Ауа райы Алматыдағы көшет егу ісіне ерекше қарайласып тұр. Әлсін-әлсін құйып өтетін жаңбыр жаңа отырғызылған жасыл желектерді суаруды айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Оның үстіне биылғы тазалық, көгалдандыру жұмыстары айрықша атаулармен өтіп жатыр. Дегенмен биылғы «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына атсалысуды өздеріне парыз санаған 400 мыңнан аса адамды ерекше алғыс сезіммен атап өтуге болады. Оның ішінде өз әріптестеріміз де бар.
Сонымен биылғы «Алматы – жалғыз, біз – көппіз» деген ұранмен көктем айларында толассыз жалғасын тапқан бастамалар «Қоқыс бике» флешмобымен мәреге жетті. Мұнай өнімдерінен өндірілетін қоқыс, яки ауаның ластануының нышаны іспетті «Әуе патшайымындай» «Қоқыс бике Мұнайбайқызының» бейнесін қала суретшілері жасап, осы арқылы парықсыз тұтынудың салдарына назар аударуға тырысты. Флешмоб тұжырымдамасы бойынша «Қоқыс бикелер» шеруі орталықтағы Арбатта аяқталды. Осылайша, тұрғындары экологиялық мәселені дер кезінде шешудің маңызы туралы ойларын білдіріп, ерекше арт-жобаны қызықтады.
«Біздің қала – біздің мақтанышымыз» науқаны төртінші аптаға ұласқан тұста «Қоқыстан жасалған үздік арт-объект» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталғанын айта кету ләзім. Байқау нәтижесінде студент Әли Жадықовтың «Ластанған сана» жобасы қоқыстан жасалған үздік арт-объект деп танылса (1 млн теңге жүлде), екінші орын мүсінші Қуаныш Мұхамеджановқа бұйырды. Ол ескі ұйымдастыру техникасынан «Қара жылқы және қазақ тазысы» атты робот жасаған (жүлдесі – 500 мың теңге). Үшінші орынды жас сәулетші Даниэль Юсуфовтың «Architecton – Anthropocene» атты жұмысы (жүлдесі – 300 мың теңге) иеленді.
Көшелерді тазарту жұмыстарымен қоса, науқан барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық құндылықты қалыптастыруға бағытталған басқа да бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде майдангерлерге, мүгедектер мен жалғызілікті зейнеткерлерге қолұшын беруді көздеген «Жақыныңа жәрдем бер» бастамасы жүректерге жылылық ұялатты. Сауапты іс арқылы 992 волонтер бақ пен аула аумағын тазалап, қоршаулар, орындық пен баспалдақтарды сырлады, 349 көмекке мұқтаж адамның үйіндегі ағашты кесіп, қоқыс шығарды.
«Қоршауыңды/орындығыңды/сәкіңді боя» акциясы да дер кезінде қолға алынған тірлік болса, оған қатысқысы келген алматылықтарға 4 240 литр бояу және 590 литр еріткіш тегін таратылды.
Сол сияқты «Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті тапсыр – табиғатты сақта» бастамасы 36 қалалық емханада ашылған қабылдау пунктіне 2 815 дана немесе 76 килодан аса пайдалану мерзімі өткен дәрілік препараттарды жинастырып қана қоймай, оны дұрыс кәдеге жарату мен қоршаған ортаға зияны туралы ақпарат беру жұмыстары жүрді.
Ең қызығы, қайта өңдеуге болатын 2 300 кг тұрмыстық қалдықты тұрғындар сыйлық купонына айырбастау арқылы қайталама шикізатты кәдеге жаратуды ынталандыруға бағытталған «Қоқысты тамаққа айырбаста» акциясын жандандырды. Барлығы 11 қабылдау пункті акцияға қатысушыларға 1 867 азық-түлік купонын берді.
Бұған дейін газетімізде жазылғандай, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында биыл 3 мамырда Алматыдағы арбатта техникалық режімде пластикалық бөтелке мен сусыннан алюминий банкаларды қабылдайтын ең алғашқы фандомат орнатылғанын еске сала кетуге болады.
Ал «Таза қасбеттер» акциясы 1 600-ден аса коммерциялық ұйым – ірі сауда-ойын-сауық орталықтары, бизнес-орталықтар, қонақүйлер, базарлар, супермаркеттер, дәріханалар, азық-түлік дүкендерін қамтып қана қоймай, тазартып өтті.
Қысқасы, Алматыда бір айда 30 мыңдай көшет отырғызылса, бұл Нью-Йорктің әйгілі Орталық саябағындағы жасыл желек қорынан да көп, ол саябақта 25 мыңдай ағаш бар екен.
«Таза таулар: қоқыс жинап, түскі асты тегін ал» бастамасымен Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарындағы «Горельник» және «Аюсай» визит орталықтарының аумағынан 600 кило қоқыс шығарылды.
Осы арада «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына қала мектептері мен жоғары оқу орындары да белсене қатысып, «GreenTech», «CleanTech» және «ClimateTech» аталымдары бойынша үздік стартап-жобалар байқауында бақ сынады. Оған қоса 500-ге жуық оқушы «Құстарға ұя сыйлайық» челленджі аясында 1 мыңнан аса ұя жасап, олар мектеп аулаларына, саябақтар мен гүлбақтарға орнатылды.
Комьюнити орталықтарда «Әлеуметтік шеберхана», «ЭкоСорт: таза қала үшін бірге», «Батарея тапсыр, табиғатты сақта», «Өмір ағашы: өз ағашыңды отырғыз» жастар акциялары, «Аквариум», «Таза ойындар», «Мұраны сақтау: ескерткіштерді тазалау», «Мейірімге толы ауыл», «1 қаптама пластик = 1 кило алма», «Жақсылық аулалары: ардагерлер мен мұқтаждарға көмек» сынды сауапты науқандар ұйымдастырылды.
АЛМАТЫ