келді. Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өз кезегінде:
«Қарағандының ақындарына алғысым шексіз! Екінші жыл қатарынан қаламгерлердің басын қосып отыр. Осындағы филиал директоры, ақын Жанат Жаңқашұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Фестивальда бүгінгі қазақ поэзиясының біршама мәселесі көтеріледі. Мұндай іс-шара ақындарға ауадай қажет. Одақ төрағасы Мереке Құлкеновтің ыстық сәлемін қабыл алыңыздар», деді.
Сонымен қатар Серік Ақсұңқарұлы, Ұлықбек Есдәулет те арнайы сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.
Ашылу рәсімінен кейін қаламгерлер дөңгелек үстелге жайғасты. Дөңгелек үстелді Жанат Жаңқашұлы тізгіндеп, оқырман, жалпы, кітап мәселесі жайында сөз қозғады. Бекітілген спикерлер баяндама жасап, қазіргі қазақ поэзиясындағы түрлі мәселені ортаға салды. Баяндамашылар қатарында қарағандылық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат Қайырбек те бар. Ол кітап сатылымы тақырыбын қозғады.
Сонымен қатар дөңгелек үстел басында Ұлықбек Есдәулет аудармашылар хақында өз пікірін айтты.
«Шығармаларды шет тіліне аудару жолдарын табу әсте қиын емес. Қиындық тудырмайды да. Тек, мәселе мынада. Бізде кәсіби талантты аудармашылар жоқ. Сондай аудармашылар табу қиын», деді ақын.
Бұдан бөлек Светқали Нұржан, Ақберен Елгезек, Дәурен Берікқажы сынды айтары бар ақындар ойын ортаға салып, баспахана мәселесі жайында сөз қозғады.
«Қарағанды көктемі» поэзия фестиваліндегі дөңгелек үстелден соң, арқалы ақындар Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ академиялық драма театрына ат басын тіреді. Ресми бөлімінен соң, Алаштың аяулы ақындары арқаланып өлең оқыды. Қабырғалы қаламгерлердің қасиет қонған Қасымның топырағын сағынып келгендері ерекше сезілді.
Кештің шымылдығын «Қазақтың екінші Әміресі» атанған Сержан Мұсайын Қасымның «Ақсәулем» әнімен ашқанын парасатты поэзияға жасалған құрмет десе де болатындай. Жалпы, фестивальдың лайықты деңгейде өтуіне ұйытқы болған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы әдеби кештің ортасында болып, бірқатар ақынға қала әкімі Мейрам Мұратұлының құттықтау хат табыстады.
Алматыдан арнайы келген Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Қарағандыны «қара өлеңнің өз өлкесі» деп, фестивальдың жоғары деңгейде өтіп жатқанын айта кетіп, өлең оқыды.
Ақын Ұлықбек Есдәулет те сөз алып, Қасым топырағының қасиетін, қазақ поэзиясындағы Қарағандының орнына айрықша тоқталып өтті. Содан соң ақын Светқали Нұржанға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Серік Ақсұңқарұлына, Гүлнар Салықбайға Түрксой-дың «Алтын медалін» тақты.
Поэзия фестивалінің екінші күнінде ақындар Майқұдықтағы кеншілер мұражайына ат басын бұрды. Содан кейін руханият орталығына айналып келе жатқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде жас буын өкілдерінің поэзия кеші дүркіреді. Жас ақындар өлеңдерімен тұғырға қонған классиктердің алдында арқырады. Поэзия кеші басталмас бұрын Ұлытау облысының үкілеген үміті Абзал Мақаш пен ару Алматыдан келген талантты ақын Роза Аспанқызы сахнаға шақырылды. Сахнада кітаптарының тұсауы кесілді. Роза Аспанқызы өзінің алғашқы кітабын «Өзін оятқан адам», ал Абзал Мақаш «Мәжнүн мұнарасы» деп атапты. Бұл кітаптың жарыққа шығуына Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректоры Нұрлан Дулатбеков қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Екі кітап – былтырғы фестивальдің шарапаты. Сол фестивальда қос ақын таңдалған.
Сахнада ақындардың атынан Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі. «Ең ұлы ақын – жас ақын!». Бұл Маралтай Райымбекұлына жазған өлеңім еді. Алғашқы жыр жинақтары дүние есігін ашқан екі жас ақында арман жоқ. Бүкіл елдің назары сендерде. Алаш ақындарының алдында тұрсыңдар. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Қарағандының қашанда жөні мен құрметі біз үшін бөлек. Қазыбектің, Бұқар жыраудың, ер Мәдидің, Қасымның, Әлихан бастаған Алаш элитасының басқан топырағына келіп тұрмыз. Қазақ қаламгерлерінің, оқырмандарының назары Қарағандыда! Келешекте қазақ әдебиетіне үлкен олжа әкелулеріңе тілектеспіз. Жарқыраңдар, жайнаңдар!» деді Ұлықбек Есдәулет.
Ұлықбек Есдәулеттің сөзінен кейін ақындар өлеңнен өзен ағызды. Гүлнар Салықбай өлең оқығанда залдағы көрермен де бірге күбірлеп отырды. Ал Маралтай Райымбекұлы «Ар» өлеңін оқып бастап еді, залдағы жұрт әрі қарай оқи жөнелді. Ақын болса, баладай қуанып, қолындағы микрофонды халық жаққа бұрды. Ақын үшін бұл үлкен бақыт емес пе?
Ақындардан кейін Шыңғыс Сәрсенбаев ән шырқады. Әннен кейін сахнаға кейінгі толқын өкілдері шықты. Алматыдан Бекзат Смадияр, Роза Аспанқызы, Шымкенттен Арайлым Мұратәлиева, Павлодар облысынан Жоламан Әйткен, Түркістаннан Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова, Қарағандының атынан Әділет Шопен, Ерік Нарын, Ералы Ғани мен Нұрдәулет Бақытұлы шықты.
Фестивальдың екінші күні Жеңіс саябағындағы серуенмен түйінделді. Ақындар Қарағанды көктемінің ауасымен тыныстап, әдебиет төңірегінде өрелі әңгіме өрбітті. Өлеңсүйер қауым аяулы ақындарын риясыз қошемет көрсетіп, қимай шығарып салды.
Қарағанды облысы