• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 22 Мамыр, 2024

Ұрпақтар теориясы: Z буынның зейіні

407 рет
көрсетілді

Бүгінде Z, миллениал, альфа ұрпаққа қатысты ұғымдарды жиі естиміз. Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде? Ұрпақ­тарды бөліп-жарудың қандай қажеттігі бар? Қазақ­стан­дағы және өзге елдердегі Z ұрпақтың ұқсастығы мен айыр­­машылығы неде? Осы сұрақтарға Батыс ғалымдары және зерт­теу орталықтарының еңбектері мен талдауларын негізге ала отырып жауап беріп көрсек.

Ұрпақтар теориясын алғаш рет ғылымда мажар әлеумет­та­нушысы Карл Маннгейм 1928 жылы жарық көрген эссесінде тұжырымдаған. Мангеймнің пікірінше, адамдардың жастық шағы өткен әлеуметтік-тарихи орта қоғамға және келесі ұрпақ қалыптастыру­ға айтарлықтай әсер етеді.

Сондай-ақ ұрпақтарды жік­­­теу теориясын ғалымдар – Уильям Штраус пен Нил Хаудың еңбектерінен табуға болады. Олардың еңбегін академия­лық ортада бір тарап «батыл әрі ерек­ше тұжырым» деп қабылда­са, екіншілері эмпирикалық мәлі­меті аз әрі ұрпақтар арасында­­ғы ерекшелік туралы асыра сіл­теу бар деп сынға алған. Авторлар ұрпақ туралы зерттеулерінде АҚШ тарихына, атап айтқанда XX ғасырдағы оқиғаларға талдау жасайды. Саралай келе, белгілі бір уақыт аралығында өмір сү­ретін және белгілі бір тарихи ке­зеңді көрген адамдардың ортақ құндылықтары қалыптасады деп тұжырымдайды. Осындай топтарға «әлеуметтік ұрпақ» деген атау беріледі. Ғалымдардың айтуынша, мұндай оқиғалар әлеуметтік ұрпақ өкілдерінің мәдениетке, отбасына және басқа да негізгі бағдарларға қатысты көзқарасын қалыптастырады.

Осы тұста еліміздегі Z ұр­па­ғы мен миллениалдарды қа­лай анықтауға болады деген заң­ды сұрақ туындайды. У.Штраус пен Н.Хау еңбектері өткен ғасырда жазылғанын ескерсек, ұрпақ­ты жіктеудің ең оңтайлы әдісі ретін­де америкалық «Pew» зерттеу орталығының тәсілін қарастыру­ға болады. Олар буындар ара­сындағы шекараны белгілеу нүк­тесін шартты деп санайды әрі саяси, экономикалық және әлеу­меттік факторларға назар ауда­руға тырысады. Соған сәйкес, қо­ғамда болған елеулі оқиғалар бір­дей жастағы азаматтардың бо­йында ұқсас мінез-құлық үлгі­лері мен құндылықтар жү­йе­сін қалыптастырады деп тұжы­рымдайды.

«Pew» зерттеушілерінің па­йым­дауынша, миллениалдар – АҚШ тарихындағы нәсілдік және эт­ностық тұрғыдан аса ерекше­лене­тін ұрпақ. Алайда келесі ұрпақ – Z буыны одан да алуан түрлі.

АҚШ-тағы Z ұрпағының бас­тапқы кезеңін анықтайтын басты фактор – технологиялардың қар­қынды қолданысқа енуінің әсерінен пайда болған әлеуметтік, саяси, экономикалық үрдістер. 2007 жылы алғашқы «iPhone» нарыққа шыққан кезде батыстық Z ұрпағының ең үлкені 10 жас­та болған. Олардың жасөспірім шақта ғаламдық желіге қосылатын құрылғылары ұялы телефон, Wi-Fi және жоғары өткізу қабілеті бар байланыс құралы еді.

Қазақстан 90-жылдардың ба­сындағы экономикалық кол­лапс­тан кейін біртіндеп экономикалық өсу деңгейін көрсетті. Елдің саяси жүйесі тұрақты. Еліміздегі әртүрлі санаттағы және көлемдегі оқиғалардың аздығы жастар арасындағы шекара жасауды қиындатады.

АҚШ-та технологиялық «бум» мен әлеуметтік желілер дәуі­рінің басталуы өткен ғасыр­дың соңғы жағына тиесілі бол­ға­нымен, елімізде шамамен XXI ғасырдың алғашқы он­жылдығына тұспа-тұс келеді. Демек, ел тұрғындарының жаңа технологияларды меңгеруі, ин­тернеттің таралуы, өмір сапа­сының жақсаруы осы кезеңге тән. Сон­дықтан дәл осы уақыт ара­лығын миллениалдардан кейінгі Z ұрпағының немесе Google буынының басталуы деп санауға негіз бар.

Ұрпақтарды қалыптастыру­шы кластерлер тарихи оқиғалар­ға тікелей байланысты. Алда­ғы болатын экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыдан маңызды оқиғаларды және ол өскелең ұрпақтың мінез-құлық моделі мен құндылықтар жүйесіне қа­лай әсер ететіндігін болжау қиынға түседі. Дегенмен, бо­лып жатқан үрдістер негізінде белгілі бір тұжырымдамалар жасай аламыз. Мысалы, 2023 жылы Қазақстан қоғамдық даму инс­титуты өткізген «Дәстүрлерді жаң­ғырту: қоғамдағы жаңа мі­нез-құлық нормалары» зертте­уін­де тұрғындарға бірқатар әдет-ғұрып пен дәстүрге қатыс­ты сұрақ қойылады. 2400 респо­ндент қатысқан зерттеу нәтижеле­ріне сәйкес, ұлдардың бірі ата-анасымен бірге тұруы керек және тұңғыш немеренің есімін ата-әжесі қояды деген салттарды қолдау­дың ең төмен деңгейі жастар арасын­да тіркелді. Тағы бір маңызды факт, салттарды қолдау ауыл халқы­ның арасында жоғарырақ екендігі анықталды.

Осы мысал көрсеткендей, ұр­пақтарды жіктеп, зерттеу тек елдің саяси өміріне, экономикасына, білім беру жүйесі, еңбек нары­ғы үшін маңызды емес, мәдени тұрғыдан да өзекті. Егер Z ұрпа­ғының алғашқы өкілдері шама­мен 2005 жылы дүниеге келді деп есептесек, қазіргі жасы 19-да. Демек, олар – қоғамның түр­лі саласына араласып жүрген маңызды әлеуметтік белсенді аза­маттар тобы. Бұл буынға тән тендециялар алдағы 8-10 жыл­да болатын негізгі үрдістерді атауға болады. Google немесе Z буынынан кейінгі ұрпақ атал­ған тәжірибелерді әрі қарай дамы­тады. Сондай-ақ бұл үрдістің жаңа мінез-құлық үлгілері мен құнды­лықтарға әсер ететіні сөзсіз. Әр ұрпақтың ерекшелігін анықтап, түсінудің маңызы да осында.

 

Темірлан ТӨЛЕУ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы