«Қысқалық – таланттың шыңы» деген ұлы А.Чеховтың пікірін толық қолдайтын ұлттың бірі – жапондар. Оның дәлелі 1986 жылы Жапонияда «Жылаған гүлдер мен қайғырған талдар. Солтүстік Еуропадағы қанды шайқастардың соңғы күлі» деген атаумен орыстың әйгілі романы жарық көрді. Кітап көлемі – небәрі 150-ақ бет.
Пышақтың қырындай ғана болатын жұп-жұқа кітаптың түпнұсқа авторы – Лев Толстой, ал тәржімаланған туынды «Соғыс және бейбітшілік» болатын. Иә, иә, жаңсақ оқыған жоқсыз. Толстойдың әйгілі алып романы бар-жоғы жүз елу беттің айналасына жүйеленген. Ал тақырыбы ше? Одан романтизм тұнған жапон табиғатына тән лириканың лебі есіп тұр.
Аудармашы Мори Тай түпнұсқада «көп нәрсе» артық жазылғандығын алға тартып, шығарманы «аздап» қысқарту туралы батыл шешім қабылдады. Шығармашылық иесі романдағы қанды қырғынды барынша қысқартып, есесіне махаббат желісін жандандырған. Тәржімашының тәптіштеп түсіндіргеніндей, «Солтүстік Еуропа» – Ресей болса, «Қанды шайқас» – Наполеон шапқыншылығы. Ал «Жылаған гүлдер мен қайғырған талдар» оқырманына алдын ала айтулы туындыда қанды шайқас емес, керісінше сыршылдық пен драмалық бояудың қанық болатындығынан хабар береді. Осылайша, орыстың әйгілі романы әп-сәтте жапондық сипат алып шыға келді. Міне, сөйтіп, ХІХ ғасырда Күншығыс халқы алғаш рет «Соғыс және бейбітшілікпен» осылай танысқан болатын.
Жалпы, бұған аса мән беріп, қатты таңырқаудың қажеті де жоқ секілді. Себебі мұндай тәжірибе кез келген ұлттың әдеби аудармасында кездеседі. Алысқа бармай-ақ төл әдебиетіміздің айналасынан іздеп көрсек, Абайға айналып соғарымыз сөзсіз. Қазақтың бас ақынының шығармашылығында да «ықшамдап» аударып, ұлтқа қажетін талғап талдау тәжірибесі мол. Бір ғана Александр Пушкиннен тәржімалаған хакім ізденісі соның айқын айғағы болса керек.