«Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
Құжатқа сәйкес 7 кодекс және 13 заңға өзгерістер енгізілді. Соның ішінде Қазақстанға кіруге тыйым салу, балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақты тұруға және біздің азаматтығымызды алуға рұқсат беруден бас тарту, шетелдіктердің экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екені туралы мәліметтер болса, елге кіруге тыйым салу бойынша нормалар енгізілді. Сонымен бірге ұйымдасқан топтардың көшбасшылары, ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салатын негіздер қатаңдатылды.
«Халықтың көші-қоны туралы» заңға жаңа баптар енгізілді. Оларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Отбасы институтын нығайту мақсатында енді Қазақстанға келуге визаны ресімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға ғана қатысты болып келген еді. Қазақстанды халықаралық еңбек нарығына интеграциялау, қазақстандық эмигранттарды, яғни білікті мамандарды қайтару үшін виза санаттары кеңейтілді. Олар қажетті кәсіптер мен дағдылар тізбесіне қарай беріледі. Сондай-ақ бірнеше визасы бар инвесторларға елде тұрақты тұру үшін жағдайлар кеңейтілді.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту немесе рұқсаттың күшін жою үшін қосымша негіздер әзірленді. Ал қажетті кәсіптер тізбесі негізінде тұрақты тұруға рұқсат алған, бірақ бір жылда 183 күн ішінде мамандығымен жұмыс істемегендердің рұқсаты өз күшін жоятынын да айта кету керек. Бұдан басқа көші-қон, салық және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылғандардың тұрақты тұруға рұқсаттан бас тартатын немесе күшін жоятын мерзімі нақтыланды. Бұл мерзім «жыл ішінде» деп айқындалды. Ел аумағында 183 күннен аз тұратын адамдарға тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою шарттары нақтыланды. Іссапар, оқу, ауру және басқа да нақты себептер болса, шетелдікке тұрақты тұруға берілген рұқсат өз күшін жоймайды.
«Азаматтық туралы» заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері енгізіліп, нақтыланды. Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды.
Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздеп отыр. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Айта кету керек, бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге негізделген. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет. Мысалы, Германияда азаматтық алу үшін үміткерлерге неміс тілін білуге, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға жоғары талаптар қойылады. Канадада тарихты және жергілікті тұрғындардың міндеттерін білу, сондай-ақ провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін білетіндігін растайтын тест тапсыру қажет. Түркияда азаматтық алу кезінде жалпыға ортақ негізде түрік тілін міндетті түрде білу қажет.
Қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілді. Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспорттарын пайдаланған жағдайда біздің еліміздің азаматтығы тоқтатылады. Бұған дейін шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығы тоқтатылатын. Сонымен қатар «Төтенше жағдай туралы» заңға қолданылу мерзіміне қарамастан, төтенше жағдай кезінде жеке басты куәландыратын құжаттардың және өзге де құжаттардың жарамдылығын көздейтін нормалар енгізілді. Сондай-ақ заңнамалық деңгейде интегралды микросхемасы және сәйкестендіру нөмірі бар құжаттар тізбесі босқындарға берілетін «жол жүру құжатымен» толықтырылады.
Аслан АТАЛЫҚОВ,
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы