• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Digital 24 Мамыр, 2024

«NazarAI» бәрін хабарлап тұрады

127 рет
көрсетілді

«Жасанды интеллект адамзатты өрге шығара ма, жоқ орға жыға ма?» деген тақырып күн тәртібінен түспей тұр. Төрешіміз уақыт дейік. Бірақ жасанды зердені ізгілік жолында жаратып жатқан жастарымыз жаңалықты жатсынбау керектігін барған сайын дәлелдеп келеді. Солардың бірі – 10-сынып оқушысы Смағұл Тұмар ойлап тапқан «NazarAI» қосымшасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа, қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», деп атап өткен еді.

Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болға­нын қалайды. Ол үшін мектептегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет. Осы мақсатта Ақтөбе қаласы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 мектептің 10-сынып оқушысы Тұмар Смағұл жасанды интеллект негізінде зерттеу жұмысын жүргізіп, оқушыға қауіп төнгенде құзырлы органдарға хабарлайтын «NazarAI» қосымшасын ойлап тапты. Оның ерекшелігі қандай дейсіз ғой. Бұл қосымшаның бірнеше қызметі бар. Соның бірі – әр оқушының бей­не­сін танып, мектепке қай уақытта келгенін автоматты түрде ата-анаға да, ұстазына да қатар хабарлама жіберіп отыратыны. Хабарламада оқушының суреті, аты-жөні, келген уақыты көрсетіледі. Яғни ата-ана балам мектепке жетті ме екен деп алаңдамайды, ал мұғалім оқу­шыларын түгендеп әуре болмайды. Демек үш тарапқа да тиімді шешім. Бұны бір деп қойыңыз. Енді қосымшаның екінші қызметіне тоқталайық. «NazarAI» білім алушыға төнген қауіпті анықтайтын қабілетке ие. Яғни лаңкестер тарапынан қорқыту, қыспаққа алу, мәжбүрлі қол көтеру сәттерінде жасанды интеллект бейнедегі адам әрекетінің компьютерлік моделін құрастырады. Осылайша, адам қолының, буындарының бұрыш градустары арқылы есептеулер жүргізіп, оқушыға қатер төнгенін анықтайды. Содан қосымша дереу адам бейнесіне скрин жасап, ақпаратты «Дабыл» атты телеграм каналына жібереді. Онда ішкі істер органдарының арнайы бөлі­мі тіркелген. Бұл каналдың мақса­ты – мектептегі орын алған қауіп­ті мезетінде құзырлы органдар­ға жеткізу. Ескере кететін жайт, әрбір ата-ана өз баласының мектеп­ке барғанын біліп, қауіпсіздігін тексеру үшін алдымен телеграм парақшасынан арнайы сыныптық топ ашуға тиіс.

Жоба жетекшісі Ербол Қуа­нышұлының айтуынша, аталған жоба 2023 жылдан бастап қол­ға алынған. «Оқушыларға бағдар­ла­ма­лау тілін тереңірек үйретіп, өн­діріске қажетті өнім дайындау – менің мұғалім ретіндегі басты ұстанымым. Яғни білім тек теория жүзінде қалып кетпеуі керек. Оқушы оқығанын өнімге айналдырып, түрлі жобаға қатысса, сонда ғана оның информатика пәніне қызығушылығы арта түседі. Ал «NazarAI»-ға тоқталсақ, ол – Тұмардың өз қызығушылығынан туған дүние. Кейін оны дамытып, бір жыл көлемінде дайындап шықтық. Нәтижесінде, оқушымыз облыстық, республикалық ғылыми жобаларға қатысып, «NazarAI»-дың қажеттілігін дәлелдей білді. Қазіргі уақытта барлық мекеме бейнекамерамен қамтылған. Бірақ оларды адамдар бақылап отырады. Біздің жобамыздың ерекшелігі де сол, мұндағы жұмыстың бәрі де адамның қатысуынсыз іске асады. Сәйкесінше, әрбір оқыс қимыл көзден таса қалмайды. Зерттеу нысанымызды әзірше жалпы білім беретін мектептер деп алдық. Бірақ қауіпті сәттер тек білім ошақтарында ғана емес, кез келген мекемеде, тіпті көшеде де болуы мүмкін ғой. Сондықтан бұл қосымшаның аясы өте кең, болашақта түрлі қоғамдық орынға да орнатсақ деген жоспарымыз бар», дейді Е. Қуанышұлы.

Сонымен қатар жоба жетек­шісі қазір робот құрастыруға, сайт жасауға келгенде мектеп оқушы­ла­рының қызығушылығы да, қабілеті де зор екеніне ерекше тоқталды. Мәселен, 6-сыныпта оқып жүріп-ақ 9-сыныптың олимпиадаларына қатысып, топ жарып жүрген небір дарындардың жетістігін тілге тиек етті. Бұның ең негізгі себебі тұ­рақты ғылыми сайыстардың өтіп тұ­ра­тыны, технологиялық құрал­дар­мен жабдықталған мектеп жағ­дайы екенін де информатика пәні­нің мұғалімі астын сызып айтып өтті. Оның талапты шәкірті, жас зерттеуші Тұмар Смағұл жаңа қосым­шаны әлі де зерделеп, жаңа мүм­кін­діктерін қарастыруды жоспарлап отыр.

«Бұл – менің жасанды интеллект негізінде жасаған алғашқы жобам. Неге бұл тақырыпқа тоқталды десеңіздер, соңғы кезде қоғамда оқушылардың қауіпсіздігі, мектеп ішіндегі буллинг мәселесі жиі-жиі көтеріліп жүр. Тіпті кейбір мектепте осындай жағдайлар болған күннің өзінде, жабулы қазан жабулы күйінде қалып кетуі де мүмкін. Демек осы проблеманың қалайда бір шешімі болуы керек. Содан педагогтер мен оқушыларға төтенше жағдай және террористік қауіп төнген жағдайда құзырлы орғандарға хабарлайтын жобаны жасап шығарамын деп бекіндім. Адамның көмегінсіз қатерді шұғыл хабарлау қай жағынан алып қарағанда да өте тиімді. Егер мекемеге бөгде адам кірсе, ол бейнекамерадан «unknown» атымен көрсетіліп, оның бет-бейнесі қызыл жақтауға алынып, іс-әрекеті көрсетіліп тұрады. Ал мектеп базасына тіркелген адам болса, жасыл жақтаумен қоршалып, ол туралы толық ақпарат шығып тұрады. Алдағы уақытта дауыс моделін де жүйеге енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни жәбірленуші «Құтқарыңдар» немесе «Көмектесіңдер» деген сынды сөздерді айтқан жағдайда «NazarAI» шұғыл іске кіріседі.

Жасанды интеллект негізінде, соның ішінде машиналық оқыту әдісімен жасалған бұл жобаның елімізде әзірше баламасы жоқ. Талапты қыз Тұмар болашақта ақпараттық қауіпсіздік бағытында білім алып, білікті ІТ маманы болғысы келетінін, сондай-ақ аталған жобаны дамытып, еліміздегі барлық мекемеге орнатқысы келетінін айтты. Ол өзі ойлап тапқан жобаның ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беретініне бек сенімді. Жаңа жоба лайықты түрде жүзеге асса, адам қауіпсіздігі өздігінен шешім табады деп отыр.