«Sarqan» маркілі сапалы өсімдік майы жетісулықтардың ғана емес, шетелдіктердің де көңілінен шығып отыр. «Сарқан Май» кәсіпорнының ашылғанына көп болмаса да, тұтынушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде өнімдері Қытай мен Өзбекстанға да экспортталады.
Соя мен күнбағыс майын, сондай-ақ күнжара шығаратын кәсіпорын осы бағытта жүйелі жұмыс істеп келеді. Күнбағыстың майын тазарту және құю желісі биыл наурыз айының соңында іске қосылыпты. Шынында, өсімдік майын өндірудің шикізат өңдеуден бастап оралған дайын өнімге дейінгі тұтас циклін жолға қойған мұндай кәсіпорынды өңірден таппайсыз. Сол үшін кәсіпорын нарықта бәсекеге қабілетті болып отыр. Зауыт басшылығы алдағы уақытта сұраныс арта берсе, жаңа өнімдер шығаруға бейіл екенін жеткізді.
«Біз қазан айында күнбағыс өңдеумен айналыстық. Бұған дейін соямен жұмыс істегенбіз. Наурыз айының соңынан бастап дайын өнімдерді, яғни жоғары сортты тазартылған күнбағыс майын шығара бастадық. Өңдеуге кіріскелі бері шамамен 80 тонна өнім өндірілді. «Сарқан Май» зауытында шикізатты қайта өңдеп, өсімдік майын шығарамыз, ал Талдықорғандағы екінші «Жетісу май» зауытында май қажетті тазарту сатыларынан өтеді, содан кейін өзіміз өндіретін 2 және 5 литрлік бөтелкелерге құямыз. Дайын өнімді әзірше Сарқан қаласында сатып жатырмыз, сондай-ақ Сарыөзек, Шеңгелді ауылдары мен Үшарал, Текелі қалаларына да жөнелтеміз. Біздің «Sarqan» күнбағыс майын «Фудмарт» дүкендерінен табуға болады», дейді «Сарқан Май» ЖШС зауытының директоры Дастан Тұраров.
Айтуынша, қазір өңірдегі «Тоймарт», «Светофор» секілді ірі сауда желілерінің дүкендерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Майды тікелей зауыттан да сатып алуға болады. Қазір көтерме бағада 5 литрлік майдың құны – 2600 теңге, бөлшек саудада – 2750 теңге. Шикізат отандық болғандықтан құны төмен. Сондай-ақ өнім цистернамен де, бөтелкедегі дайын түрде де экспортқа шығады. Жаңа өнім «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-да сертификаттаудан өткен.
«Қазіргі заманғы технологияларды қолданудың арқасында біздің майымыз премиум сапасына ие. Жалпы, май тазартудан өтуі керек, оның қоспалардан, сапасы мен қасиеттерін төмендететін ілеспе заттардан тазартылуы өте маңызды. Май өндіру үшін шикізатты негізінен Сарқан ауданындағы жергілікті шаруашылықтардан, Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы серіктестерімізден сатып аламыз. Шикізат жетіспей жатса, тіпті Ресейден де аламыз. Бұдан кейінгі даму жоспарлары туралы айтсам, зауыт толық қуатына жету үшін бірқатар проблемалық мәселені шешуіміз керек», дейді «PCD Group» ЖШС атқарушы директоры Сатыбалды Шалқаров.
Талдықорғандағы зауытқа газ жеткізуге жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп, жұмысты біршама жеделдетіпті.
«Енді рафинадтау үшін жақын жерден жеткілікті мөлшерде су қажет екен. Өкінішке қарай, оны әзірге тасымалдауға тура келіп отыр. Ұңғыманы бұрғыласақ па деп едік, бірақ оған да қаражат қажет. Осыған байланысты жеңілдікті кредит немесе грант алуға, әсіресе шикізат сатып алу кезінде мемлекеттің қолдауына жүгінсек дейміз. Кадр мәселесі де өзекті. Кәсіпорынға тамақ өнеркәсібінің инженер-технологтері қажет. Екі зауытта 80-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, орташа жалақы –150 мың теңге», дейді зауыт басшысы.
2019 жылдан бастап Сарқан ауданы мен Талдықорған қаласында екі зауытты іске қосу үшін «PCD Group» ЖШС инвестор компаниясы 4 млрд теңгеге жуық жеке қаражат құйды. Қытайдан құрал-жабдық әкеліп, жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Бүгінде майлы дәндерді өңдейтін кәсіпорынның өндірістік қуаты 100 тонна және тәулігіне 30-40 тонна май тазартуға қауқарлы.
Кәсіпорын Азияға да жол ашпақ ниетте. Қазір Ауғанстанмен келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта сол жаққа өнім жеткізуді жолға қоймақ. Сол үшін жақында іскерлік сапарға шығып, өзара келісімге келуге бекініп отыр.
«Егер шикізат пен қажетті мемлекеттік қолдау болса, жоспарланған өндірістік қуатымызға шығып қана қоймай, одан әрі дами түсеміз. Болашақта «алқаптан тұтынушыға дейін» қағидаты бойынша берік тізбек құрғымыз келеді. Ең алдымен, жергілікті фермерлерден күнбағыстың барлық қажетті көлемін сатып алып, олардың өнімін өткізу мәселесін шешуге көмектессем деймін. Содан кейінгі мақсатым – шикізатты өңдеп, сапалы отандық өнім шығару, халықты қолжетімді бағада отандық өніммен қамту, экспорт көлемін ұлғайту», дейді С.Шалқаров.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл Жетісуда майлы дақыл алқабы 90 мың гектарға дейін артады. Оның ішінде 14 мың гектарға жуығы күнбағыс шаруашылығына тиесілі. Осы көлемнің 7 880 гектардан астамы Сарқан ауданында өсіріледі. Бұл «Сарқан Май» зауыты үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.
Жетісу облысы