Бүгінгі қарыштап дамыған, жаһанданған қоғамның бір ұрты май болса, бір ұрты қан екені де рас. Иә, кешегі кезеңмен салыстырғанда өміріміз жақсарды, тұрмысымыз жеңілдеді, Айға да ұшуға мүмкіндік бар. Есесіне, рухани құлдырауға ұшырадық. Бұрынғыдай кітап іздеген, түнді таңға ұрып майшаммен кітап кемірген, бас қосқан дос-құрбылар оқыған шығармасын айтып шуласқан қоғам қазір өзгерген. Бұл кітап оқымау ғадеті қазақ қауымында ғана емес, барша әлемде белең алып отыр. Кітап оқуға толық мүмкіндігі бар адамдардың көркем әдебиетке қызықпауының себебі көп. Ең басты дәуірлік себеп, әрине, «сананы тұрмыс билеуінде» дейміз. Осы ойымыз рас па өзі?
Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөзсіз. Оқитын ұлт қалыптастыру жолында Мемлекет басшысы да бірқатар бастама көтеріп, тікелей назарында ұстап отыр. Биылғы Үшінші Ұлттық құрылтайда барша халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырғаны да есте.
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.
«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, әлемде көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Елімізде де атаулы датаны бекітуге Құрылтай мүшелері бастама көтерген еді. Игі ұсынысты Мемлекет басшысы қолдап, бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажеттігін айтқан болатын. Озық ойлы ұлт қалыптастыруға осындай батыл қадамдар мен жүйелі істер айрықша сеп болар дейміз.
Жуырда ҚазҰЭК кітапханасы ақпараттық жүйесінің жариялаған көрсеткіші бойынша ең белсенді оқырман – жастар екен (51%). Әрине, бұған дау жоқ. Ал 27%-ын профессор мен оқытушылар құрамы, мемлекеттік қызметшілер және түрлі сала мамандары құрайды. Ал ең көп оқылатын әдебиет – салалық әдебиет (философия, медицина, математика, өнер, т.б.) – 69%, көркем әдебиет – 31%. Егер статистикаға сүйенетін болсақ, медицина туралы кітаптарды – 23059, психология жайында – 6918, дін жөнінде – 2305, география хақында 12105 оқырман сұраған. Көркем әдебиет кітапхана оқырмандары арасында да сұранысқа ие. Көркем әдебиетті түрлі жанрға бөліп қарастырсақ, романдар – 33%, детективтер – 19%, тарихи беллетристика – 15%, қиял-ғажайып – 13%, шытырман оқиға – 12%, балалар әдебиеті – 8%.
Электронды кітапхананың (ҚазҰЭК) деректеріне сәйкес осы жылдың бірінші тоқсанында оқырман кітаптарды – 1 331 503, мерзімді басылымдарды – 178 623, авторефераттар мен диссертацияларды – 81 524, аудио-бейне құжаттарды 24 492 рет жүктеп оқыған және сайтқа әлемнің 102 елінен пайдаланушы кірген.
Сонымен еліміздің жастары жылына орташа есеппен 10-12 кітап оқиды екен. Сүйіп оқитын кітаптар қатарында ХХ ғасыр мен қазіргі заманғы балалар жазушыларының шығармалары бар. Жастар арасында жауап берген респонденттердің көпшілігі кітапты көп оқитынын айтады. Мәселен, білім алу үшін – 55%, оқуды міндет ретінде қабылдайтындар – 5%, кітап оқуды ұнататындар – 40%. Тым жақсы да емес, тым жаман да емес нәтиже осындай.
Кітап қай заманда да мәдениеттің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттіліктің белгісі, кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Алайда қоғам ауысып, заман дамыған уақытта оқырманның талғамы да, көзқарасы да өзгереді екен. Бұл сөзімізге бүгінгі халықтың кітап оқушылық деңгейі дәлел. Сонда не өзгерді? Қазіргідей жаһанданған қоғамда құндылықтар ауысты дейміз. Сол жоғалған, бәлки ұмытылған құндылықтардың ішінде, әрине кітап оқу да бар. Оның негізгі себебін ғаламторға балап жүргендерге әсте қосылуға болмас. Керісінше, ғаламтордың кітап оқуға тигізер пайдасы орасан емес пе?! Көркем дүниеге қажеттілік болмаған соң, оқырман өз аяғымен шығармаға келмеген соң, қобыз сарынға салып, «оқымайдылап» ұлардай шулаған біздікі не әуре осы?.. Әлде қоғамның кітап оқуына жағдай жасай алмай отырмыз ба?
Салыстырмалы түрде алып қарасақ, қазір әдеби кітаптардың тұсаукесерінен гөрі мотивациялық, іскерлік, ғұмырбаяндық кітаптардың тұсаукесері жиіледі. Жетістікке жеткен бизнесмен, әнші, биші, продюсерлер осы күні кітап шығаруға құмар-ақ болды. Әрине жалпы кітап нарығында түрлі жанрдағы кітаптардың оқтын-оқтын жариялануы жақсы үрдіс. Дегенмен, нағыз әдебиеттің, классиканың оқырманы бүгінде жеңіл кітаптардың жетегінде кеткені мәселеге айналып отыр.
Мысалы, қоғамда қандай кітаптар өтімді? Қалай бай болуға болады? Қалай бақытты болуға болады? Мықты әйел өзін қалай ұстауы керек? Жақсы өмір сүрудің жолдары қандай? Тағысын тағылар. Яғни адамдар қиындықты кітаптағы дайын ақыл арқылы жеңгісі келеді. Кітаптағы кеңестерді орындап, ақша тапқысы келеді. Тіпті дұрыс өмір сүрудің де, бақытты болудың да сырын біреудің сөзінен, яки өмірбаянынан іздейді. Сонда қазіргі халық (бұл санаттағыларды оқырман деуге болмас) өмірлік қиындықтармен өз бетімен күресе алмайтындай әлсіз болғаны ма? Неге олар осы тақырыптағы кітаптарға мұқтаж? Бір жағынан, қоғамның назарын бірден көркем шығармаға бұратындай әдебиетті насихаттай алмай отырғанымыз тағы бар. Әлде кітап оқылмауының бізге беймәлім басқа себептері де бар ма? Жалпы, кітап оқудың бүгінгі деңгейіне қандай факторлар әсер етіп отыр? Бұл туралы арнайы мамандар да өз ойларын ортаға салды.
Ой. пікір. ұсыныс
Кітап оқыту – тал бесіктен
Жұлдыз ТӨЛЕУ,
психолог
Кез келген адамды бір іске үйретудің алғашқы қадамы бала кезден басталса, сол іс жемісті болмақ. Бүгінгідей гаджеттің заманында кітап оқу, кітап оқытуды әдетке айналдыру, әрине өте қиын. Сол үшін балаға кітап оқыту үшін ең алдымен үйдегі тәрбиеге маңыз беру керек. Адам жастайынан дағдыланған іс-әрекетін үлкейген соң саналы түрде жасайды. Сондықтан ата-аналар қанша жерден уақыт тапшы болса да күніне 15-20 минут қана баласына кітап оқыту керек. Кейінгі уақытта балаларға арналған қазақтілді суретті кітаптар да көп шығып жатыр. Бұл баланың санасына өте пайдалы. Мысалы, ертегіні неге бала ұйықтарда оқиды? Сол ертегідегі қиял-ғажайып оқиғалар түс арқылы балаға сіңіп, фантазиясын дамытады. Яғни ертегі тыңдау, кітап оқу – баланың ойының жылдам, өжет болуына көмектеседі. Тағы бір мысал, кезінде аңыз-әфсаналарда кілеммен ұшатын кейіпкерлер болды. Міне, сол ертегілер адамдардың қиялын ұштап, ұшақ жасап шығарды.
Жүйелі іс – жақсы нәтиже
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD
Қазақстандағы кітапханалардың көбінің жағдайы жақсы емес: кітап қоры аз, жаңа кітаптар жетпейді, кеңес кезіндегі кітаптар қалып қойған, құрылғылары ескі, ішкі безендірілуі нашар, т.б. Біздіңше, Қазақстандағы кітапханалардың бәріне аудит жасалып, соған сәйкес нақты шешімдер қабылдануы керек.
Бүгінде кітапхананың қызметі біршама өзгеріске ұшырады. Ендігі ретте кітапхана кітап сақтайтын қор ғана емес, көп салалы нетуоркиң орталығына айналды. Заманауи кітапханада адамдар өзара пікір алмасып, дем алып, өнер үйреніп, әртүрлі клубтар мен қауымдастықтарға мүше болады. Өкінішке қарай, еліміздегі кітапханалардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан, кітапхана саласына толық реформа қажет. Қазір оқырман тұлғасы өзгерді. Ал «өзгерген» оқырманға қызмет ететін кітапхана өзгерістерге ілесе алмай жатыр.
Біздің ойымызша, еліміздегі кітапханаларды жаңарту ісін мектеп кітапханаларынан бастау керек. Орта білім беру жүйесінде кітапхана педагогикасын дамыту аса зәру міндеттердің бірі болып отыр. Әдетте, көп мектептердің кітапханасы түкпірде болады. Қазіргі ғылым мектеп кітапханасы балалар ең көп жүретін жерде болуы керек дегенді айтады. Себебі баланың кітапқа әуес болып өсуіне ықпал ететін ең негізгі факторлардың бірі – көз алдында кітап тұруы. «Көзден кетсе, көңілден де кетеді».
Сондай-ақ отандық телеарналардан жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыра түсетін бағдарламалар ашу қажет. Мысалы, «Balapan» арнасынан осындай бағдарламаны көрсетуге болады. Мысалы, АҚШ-та 24 сағат бойы кітап туралы материал ұсынатын «BookTV» деген арна бар. Ал әртүрлі кітаптар талданатын «Опра Уинфрей шоуын» (1986-2011) аптасына 50 миллион адам көретін болған. Сондай-ақ «Дауыстап оқу» (Reading Out Loud) бағдарламасына ел президентінен бастап өз саласында аңызға айналған адамдар қатысып, балаларына немесе немерелеріне кітап оқып береді. Оны миллиондаған көрермен тамашалайды. Өркениетті елдердің бәрі дерлік баланы ерте жастан оқырман етіп қалыптастыру үшін кітапты дауыстап оқуды қолға алады. Мысалы, Чехияда «Әр чех балаға кітап оқып береді» (Every Czech Read to Kids), Польшада «Барлық поляк балаға кітап оқиды» (All of Poland Reads to Kids) деген жобалар бар. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес...
Бала кітаппен тыңдау арқылы танысады. Бұл бала мен ата-ана арасындағы байланысты берік етіп қана қоймайды, сонымен қатар баланың бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, тілдік қорын молайтады, есте сақтау қабілетін күшейтіп, қиялдай білу дағдысын дамытады, таным көкжиегін кеңейтіп, бір нәрсеге зейінін қоя білуге үйретеді. Олай болса, балаға дауыстап кітап оқып беруді насихаттайтын бағдарламалар ашып, кемінде 7-8 бүкіл халықтың ықыласына бөленген тұлғаларды шығару керек. Өйткені аксиология ғылымында қоғамдағы құндылықтар жүйесін ұлттық элита қалыптастырады делінеді. Мысалы, ел Президентінен бастап Димаш Құдайбергенге дейінгі ірі қайраткерлер кішкентай балаға кітап оқып берсе, ол акцияны елдегі бүкіл балабақша мен мектеп жалғастырып әкетеді.
АҚШ-тың Конгресс кітапханасының жанынан ашылған «Center for the Book» ұйымын үлгі ретінде алуға болады. Аталған ұйым кітапханаларға қолдау көрсетеді, кітапханашылардың біліктілігін арттырады, халықты кітап оқуға баулу бағытындағы жобаларды қаржыландырады, осы саладағы марапаттарды табыстайды т.б. Елімізде 11 мыңнан астам кітапхана бар. Бірақ солардың бәріне ақпараттық тұрғыдан қолдау көрсететін, мамандардың біліктілігін арттырумен айналысатын, құқықтық, қаржылық, кәсіптік тұрғыдан кеңес беретін құрылым жоқ. Елімізде де осы секілді арнаулы ұйым ашу қажеттігі бар.
Күніне 700-800 оқырман келеді
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ұлттық академиялық кітапхана директоры
Ұлттық академиялық кітапханаға күніне 700-800 оқырман келеді. Бүгінде кітапхана қорында 1 372768 кітап бар. Кітапхана қоры барлық ғылым салаларын қамтиды. Былтырғы жылдың есебі бойынша кітапханаға келушілер саны – 1 209 744, оның ішінде «физикалық» келушілер (оқу залдары, мәдени-ғылыми іс-шаралар, экскурсиялар) мен кітапхананың веб-сайтына және интернет-ресурстарын пайдаланғандар бар. 2023 жылға кітап беру 2 191 213 болса, оның жартысына жуығын қашықтағы пайдаланушылар алып отыр. KazNEB жүйесі халықаралық кітапханалық стандарттарға сәйкес, әлемдік кітапхана каталогтарымен өзара әрекеттесу мен интеграцияны күтумен, сондай-ақ оны Қазақстанның бірыңғай ақпараттық кітапхана желісінің базасы ретінде пайдалану үшін әзірленген. Қазіргі уақытта порталдың ақпараттық мазмұны 73 226 құжатты құрайды. Жыл сайын порталға әлемнің 110 елінен 800 000-ға жуық қолданушы кіреді.
Бүгінгі оқырман кітапхананың заманауи кейпіне мән береді. Жастарға жаңа технология, ыңғайлылық, қолжетімділік, жарық, әдемілік маңызды. Трендтегі кітаптар, аудармалар, бестселлерлер болсын, әлеуметтік желіні пайдаланатын жастар жаңа заман жанрын сұрайды, бірақ классикалық шығармалар әлі де сұраныстан түскен жоқ. Классика сұраныстан түспейді, бірақ қордың жасақталуы кезінде жаңа заманның оқырманының жаңа жанрлар, іскерлік, қаржылық сияқты жаңа тақырыптарға қатысты талабы барынша ескерілуі керек.
Біз оқырмандардың кітапханаға келуіне мүдделіміз. Бір келген адамның қайтып келуі үшін жұмыс істейміз. Оқырман дегенді байлап тастамау керек. Оқырман үйде де оқырман, әуеде де оқырман, олар қай жерде жүрсе де кітапхана қызметін еркін пайдалана алуы керек. Баланың оқитын дүниесін кітапханашы, арнайы маман, ұстаз, ата-ана таңдасып, талғамын қалыптастыруға көмектесуі де шарт. Осы орайда отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бүгінгі кітап нарығы, кітапхана қоры оқырман не сұрайды, барлығын ұсына алуы қажет.
Үлкен қалаларда мультимедиалық мүмкіндік болуы керек. Кітапхана есігін кім ашады, соны кіргізу керек, сол оқырманның қайтып келуіне қызмет көрсету керек. Ата-аналар баланы кітап дүкеніне апармайды, кітапханаға әкелмейді, уақыттарын қимайды, кітапқа отбасылық бюджеттен ақша бөлмейді. Егер осының бәрі реттелсе, кітапхана оқырмансыз болмайтын еді.
Қармақ бар, балық жоқ
Шыңғыс МҰҚАН,
«Мазмұндама» баспасының директоры
«Өкінішке қарай, адамға тамақ ішуден басқасының барлығын үйретуге тура келеді. Мәселен, мектепте бәрімізге әріп танытып, жазуға үйретеді. Бұл балық аулағандағы қармақ сияқты. Қазір адамдардың бәрі оқи алады, сауатты. Яғни қолында қармағы бар, бірақ балық ауламау – сауаты бола тұра кітап, газет-журнал оқымау сияқты дүние. Сондықтан қоғамға кітап оқыту үшін ең алдымен ол қолжетімді болу керек. Кітапханаларда жаңа кітаптар тұруы керек. Әр телеарнада кітапқа арналған бағдарламалар жасалуы керек. Мысалы, біз қаншама кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізіп жатамыз. Соған «Хабар», «Қазақстан» арналары келмейді. Жалпы, барша әлем, оқырмандар телеарналардың рейтингісіне қарап бой түзейді. Кітап оқуды насихаттауда БАҚ-тың рөлі күшті. Сондай-ақ қазір – әлеуметтік желінің заманы. Миллиондаған оқырманы бар жұлдыздар ішкен тамағын емес, оқыған кітабын көбірек салуы керек. Сонда ғана кітап оқу мәдениеті қалыпты дүниеге айналады. Әйтпесе бәріне аян, қазір кітап оқып отырған адамға таңғалатын заман болды. Кітап оқу – кез келген адамның күнделікті тіршілігіне айналса ғана жоғары мәдениетке жете аламыз. Мемлекет басшысы да бұл мәселені оқтын-оқтын көтеріп жүр. Ел басқарудағы барлық тараптан жүйелі жұмыс жүргізілсе, кітап оқуды сәнге айналдыруға болады.
«Мазмұндама» баспасы бес жылдан бері 400-ге жуық кітап шығарды. Оның тең жартысы – шетел әдебиеті. Біз жылына бір кітапты 900 данаға дейін сатамыз. Шыны керек, бұл өте төмен көрсеткіш. Мәселен, Қазақстан кітап палатасының есебі бойынша елімізде жылда шамамен 2500 жаңа кітап тіркеледі. Шыны керек, оның барлығы жаңа емес. Жартысына жуығы ғана қазақша кітаптар. Ал Ресейде 120 мың жаңа кітап тіркеледі. Ресей халқының саны бізден 7 есе көп, бірақ жарық көретін жаңа кітап саны 50 есе көп. Адам санына шақсақ, Ресейге жету үшін біз жылда 12 мыңнан аса жаңа кітап, яғни қазіргіден 5 есеге көп кітап шығаруға тиіспіз. Жалпы, кітап оқылмаған соң кітаптың жазылуы да, шығуы да мәз болмайды.