Жаңа құжат халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Маңызды тұсы – Үкімет айқындайтын өңірлерге қоныс аударатын адамдарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер телімдерін конкурстан тыс тәртіппен беру тетігі.
Заң негізінде еліміздің халқы тығыз өңірлерінен жұмыс күші тапшы облыстарға, солтүстікке қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы қарастырылады. Ол үшін банктерде арнайы есепшот ашылып, қаражат аударылады. Олар әрі қарай сол ақшаны пайдаланып, жұмысқа тұрып, өмірін жалғастырады. Оған қоса экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсетіледі.
Ал жер учаскесі құжатқа сәйкес қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқамерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Егер 5 жылдан кейін осы азамат сол мекенде қалуды ұйғарса, шарт ұзақ мерзімге жасалады. Ал бастапқы бес жыл мерзім ішінде ол сол өңірден көшіп кетсе, онда жасалған шарттар тоқтатылады.
Сондай-ақ бізге Иран, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстаннан келіп жатқан этностық қазақтардың төл құжаттарында ұлты көрсетілмейді. Бұл бізге қиындық тудыратын. Жаңа құжатқа сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға тиісті құзырет бекітілді. Осы норма негізінде министрлік арнайы қағиданы әзірлеп жатыр. Яғни қандас мәртебесін беру ережесі қарастырылып жатыр.
Жергілікті атқарушы органдарда қандас мәртебесін беретін арнайы комиссиялар әңгімелесу барысында өтініш берушінің шыққан тегіне қатысты сауалдар жолдау арқылы көз жеткізеді. Комиссия күмәнданған жағдайда арнайы сараптама жасалады. Ол шамамен 45 мың теңгені құрайды. Әрі бұл қаржыны өтініш беруші өз қалтасынан төлейді.
Айта кетерлігі, қандастар арасында ғылыми дәрежесі бар ғалымдар немесе зерттеушілер болуы мүмкін. Оларға Үкімет айқындаған өңірлерде 5 жыл тұру бекітілмейді. Жұмыс барысында өзге аймақтарға бару керек болып жатса, қаражатты қайтару мәселесі қарастырылмайды. Негізі мұндай жағдай көп кездесе бермейді, мәселен, өткен жылы осындай бір ғана азамат қандас мәртебесін алуға келді.
Бұған қоса жесір әйелдердің күйеуі кезінде этностық қазақ болса, азаматтық алу мүмкіндігі көзделген. Олар нормаға сәйкес квотаға тіркеліп, Үкімет қаражатын ала алады.
Асқарбек ЕРТАЕВ,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы