• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Құрылыс 23 Мамыр, 2024

Заңсыз салынған құрылыстың зардабы

76 рет
көрсетілді

Алматыда заңсыз салынған құрылыстың салдарынан сазды лай көш­кіні жүріп, соңы қайғылы оқиғаға ұласқанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Төпелеген нөсерден кейін Керей-Жәнібек хандар көшесінде асфальт­тың бір бөлігі опырылып, кәріз желілері бітеліп қалған еді.

Тексеру барысында сазды лай көш­кіні тау бөктерінің ойылып, «Мұзтау» шағын ауда­нында салынған заңсыз құ­ры­лыстардың салдарынан бол­ғандығы анықталды. Оның үстіне меншік иесі шаруа қожалығын жүргізу үшін нысаналы жер телімінде рұқсат құжаттары жоқ құрылыс жұмыстарын бас­таған. Ірі құрылыс нысаны сот шешімімен бұзылғанын біле­міз. Дегенмен, дәл осы күндері мегаполисте заңсыз салынған ғимараттар кезегімен сүріліп жатыр.

Мұнан кейін Қала құрылы­сын бақы­лау басқармасына әл-Фараби даң­ғылы, 101 ме­кен­жа­йындағы пент­хаус­қа ір­ге­лес ғимараттарды бұзуға тура кел­ді. Бұл меншік иесі де заң­сыз тұр­ғызылған құрылысты қала­­лық Әділет департаментінің сот орын­даушыларымен бірге ерік­ті түрде бұзуға кіріскен еді. Сол сияқ­ты Қыз Жібек кө­шесі, 25 мекенжайындағы тау­лы ай­мақта заңсыз салын­ған құры­лыс сүрілсе, көлемі 544 шаршы метр болатын нысанды меншік иесі рұқсат беру құжаттамасын­сыз, авторлық және техника­лық қадағалаусыз шаруашы­лық тәсілмен тұр­ғызған.

Заңсыз салынған құрылыс нысандарына байланысты қала әкімі Ерболат Досаев Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесімен бірге жиын өткізді. Өйткені 2022 жылдың маусым айында Алматы әкімдігі 15 градус­тан асатын тау бет­кейлерінде құрылысқа тыйым салып, Қала құрылысы және урбанистика басқармасы жыл басынан бері – 36, 2022 жылы – 89, 2023 жылы 40 нысанға жобалау алдында­ғы құжаттаманы беруден бас тартқан болатын.

Сол сияқты сот шешімімен биыл қоғамдық тамақтандыру нысандарымен қоса, тағы бір дүкен бұзылды. Қала құры­лы­сын бақылау басқармасы Түр­кебаев көшесіндегі 88-үйдің қасындағы ғимаратты жос­пар­дан тыс тексерген кезде ір­ге­лес нысанның рұқсат құ­жат­тарынсыз салынғанын анық­тады. Естеріңізге сала кетейік, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру субъектісіне жоспардан тыс тексеру тағайындау туралы актіні тапсырған кезде ғана ­басталуы мүмкін.

Кей жағдайларда заңсыз­дық­­қа жол берген меншік иелері апел­ляция­лық шағым түсіріп, құры­лысынан айы­рыл­мауға тырысып жата­ды. Алай­да сот шешімі өзгере қой­­майды, есесіне мұндай нысандар сот орын­даушыларының қаты­суымен сүріледі.

Талап қою қызметінің нәти­же­ле­ріне сәйкес, жыл басынан бері қа­лада 28 заңсыз нысан, оның ішінде бизнес-орталық­тар, мейрамханалар, қосалқы ны­сандар мен автосервистер, сондай-ақ «Мечта», «Алма Гарден», «Khan», «Граф» сияқты ірі тұрғынүй кешендері бұзылды. Құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 2023 жылдан бас­тап биыл бірінші тоқсанға дейін сотқа 206 талап-арыз жолданса, оның 106-сы қанағаттандырылып, 28 нысан сүрілді.

Сонымен қатар тау бөкте­рінде заң­сыз құрылыстың 54 фактісі анықтал­ды: Бостандық ауданында – 22, Медеу ­ауданында – 24, Наурызбайда – 8. Бұ­дан өзге 45 факті бойынша сотқа та­лап арыз берілді. Бұл ба­ғыттағы жұ­мыс жалғаса береді. Қала құрылысын бақы­лау басқармасы жыл басынан бе­рі қаланың құрылыс ны­сандарында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзу­шылықтарды жоюға 211 ұйғарым берді. Ал 2023 жылы 1074 тексеру жүргізіліп, 634 нұсқама берілген.

Құзырлы мекеме өткен жылдан бері сотқа құрылыс нормаларын бұз­ғаны үшін 206 талап арыз жібе­ріл­генін мәлімдесе, оның 100-і әлі күнге дейін қара­лып жатыр. Бұдан өзге қала басшысының бастамасымен заңнамаға инспекциялау аясында құрылыс жұ­мысын тоқтата тұру мүмкіндігімен құры­лыс кезінде заң бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге мүмкіндік беретін «жедел ден қою шарасы» жаңа бақылау тетігі енгізіледі.

Қабылданған өзгерістер Алматы қаласының 2040 жыл­ға дейінгі Бас жоспарын­да және егжей-тегжей жос­парлаудың жаңа жобаларында көрі­ніс тапты. Қоғамдық талқылау қоры­тындысы бойынша қала тұр­ғындары мен сарап­шы­лар­дың бірқатар ұсынысы енгізілді. Соның бірі – тау бөктеріндегі 4 270 гектардан астам жерді рекреациялық аймаққа ауыс­тыру. Егер осы ұсыныс енгізілсе бұл жерде құрылысқа тыйым салынады.

Қалалық жоспарлау және урба­нис­тика басқармасының мәліметін­ше, тау бөктеріндегі жерде нысан­дар­ды жобалауға азаматтардың өтініші негі­зін­де сол аймақтағы топырақтың ин­же­нерлік-геологиялық дерегі беріле­ді. 2022 жылы 36 нысанның құрылы­сы­­на, өткен жылы – 89, ал биыл 32 нысан­­ға рұқсат берілмеген.

Биыл 29 наурызда өткен кеңесте қала әкімінің тапсырма­сына сәйкес қалалық жоспар­лау және урбанис­тика, сон­дай-ақ қала құрылысын бақы­­лау басқармаларының және аудан­ әкімдіктерінің мамандары тау бөк­теріндегі аумақтарда өз бе­тін­­ше құрылыс жүргізетіндерге тұрақ­ты мониторинг жүргізуге тиіс. Соны­мен қатар заңнаманы жетілдіру бө­лігінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленетін құрылыс кодексіне қала құрылысын бақылау органдарының өкілеттіктерін күшей­ту жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Бұл жерде жеке тұрғын үйлердің құрылысын тексеруге рұқсат беру туралы айтылып отыр. Өйткені кейбір құрылыс салушылар тау бөктерін­де жеке тұрғын үй құрылысының орны­на көпқабатты үй тұрғызады.

Алматыда құрылыс саласында тәр­тіп орнату мақсатында кешенді жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

 

Алматы