Саясат • 25 Мамыр, 2024

Қазақстан - Сингапур: Серіктестік дамып келеді

83 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Экватордың бойында жат­қан Сингапур Респуб­ликасы – Астана қаласынан сәл ғана үлкен аралда орналасқан әрі мемлекет, әрі қала. Елдің аумағына негізгісінен бөлек тағы алпыстан астам арал кіреді. Осындай шағын ғана қала-мемлекет бүгінде әлемнің небір алпауыттарымен терезесі тең дәрежеде жан-жақты дамып келеді. Қазақстан мен Сингапур да отыз жылдан бері бірі Орталық, енді бірі Оңтүстік-Шығыс Азия өңірлерінде бір-біріне жетекші сауда және инвестициялық серіктес ретінде біраз жетістікке қол жеткізді.

Қазақстан - Сингапур: Серіктестік дамып келеді

Қазақстанның Сингапур Респуб­ли­касы­мен арадағы диплома­тия­лық қатынасы тәуелсіздіктің елең-алаңында, яғни 1993 жылдың 30 нау­рызында орнады. Алайда еліміздің Сингапурдағы дипломатиялық миссиясы араға он жыл салып барып қана 2003 жылдың қара күзінде ашылды. Сөйтіп, бес жыл жемісті жұмыс істеген дипмиссия 2008 жылы 11 желтоқсанда Қазақстан елшілігі болып қайта құрылды. Міне, содан бері бірі Орталық Азияның, бірі Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінің барысы ретінде серіктестер сенім мен өзара құрметке негізделген берік қарым-қатынас орнатты, стратегиялық әріптестікті нығайтты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Син­гапур – аумағы Астанадай-ақ болса да, эконо­микалық әлеуеті, байлы­ғы жөнінен әлемдегі алдыңғы қатар­лы елдердің бірі. Алты миллионға жетер-жет­пес-ақ тұрғыны бар демесе­ңіз, халықтың тығыздығы жөнінен жер бетінде екінші орында тұр. Ал Халықаралық валюта қоры Синга­пур­дың биылғы ішкі жалпы өнімі 794 миллиард долларды құрағанын растады. Бұл көрсеткіш бойынша Сингапур Республикасы 38-орында.

Арғы тарихына бармай-ақ қоя­йық, бертіндегі тақыр жерден алып қала-мемлекетке айналған жан­кеш­тілігін-ақ айтсақ жеткілікті.

Архипелагтағы азғантай ғана халқы бар елді ХІХ ғасырдың басынан бері жағалап жүр­ген Бри­тан корольдігі ақыры 1867 жылы Сингапурды өзінің отарына айналдырды. Ондағы негізгі мақ­саты – Қытаймен сауда қатынасын жандан­дыру үшін Сингапур аралын порт ретінде пайдалану. Осы жерде сұлтанаттық деңгей­дегі Син­гапурдың кәсіби мемлекет ретін­де қалыптасуына ағылшындар­дың пайдасы тигенін айта кеткен жөн.

Британия келіп, көкөніс шаруа­шылығына дем беріп, кейінірек каучук пен қалайы өндірісін қолға алғаны сол еді, шағын аралдың ортасында ғана отырған ел тұрғындары уақыт өте көбейе бастады. Сәйкесінше қала аумағы да кеңейді. Арал-мемлекетке Британия генерал-губернаторы Бенкулена Стэмфорд Раффлз алғаш аяқ басқан 1819 жылы мұнда небәрі мыңға жуық малайзиялық тұрып келген болса, халық саны 1860 жылы 80 мыңға жетті.

ва

Осылайша, жекенің иелігіндегі сұлтан­дық билікті, одан кейінгі отаршылық­ты да көріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа да ұрынып, құлдырау мен дамуды алма-кезек бастан өткерген ел 1951 жылы Британия империясы құрамындағы өзін-өзі басқаратын мемлекет болып қайта құрылып, оның премьер-министрлігіне Ли Куан Ю сайланды. Өздері ерекше құрмет тұ­тып, айрықша ардақтайтын осы бас­шы елді 50 жылдың ішінде ұш­пақ­қа шығарып, нағыз өндірістік, порт­тық, технологиялық мемлекетке айналдырды. Оның үстіне қазір Сингапур – әлемдегі ең ірі қаржы орталықтарының бірі. Қаржылық ұйым­дардың көптігі жағынан Гонконг­ты басып озып, Лондон мен Нью-Йорктен кейінгі үшінші орынды ұстап тұр.

