Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр К.Мәсімовтің, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусиннің, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжиннің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кеңесте Премьер-Министр К.Мәсімовтің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы нәтижелері, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру туралы есебі тыңдалды. Осы кезеңде ІЖӨ өсімі 8,3 %-ды құрады.
Кездесу барысында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжин еліміздің Президентін Мәскеуде 14 маусымда болып өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы елдердің Қауіпсіздік Кеңесі хатшыларының Қырғызстандағы ахуалды реттеу туралы төтенше консультациялары жайынан хабардар етті.
Бүгінде ҰҚШҰ Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруда және реттеуде маңызды рөл атқаруға қабілетті барынша ықпалды ұйым болып табылады.
Кездесудің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кеңес аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті қысқаша мәлімдеме жасады:
– Біз алғашқы жартыжылдықтың алдын ала қорытындыларын талқыладық. Біз қаржы жүйесін тұрақтандырып, қарыздарды қайта құрылымдағанымызды қанағаттанарлықпен атап өтемін. Инвестициялар бойынша да, сол секілді банктік жүйе бойынша да қазір Қазақстанға қызығушылық арта түсуде.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биылғы жылы 144 нысан, соның ішінде бірінші жартыжылдықта 72 нысан пайдалануға беріледі. Олардың барлығы екінші жартыжылдықта іске қосылып, жұмыс істей бастайды.
Қазіргі кезде экономиканың өңдеу саласының көлемі артып келе жатқаны қуантады. Бюджеттің кіріс бөлігі толыға түсуде. Инфляция белгіленген шегінде. Жұмыссыздық деңгейі өсіп отырған жоқ, төмендеп келеді.
Бұл экономиканың өсуімен адамдардың әл-ауқаты жақсара түсетінін білдіреді.
Біз талқылаған екінші мәселе, бұл – Қырғызстандағы ахуал. Ол біздің жақын көршіміз. Қазақстан бұл мемлекетте жағдайды тұрақтандыруға әбден мүдделі.
Сорақылықпен қан төгілуге жол берілді. Біз онда қаза болған барлық адамдардың туыстарына көңіл айтамыз.
Қазақстан барлық мүмкін болатын көмекті көрсетеді. Біз өз іс-әрекетімізді, әсіресе көршілес елдермен – Ресеймен және Өзбекстанмен тығыз үйлестіріп отырамыз.
Біздің елдеріміздің Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылары біз қабылдайтын нақты шараларды анықтау үшін Қырғызстандағы ахуалға сараптама жүргізуіне уағдаластық. Бұл жұмысты Қырғызстанның Уақытша үкіметімен бірлесіп жүргіземіз.
Мен халықаралық ұйымдар, өзге елдер тарапынан Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсету мәселесі туралы бастама көтеремін. Дегенмен, көмек көрсеткендер оның межелі мекен-жайға дейін баратынына сенімді болулары тиіс. Бұл ретте бізге өзіміздің іс-әрекеттерімізді үйлестіріп отыру да керек.
Бүгінде ЕҚЫҰ өкілі Ж.Кәрібжанов сонда жұмыс істеуде. Сондай-ақ БҰҰ-ның, Қызыл Крестің және басқа ұйымдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр. Барлығы да осы елдегі жағдайға алаңдаулы. Қырғызстанның Уақытша үкіметі мен қырғыздардың өздері ел ішіндегі жағдайды тұрақтандыратынына үміт артамыз.
Мен қақтығыстарға жол беруші барлық тарапты қаруды жиып қойып, келіссөз үстеліне отырып, барлық қалған мәселені бірлесіп шешуге шақырамын.