• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 24 Мамыр, 2024

Жұмбақ кейіпкер

133 рет
көрсетілді

Жер жаралғалы ғалымдардың есебінше, 3,8 миллиард жыл өтті. Ғасырлардан ғасырларға, замандардан замандарға жалғасқан салқар көштің легі толастамады. Егер жобамен ойлап қарасақ, жер дегеніміз – қабірге толы сандыққа ұқсайды. Ай, жұлдыз, құйрықты жұлдыз, зауза, ғаламшарлар – бәрі-бәрі, әрбір адам көкірегіне «Кімнен?» «Неге?» «Не үшін?» секілді сауал түймелерін қадаған-ды.

Біздің заманымыздан бұрынғы 1,4 миллион жыл бұрын адамдар от жағуды үйренсе, 300 000 жыл бұрын саналы адам пайда болды. Елу мың жыл бұрын адамдар теңізге шығуды бастаса, 35 000 жыл бұрын суретшілік өнер етек алды. Б.з.б. 528 жылы Будда ілімі тараса, Б.з.б. 525 жылы Пифагордың мате­мати­ка­лық мектебі құ­рылды. Б.з.б. 479 жылдары Кон­фуций ілімі өрістеп, 1399 жылы адамзатты өзін тануға шақырған дана бала Сократ көз жұмды. Әр ғасырға Тәңір тағала жоғарғы саналы тұлғаларды нәби етіп жіберді. Олар теңбілкөк табиғат сырын «пенде тіліне аударды». Жарық күнде шам алып жүріп адам іздеді. Бірі бөшкеде күн көріп, бірі надандардың қолымен аяусыз отқа жағылды. Бірінің үстіне түйенің жемтігі төгіліп, бірі «көктегі күнге, жердегі еліне мейірі қанбастан» жарық жалғанмен қош айтысты.

Григориян жыл санауы бо­йынша, 1969 жылы 19 мамыр күні, Хижра жыл санауы бойынша, 1384 жылдың джу­мәдүл әууәл айының 19 жұл­дызында қарапайым еңбек адамының отбасында бір сәби дүниеге келді. Бала ақжарқын, ақжүрек, жайдары болып өсті. Өлеңқұмар өзге балалардай ол да Шахановқа еліктеді. Әкесінің тапсырмасымен Қадыр Мырза Әлінің барша жырын жаттап алғысы келді. Жаздың қысқа түндерінде, күздің жаңбыр төккен кештерінде өмір жайлы, ғалам жайлы ойға батты. Оның бозжігіт шағы қоғамда рухани құндылықтар толыққанды орнықпаған өліара уақытқа тап келді. Бұл кезең талай да­­­рынды жастықтың жасыл бағында көп сейілдетпей ерте есейтті. Алматыға оқуға түсті, үйленді, тұрмыс тауқыметін тартты. Перзентті болды, кө­кірек көзі кеңістікті шолды. Ол өзіне лайықты емес жұмыспен өзін тұншықтырып тастағысы келмеді. Барларда әлдебір жа­қынымен, жастармен пікір алысты. Әлдебір кісіге тесіле қарады, әлдебір жанға қиын тұста қолұшын берді. Жоқ, мәселе мұнда емес. Ол бар бол­ғаны жер бе­тіне дарынды болып туды. Сон­дықтан да болар, өзі келген кең сарайдың құпиясын білмекке талпынды. Ағаштар, қызарған гүл, толған ай – бәрі көбейту кестесіндей күрделі ұғымдар екенін, астарында мың-миллион талшықтар барын түйсігімен сезінді. Ғаламды танымаққа ұмтылған тілек оны өзіне әкелді. Өзін зерттей бастады, Һәр тұғырдан жанын іздеді, жолын іздеді.

Денедегі қуат толқыны дауылды ойлармен есіп те, көшіп те тұрады. Ол күш абстрактілі ой шеңберіне де, философиялық қорапқа да салынбайды. Інжілде әр затқа бір қасиет берілетінін, егер ол зат сол қасиетінен ай­­ныса, ештеңе де болмай қалатынын, құнсызданатынын айтады. Біздің кейіпкерімізге жазу қасиеті берілді. Оның рухы ұсақ-түйек жұмыстарға бейімсіз, тіпті, қабілетсіз еді. Өз әлсіздігін кезі келсе та­за­лығымен, ізденімпаз бол­мысымен жеңіп отырды. Жазусыз, оқусыз өткен күні өзін құмырсқадан әлсіз, жусаннан аласа қауқарсыз пенде сезініп, қам жеді. Оның міндеті жақсы сөздерді желімдеп тізбектеу емес, мәнге ұмтылу, түпкі мәнге қол созу болатын.

«Басыма кеп,

Жылап тұрар үш адам.

Өлмейдi олар,

Мен өлдi деп құсадан.

Шындық үшiн,

Мен кесiлген тiлдеймiн.

Үшiншiсi,

Кiм екенiн бiлмеймiн».

Кейіпкеріміз поэзияны мақсұт тұтты деп ойламаймын. Жоқ! Оның тілегі басқа. Басқа күш, басқа ой. Егер ол мол қуатын тек поэзияға арнаса, онда өзге бір дүмпу болар ма еді?! Алайда ол сыншылыққа, әдебиетшiлікке, ғалымдыққа, мәдениеттанушылыққа (саналы түрде емес) бет бұрды. Жан-жақты ойлады, сан-сала­лы тақырыптарды қаузады. Та­рихтың түп қойнауына сүң­гіп, түркілік қанды қалам ұшымен оятуға тырысты. Даңқы Еу­ропаға дейін жетіп, тұяғының дүбірі төрткүл дүниені тіті­ренткен түп аталарымыздың арманын, аңсарын зерттеді. Жалаң ұлтшылдыққа, жалаң өнер тудырушыларға жаны қасарды, ай қараңғылығында шамсыз жүрген пенделерге таңғалды. Сондықтан да болар, ол бірде: «Әдебиет ауы­лын тарихи философияға тiсi батпайтын, Тәңiрiнiң өзiн көшеде тiрi кездестiре қал­са, тепкiлеп кететiн дiлi дүм­бiлез «дарындар» қаптай бас­тады. Өлең былай тұрсын, прозаның өзiнiң ой жүгiртер алаңы тым тарылып кеттi... Әде­биет тек өткендi жазу емес, белгiлi бiр дәрежеде болашақты болжаудың да құралы екендiгi ұмытылып қала бердi» дейді күңірене. Кейде ашына отырып: «Тарихи оқиғаларға параллель жүргiзу, жеке адам түсiнiгiнiң қатпарларына саяхат жасау, кеңiстiк пен уақытта еркiн қозғалу сынды әлемдiк әдебиеттiң ең соңғы әдiс-тәсiлдерiнен мақұрым қалған қазақ тiл өнерi ендiгi жерде құр жалаң қызыл сөздiлiкке айналып бара жатқандай», деп дабыл қағады. Солайша дүрдараз «өнер иелері» үшін қамығып, қан түкіреді.

2015 жылы қиямет таңындай көлеңкесіз аптап ыстықта біздің кейіпкеріміз, ақын Әмірхан Балқыбектің қабірінде тұрдық, құран бағыштадық. Қабір жолға жақын, маңы жазық қыр­­ға ұласқан. Жол үстінде кө­ліктер зыр қағып өтіп жатты, дарын терең ұйқыда. Ол енді ешкімді құшақтай алмайтын еді, кітап та оқи алмайды, нөпір болып келген біздей жастарды жымия қарсы алып жатпады да. Ең ғажабы, біз оны оқи аламыз, ол біздің жұмбақ кейіпкеріміз.