Ақтөбе облысындағы Ақтөбе, Үлкен Борсық, Қарабұтақ, Мәртөк, Темір, Ойыл, Қобда, Орқаш, Байғанин орман қорғау мекемелерінің 500-ден аса қызметкері өздеріне бекітілген аумақтарда экологиялық акция өткізді.
Орманшылар қураған ағаштарды кесіп, өрттен қорғау жолақтарын орнатып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл күні Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандарымен бірге «Жасыл ел» жасағының 60-тан аса мүшесі де «Заречный-3» тұрғынжай аумағында тазалық жұмысын жүргізді.
«Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ директоры Амангелді Алтынбаевтың айтуынша, осы мекеменің 130 қызметкері Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесіне қарасты аумақты тазалады. Бұл – 22 мың гектар аумақ, оны бір күнде ретке келтіру оңай емес. Мекеме қызметкерлері күні бойы тоғай арасынан 60 мың тонна қоқыс шығарды. Әсіресе елді мекендерге жақын тоғайлардың іші лас. «Заречный-1, 2, 3», «Ақжар» елді мекендерінің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарын ағаш арасына тастау әдетін қояр емес. Бұл – шілденің шіліңгір ыстығында орман өртінің тұтануына басты себепші. Адамдарымыз тоғай арасын бүлдірмеу мәдениетін үйренуі керек дейді орманшылар. Өйткені 22 мың гектар тоғай ішін үнемі қадағалап, жұрттың артын жинап отыру оңай емес. Оның үстіне орманшының негізгі міндеті – қоқыс шығару емес, тоғай ішін қураған ағаштардан арылтып, көшет егу және оларды күтіп-баптау, орман өртінен қорғау.
Ақтөбе облысында мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 217,8 мың гектарды құраса, оның ішінде орманмен көмкерілгені – 51,8 мың га. Өңірде орман көлемі өте аз. Қатаң климаттық белдеуде орналасқандықтан, бұл жақта суыққа төзімді ағаштар мен бұталар жақсы өседі. Ал көктемде не күзде егілген жас көшеттер тамыры бекіп кеткенше жақсы күтімді қажет етеді әрі жаз мезгілінде оларды көп суару қажет.
Ақтөбе облысы