• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 21 Мамыр, 2024

Көнеге қамқорлық

73 рет
көрсетілді

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіндегі қор жинақтарының ерекшелігін бүгінде Мейрамғали Есмұқа­нов­тан артық білетін адам жоқ десе болады. Мекеменің бас қор сақтаушысы қызметін атқаратын маман мыңдаған жәді­гердің әрбіреуін өз қолымен қаттап, тиісті жағдайда сақ­талуын тұрақты қадағалап отырады.

Бұл музейде өнер мен мәдениет тарландарынан қалған тәбәріктер жи­нақ­талған. Әйгілі перзенттердің қолтаңбасы бар әр затқа шаң тигізбей мұқият сақтау, насихаттау, ғылыми тұрғыдан зерделеу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Музейдегі бас қор сақтаушы осының бар­лығын үйлестіретін дирижер іспетті.

Ертіс-Баян өңіріндегі әдебиет пен өнер саласы тарихының аймаңдай орталығы­на айналған музейдегі қор аса ауқымды, ша­мамен 56 мыңнан аса жәдігер бар. Музей алғаш 1992 жылы ашылғанда об­лыстық Потанин атындағы тарихи-өлке­тану музейі 4 мыңдай жәдігер тап­сырған екен. Олардың саны бүгінде еселеп артып, музей қызметкерлерінің арқасында жұрт­шылыққа кеңінен паш етіліп келеді.

Мейрамғали Есмұқанов осы бай қазы­наның сақталуына жауапты. Мекеме­дегі қызметі сонау 2002 жылдан бастал­ған майталман маман әуелі экскурсовод қызметінен бастағанын айтады.

«Негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. 90-жылдары Павлодар­да Абай атындағы қазақ орта мектебінде ұстаз болып еңбек еттім. Кейін осы музейге жол түсті. Сол тұстағы мекеме директоры Роза Игібаевадан, му­зейдің негізін қаласқан Айтжан Бәдел­хан, Қуандық Қалиев, суретші Қайыр Сүлейменов сияқты ағалардан, әріп­тесім Мағзия Әбеновадан көп дүние­ні үйрендім. Қызмет еткен 22 жылымда экс­курсовод, ғылыми қызмет­кер, бө­лім меңгерушісі, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары міндеттерін атқардым. Музей жұмысы үнемі тарих қойнауына үңіліп, мың сан ұлылардың өмірімен танысуыңме­нен қызықты. Талай мәрте Кереку топыра­ғы тудырған қазақтың танымал ақын-жазу­шыларының, өнер адамдарының үйлерінде болып, мағыналы әңгімелерін ұйып тыңдадық. Олардың әрбір айтқан әңгімесі ғанибетке толы еді ғой, шіркін... Қалижан Бекхожин, Кәукен Кенжетаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Әлкей Марғұлан, Дихан Әбілев, Ләзиза Серғазина және т.б. тұлғалардың ұрпақтарының үйі­нен дәм татып, әкелері жайындағы татымды естеліктерге байып қайттық. Мұзафар Әлімбаев, Ахат Жақсыбаев сияқты жақсылармен жүздестік. Барған жерімізден оларға қатысты жәдігерлерді, ұстаған жеке заттарын алып отырамыз. Есімде ерекше қалғаны, музейдің қазір­гі басшысы Ербол Қайыров екеуміз 2007 жылы Алматыға барып, көптеген танымал адамдардың үйлерінде бол­дық. Сонда музейге деп жинаған затта­рымыздың жалпы салмағы 75 килограм­нан асып кетіп, үлкен екі ала сөм­кемен Павлодарға әрең жеткізіп едік. К.Кен­жетаевтың аққу домбырасын, Қ.Бек­хожиннің, Д.Әбілев пен Қ.Ыдырысовтың қолжазбаларын алдық. Д.Әбілевтің үйін­дегі жеңгей Қажымұқан атамыздың ерні тиген үлкен кәрлен кесені тарту етті», деп әңгімеледі Мейрамғали Қайроллаұлы.

Негізі Бұқар жырау музейі орналас­қан нысан – 1897 жылы салынған тари­хи ғимарат.  ХІХ ғасырдың соңында екінші гильдиядағы көпес Фаттах Рамазанов бұл жерге мешіт салмақшы болып іргетасын құйдырады. Алайда оның жобасы дұрыс болмай, мешітті өзге жерден тұрғызуға ше­шім қабылдаған. Сөйтіп, өзге көпеске сатып жіберген. Кейін оны көпес Зай­цев сатып алып, айшықты оюлармен көмкерілген көрікті ағаш үй тұрғыза­ды. Бірнеше бөлмеден тұратын еңселі нысан облыс орталығындағы тарихи әрі сәулетті ғимараттардың біріне айналды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары онда уездік әскери революциялық комитет орналасыпты. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров осы кеңсеге жиі келген. Ғимарат соғыстан соң мемлекеттік меке­мелерге беріліп келген. Бұл музей­ге майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев, ақын Аманжол Шамкенов және т.б. қаламгерлер ат басын бұрып, өз қолтаңбаларын қалдырған.

«Музейде Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған пластинка, «Молдалар­дың молдасы» атанған дін қайраткері Әбушахман Нұрсейітұлының (Шах­ман молда) 49 кітабы, Жюль Верннің 1906 жылы шыққан «В стране мехов» кіта­бының түпнұсқасы, 1885 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Исто­рия искусств» кітаптары сақ­тау­лы. Музей жұмысына соңғы жылдары ға­лым Әділбек Әміреновтің ара­ласа бас­тауы ұжымға араб қарпіндегі көне қол­жаз­баларды, кітаптарды оқудың мүм­­кіндігін тудырды. Жоғарыдағы кітап­тар­дан бөлек, соңғы бір жыл дересінде араб графикасындағы Абайдың 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағы, Ахмет Бай­­тұр­сынұлының қос кітабы, Қошке Кемең­герұлының «Қазақ тарихынан» кітабы, бірнеше көне журналдар табылды. Ал жуықта музей қызметкерлері Қаныш Сәтбаевтің жазба машинкасын, Жүсіп­бек Аймауытұлы ұстаған Құран кітапты, Иса Байзақовтың домбырасын, әйгілі кен­танушы Қосым Пішенбаев жайлы қол­жазба повесті тапты. Бұлардың құн­ды­лығын тілмен айтып жеткізу мүм­кін емес.

Мейрамғали ағаның айтуынша, соң­ғы жылдары мектеп оқушыларының көне жәдігерлерге деген ынта-ықыластары айрықша байқалады. Бұл музей қыз­меткерлерінің тұрақты жүргізіп келе жатқан іс-шараларының нәтижесі болса керек. Мектептерде жыл бойына тұрақ­ты түрде дәрістер өткізіліп, жазғы уақыт­та музей ауласында оқушылар үшін ұлт­тық дәстүрлерді насихаттайтын киіз үй тігіледі. Мұнда ұлттық аспап­тар мен салт-дәстүр үлгілері паш еті­ліп, балаларға құндылықтарымыз үйре­тіледі. Ал мерекелерде ұлттық салт-дәс­түр мен өнер түрлерінен байқаулар ұйым­дастырылады.

 

Павлодар облысы