Кезінде қол еңбегімен, өндірістің қара жұмысымен көтерілген Синга­пур қазір ғылымға ден қойып, әлемге электрон­дық құрылғылары мен химиялық, фармацевти­калық өнімдерін экспорттайды. Біздің елмен арадағы сауда-экономикалық байланысы да жыл сайын артып келеді. Инвестициялық саясат та жолға қойылған.

Жоғары деңгейдегі саяси диалог – екі ел арасындағы тұрақты достық қатынастардың негізі. Осыдан дәл бір жыл бұрын, 2023 жылғы мамырда сол кездегі Сингапур Президенті Халима Якоб Қазақстан мен Орталық Азияға алғашқы сапарын жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездес­кен еді. Бұл – жалпы Сингапур президенттерінің біздің аймаққа жасаған алғашқы тарихи сапары.

Сапардың екі ел үшін маңызы зор болды. Екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге жоғарылатты. Сапар аясында Президент Халима Якобтың қатысуымен Астанада Қазақстан – Сингапур бизнес форумы өтті. Келелі кеңес Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерттегісі келетін көптеген бизнес көшбасшыларын, оның ішінде, сингапурлық компаниялардың басын қосты. Қос елдің кәсіпкерлері мен уәкілетті мемлекеттік орган­дарының 200-ден астам өкілі ынты­мақтастықтың келешегін талқылады. Жиында Халима Якоб Қазақстан Сингапурдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктесі екенін, елдер арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығая түсетінін атап өтті.

«Күшейіп келе жатқан геосая­си сын-қатерлерді ескере отырып, бұл екі елдің экономикасын әрта­рап­­тандыруға ықпал етеді. Осы тұрғыда Син­гапур серіктестікті кеңейтуге әрдайым ашық. Орталық Азияның кін­дік ортасында орна­ласқан Қазақ­стан – өзінің орасан зор ресурсымен мемлекеттер пен компаниялар үшін инвестициялық тартымды ел», деген еді сол кездегі Сингапур президенті.

Сөйтіп, Қазақстан мен Синга­пурдың өкілдері сауда, инвестиция, логистика және мемлекеттік қыз­метшілерді оқыту сала­ларын­дағы ынтымақтастықты нығайтуға бағыт­талған бірқатар екіжақты келісім мен меморандумға, сондай-ақ құны 275 млн доллар болатын ком­мер­­циялық құжатқа қол қойды.

Инвестицияға келетін болсақ, екіжақ­ты инвестициялық ынтымақ­тас­тық айтар­лықтай ілгерілеп келеді. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты азиялық зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Бауыржан Аукен Қазақстан мен Сингапурдың байланыс ауқымы кең, яғни Азия құрлығы үшін де үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

– Сингапурға мемлекеттік сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сенімді саяси диалогке, қарқынды дамып келе жатқан сауда және инвести­ция­лық байланыстарға бағыттал­ған екіжақты ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті екенін жеткізді. Мемлекет басшылары екіжақ­ты келіссөздер өткізді. Үкіметтік органдар арасында бірқатар маңыз­ды меморандумға қол қойылды. Жал­пы, Сингапур мен Қазақстан дип­лома­тиялық қарым-қатынас орнат­қан кезден бастап өзара ынтымақ­тастықты, серіктестікті қарқынды дамытып келеді. Қазақстан мен Сингапур ара­сындағы екіжақты тауар айна­лымының көлемі өткен жыл­дың көрсеткіші бойынша 1,6 млрд доллар­ды құрады. Кейінгі 13 жыл ішін­де Сингапурдан елімізге тіке­лей тартылған шетелдік инвестиция­лар ағыны 1,4 млрд доллар шамасында. Қазіргі таңда аталған екі ел Транс­каспий халықаралық көлік бағы­тын дамытуды, сонымен қатар G4 City сияқты жобаларды жүзеге асыру­ды жалғастырып жатыр. Синга­пур – әлемнің технологиялық-инно­вациялық хабы ретінде Қазақ­стан үшін аса маңызды мемлекет. Инно­вациялық технология, логистика сала­ларында дамыған мемлекет болған­дықтан, бұл елмен байланыс Қазақ­стан үшін тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Б.Аукен.

Жоғарыда аталған жобалар ішін­де G4 City жобасының жөні бөлек. Бүгінде сингапур­лық «Surbana Jurong» компаниясы­мен бірлесіп «Алатау» (G4 City) инте­грация­ланған қаласын салу жобасы сәтті жал­ға­сып келеді. Жаңа қалада шамамен 2,2 млн адам тұра­ды деп болжанады. Алматы облы­­сындағы «Алатау» (G4 City) инте­­гра­цияланған қаласын дамыту тұжырым­дамасына сәйкес жоба төрт тақырыптық ауданнан тұра­тын болады: «Gate District» – іскер­­лік және қаржы орталығы; «Golden District» – білім беру және ме­ди­циналық хаб; «Growing District» – инновациялық-индус­триялық және сауда-логистикалық аймақ­тар; «Green District» – туристік кластер.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Транс­каспий халық­аралық көлік марш­рутының логисти­калық дәлізін дамыту және Оңтүстік-Шығыс Азиямен өзара көлік байланысын жақсарту жөніндегі жұмыстар да белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар «PSA International» және оның еншілес компаниясы «Global DTC» сияқты компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылады.

Жалпы, Қазақстан мен Синга­пур арасын­дағы көлік, сауда-эко­номи­калық және инвестициялық ынтымақ­тастық­тың маңызы зор. Тарап­тар эконо­микалық ынтымақ­тас­тық жоба­лары мен өзара тиімді ынтымақ­тас­тық бағдарламаларын ілгері­лету мәсе­лелерін талқылауды жалғасты­­рып келеді. Сонымен қатар еліміз­дің тран­зиттік әлеуе­тін кеңейтуге және өңдеу өнеркә­сі­бі, ақпарат­тық-коммуникациялық тех­нология­лар, құрылыс және қар­жы салаларындағы қазақстандық-сингапурлық кәсіп­орындардың жобаларын дамытуға айрықша назар аударылады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Президент Тарман Шанмуга­рат­нам­ның шақыруымен Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен баруы – екі ел арасындағы қарым-қатынасының жан-жақты дамып келе жатқанына айқын дәлел. Мұны сарапшылар да атап өтіп жатыр.

Сапар барысында Сингапурда екі елге ортақ үлкен бизнес-форум өткізу жоспар­ланған. Форум бағдар­ламасының аясын­да екі тараптың кәсіпкерлері бірқатар келісім­шарт­қа қол қояды. Бұл құжаттар екі ел арасын­дағы сауда-саттық көлемін арттырып, эко­но­микалық байланыс­тарды одан әрі нығайта түседі.

Қысқасы, Қазақстан үшін Синга­пур Оңтүстік – Шығыс Азия нарығына жол ашатын, ал Сингапур үшін Қазақстан – Орталық Азия нарығына алып баратын бір-біріне тиім­ді елдер. Сондықтан да бұл кездесу тек екі мемлекет арасында ғана емес, жалпы екі ай­мақ арасындағы қарым-қатынасты, ын­ты­­мақ­­тастықты одан әрі дамытпақ, оның ауқы­­мын кеңей­туі­не үлкен бір серпін бермек.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақ­станда сингапурлық капиталмен жұмыс істеп отырған 144 компания мен оның филиал­дары мен өкілдіктері бар екен. Сарап­шылардың айтуынша, Мемлекет басшысының бұл жолғы сапары­ның нәтижесінде бұл көрсеткіш көтеріліп, инвестициялық капитал көлемі арта түспек.